«Ұлт ұстазы» атанған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, фольклоршы, түркітанушы, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлын Мұхтар Әуезов: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп жоғары бағаласа, Смағұл Сәдуақасов: «Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауымызға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, оқу құралдарын жазған, бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам» деп мойындаған. Алаш арыстары осылай ардақтаған аяулы тұлғаның өмір жолы мен еліне сіңірген өлшеусіз еңбегінен бүгінгі ұрпақ қаншалықты хабардар? Ұлтын сүйген ұлы жүректің тарихи істері мен идеяларының өміршеңдігі неде?.. Енді осы сауал төңірегінде сыр тарқатып көрелік.
Ұлтты ояту жолындағы күрес
Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрес жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер болады. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі де – Ахмет Байтұрсынұлы. Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы Виттенің атына жазылған бұл петицияда: «Қазақ даласын отарлау саясаты тоқтатылып, қазақ жері өзіне қайтарылсын; Дала губернаторының қазақты ешқандай сотсыз айдатып жіберуі тоқтатылсын; Қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға цензура болмасын; Қазақ халқының мүддесін қорғау үшін Ресей патшасы қазақтан Думаға депутат сайлауға рұқсат берсін» деген сияқты талап-тілектер көрініс табады. Қарқаралы петициясы Петербургке жөнелтілген соң бір жарым айдан кейін Мемлекеттік Думаға өзге ұлттармен бірге қазақтардың да сайлануына рұқсат беріледі. 1905 жылғы Заң бойынша Қазақстан және Орталық Азия территориясына Думадан 21 орын бөлінеді. Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, қазақ депутаттар Мемлекеттік Дума мінбесінен қазақ мүддесін қорғаумен болды. Тіпті соған байланысты орыс депутаттар «немене, Мемлекеттік Думада қазақтың жерінен басқа мәселе құрып қалып па?» деп шамданған да жағдайлар кездескен.
Қазақтардың саяси белсенділігінің бұлайша арта түсуі патша өкіметіне, әрине, ұнамайды. Сөйтіп, петиция авторларын қудалау, соттау, жер аудару күшейе түседі. Ақырында Ахметті Қарқаралы екі кластық училищесінің меңгерушісі қызметінен алады. Онымен қоймай, 1907 жылы «училищеде бір орыс баласы жоқ, ұлтшыл, патшаға қарсы үгіт жүргізген» деген айыппен абақтыға қамайды. Осыдан бастап Ахмет үнемі жандармдық бақылауда болады. Бірақ соның өзінде де бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазған Ахмет «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын шығарады. Қазақ қоғамына рухани тәрбие беруде рөлі өлшеусіз бұл кітапшаларды ақынның өз замандастары да кезінде жоғары бағалаған.
Сол тұста Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан Орынбор қаласына келген Ахаңның өміріндегі ең күрделі де қажырлы кезеңдер басталады. «Алашорда» фильмінің сценарий авторы Болат Мүрсәлім бұл жайтты әңгімелей отырып: «Әр істе өнерлі Еуропа жұртының ісіне бір мезет зер сала қарайтын Ахаң мен Міржақып «ұлтты саяси күреске оятудың бірден-бір құралы – газет шығару» деп білді. Және 1913 жылдан Орынборда «Қазақ» газетін шығара бастады. Ал газеттің бас эмблемасындағы Киіз үй түңлігінің Еуропа жағынан ашылуын «қазақ даласына өнер-білім Еуропадан түскен сәуледен тарасын» дегеніміз деп түсіндірді», – деген пікір айтады. Сол «Қазақ» газеті қазақ даласынан асып, Петербург, Варшава, Ташкент, Шәуешекке дейінгі аралықта 8 мыңға жуық данамен таралып тұрған. Ахаң 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетіне редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтеріп, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.
Ахметтің афоризмдері
Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.
***
Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.
***
Араб әрпі Ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды.
***
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек
***
Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
***
... Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек.
