...Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да Абай біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы – Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Абай Ахмет Ризада үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. ...
Абай оқуға кіргеннен соң тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындарының талай ғазелдерін ұзыннан-ұзаққа жаттап жүрген. Бала күнінде жаттаған кей өлеңдері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытында Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ бас-аяғы үш аймен орысша оқуы мен мұсылманша оқуы да доғарылады. Әкесі оны ел билеу ісіне баули бастайды. Барлық балаларына қатал болған Құнанбай Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген. 13 жасында Абай әкесі берген бағытпен ел сөзіне кіріседі. Ең алғашқы жылдарында әкесінің «барып-келінде» жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, ұсақ істер туралы келісім жасауға да ерік береді.
...Бір күні ел ортасының үлкен жиынында Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта Абай әлденеше оқталып, бір нәрсе айтқысы келіп, киліге беріпті. Сонда Құнанбай «тек отыр!» деп тоқтатып тастайды. Жиыннан қайтып келе жатқанда, әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденеңдегені үшін наразылық айтады. Таласқан кінәсін Абай мойнына алады. Содан кейін Құнанбай: «Кезі келген жерде айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын: ең әуелі – жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші – көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың», – депті.
Осыған Абай: «Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге – қазақ ескі бір заманда қой сияқты болған, бір қора қойды жалғыз қойшы «айт!» десе өргізіп, «шайт!» десе жусататын заман еді. Одан бері келе ел түйе сияқты болды. Бір шетіне тас тастап «шөк!» деп дыбыстаған уақытыңда аңырып тұрып барып, бетін бұратын болды. Енді біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білім бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын», – депті.
Негізі, Абайдың үш әйелі болған. Олар: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Ділдадан тараған балалары: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия және екі қызы: Күлбадан, Райхан. Абайдың бәйбішесі – Ділда Жүсіпқызы, Алшынбай Тіленшіұлының ұрпағы. Абайдың Ділдаға үйленген кезі 1860 жылдар. Ділда жай сөйлейтін, өте сабырлы, түсі аққұба, қыр мұрынды, көзі үлкен, сұлу, өңді болған. Үйінде жұмыс істеп жүрген адамдарды ренжітпейтін, өте бауырмал болған. Екінші әйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кенже. Абай жеті ұл, үш қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
Абай 1870 жылы Михаэлиспен танысады. Ал 1880 жылдары Долгополов, Леонтьев, Гросс секілді демократтармен танысып, орыс пен Батыс Еуропа мәдениетінің тарихын оқиды. Ол 40 жасынан бастап әдебиетке ден қояды. Алайда ел іші оны өз еркіне жібермей, еріксіз ру тартысының таласына кіріктіріп отырды. Оған әртүрлі жала жауып істі етті. Оны астыртын көрсетіп отырған бұзық рубасылары, сатымсақ болыстар еді. Ақын тіршілігінің ең ауыр қорытындысы 1897 жылдарда айқын көрініс тапқан. Ақын енді жылдан жыл өткен сайын өмірден қажып, шөге береді. Осы жылдарда өлімді де ойлай бастайды. Өзі кешірген ерекше дертті, өмірдің барлық қайғысын, өкінішін еске ала отырып, қазақ әдебиетінде мәңгілік ұмытылмайтын «Өлсем орным қара жерді» жазады.
Ақын өмірінің соңғы жылдарында көп өлең жазбай кетеді. 1903 жылдан бастап, біржолата өлең жазылмай қалады. 1903 жыл мен 1904 жылдың қысында Абайдың тірі қалған балаларының ішіндегі ең жақсы көретіні – Мағауия көптен әлсіретіп жүрген құрт аурудан төсек тартып, жатып қалады. Мағауия әке ұғымынша да және өз ортасының бағалауынша да, Абайдың барлық баласының ең жақсысы, ең ірісі деп саналған. Бұл ақындығының үстіне ерекше мінезді кісі болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала алмаса да, әкесінің үнемі өз қасында ұстап, шын жақсылап тәрбиелеп шығардым деген баласы осы болатын. Елде отырып Еуропа тәрбиесін алған адамдардай ақыл, мінез адамшылығы түгелімен мәдениетті кісінің халінде болған. Бұ да әкесі сияқтанып, қырда отырып, көп оқып, өзінен-өзі қарастырумен көп білім алған адам еді. Ол жұмсақ мінезді болып, ел көпшілігіне аса сүйікті болған. Ол 1904 жылы жазғытұрым қайтыс болады.
Абайдың өзі өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша, ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналған. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң, Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, еш нәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын ешкімге көрсетпейді. Сонымен, Мағауияның өлімінен кейін қырық күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы алпыс жасында дүниеден озған. Оның сүйегі Жидебайдағы өз қыстауының жанына қойылады.
(Мақала ықшамдалып алынды)
Мұхтар ӘУЕЗОВ, жазушы, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты: Абайды білмек парыз ойлы жасқа
Читайте также
Шоқан шындығы неде?
«Артық туған Абылай...»
Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы
Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Жер жүзіне палуандықпен атын жайған... қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?
Сарқыты сарқылмайтын аға
Последние статьи автора