Алаш азаттығы үшін арпалыс
Алаш қозғалысы тұсында соны өріс іздеген Ахаң ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының сапынан табылады. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қазақ зиялылары Қазақ автономиясын құруға қам жасап, І жалпықазақ съезін шақырады. Съезд шешімімен «Алаш» ұлттық-саяси партиясы құрылады. Ахаңның басшылығымен «Алаш» партиясының бағдарламасы даярланып, қабылданады. Алашорда үкіметі құрамын бекіткен ІІ жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Ахмет Байтұрсынұлын бекітеді. 1919 жылдың наурызына дейін Алашорда үкіметі Торғай бөлімінің мүшесі болған Ахаң Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге, кеңес үкіметімен келіссөзге де барады. Соның нәтижесінде кеңес үкіметі алашордашыларға кешірім жариялайды. Ал шілде айында А.Байтұрсынұлы РКФСР Халық Комиссарлар кеңесі мен Қазақ әскери-революция комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. 1920 жылы В.И. Ленинге кеңес үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдайды. Сондай-ақ Ахаң Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне жанын сала араласады. Оның Бүкілресейлік ОАК-нің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы жазған саяси наразылығы аталған облысты Қазақстан құрамында қалдыруға негіз болды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдар аралығында Қазақ АКСР халық ағарту комиссары қызметін атқарады. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922-1925 жылдар аралығында Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы қызметтерін атқарып, жаңа заман үшін жанын сала тер төгеді.
Мемлекеттік жауапты қызметтерді атқара жүріп те Ахаң өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан қол үзбеген. Өйткені жас кезінен білімге ден қойған Алаш арысының алға қойған мақсаты – қазағының көзін ашу еді. Сол себепті де ол алдымен төл әліпбиімізді жасап, оқулықтар құрастырды. 1912 жылы ана тіліміздегі тұңғыш әліппеміз «Оқу құралын» жазды. Ұлтымыздың талай ұланының сауатын ашқан бұл оқулықтың 1925 жылға дейін бірнеше мәрте басылып шыққаны белгілі. Одан кейін қазақ тілінің «Тіл – құрал» атты тұңғыш оқулығы жазылды. Тіл білімі, әдебиеттану терминдерін тұңғыш қалыптастырған да – Ахаң. Бұл ретте, тілтанушы ғалымдар «Қазақ терминологиясының атасы» ретінде оған сөзсіз бас иеді. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы, ағартушы, публицист, саяси қайраткер ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі 1923 жылы Ташкент, Орынбор қалаларында салтанатты түрде атап өтілген 50 жылдығында баса айтылып, С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сынды замандастары Ахаңның қазақ халқына, еліне сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, тілші-ғалым:
Терминдерді жасау Ахаңнан бастау алған
Ахмет Байтұрсынұлы терминдердің орыс тіліндегі қасиеттерін жақсы білумен бірге қазақ тілінің өз байлығын ұтымды пайдалана отырып, сәтті терминдер жасаған. Ғалым еңбектерінен қимыл атау формасымен келетін аңдау, ауыстыру, әсірелеу, әсерлеу, байымдау, бернелеу, бүкпелеу, дамыту, кейіптеу, көріктеу, меңзеу, теңеу, түйдектеу, үдету сияқты әдебиеттану терминдері мен демеу, жалғау, үстеу, шылау тәрізді тіл білімі терминдерін көптеп кездестіруге болады. Заттық ұғым мен процестік ұғымды ұштастырып тұратын мұндай терминдерді жасау Ахаңнан бастау алып, бүгінгі қазақ терминологиясындағы термин жасаудың өнімді бір үлгісіне айналғанын аңғарамыз. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, өзі өмір сүрген дәуірде қазақ халқының «рухани көсемі» атанған дара тұлғаның термин шығармашылығындағы ісі өзгелерге де өнеге бола отырып, ғасыр басындағы бүкіл термин жасау процесінің бағытын белгілеуге негіз болды десек, артық айтқандық болмайды. Мәселен, Ахаң «Тіл құралындағы» сызықша, көсемше, есімше сияқты терминдерді -ша, -ше жұрнақтары арқылы жасаса, «Есептану» құралын жазған Сұлтанбек Қожанов скобка дегенді «жақша» деп атап, Жұмабай Күдерин «Өсімдіктану» құралында сабақша, тұқымша, қайықша, тостағанша деп жазса, Елдес Омаровтың «Пішіндеме» құралында текше, тікше, қиықша деген терминдер бар.
Ахаңның аудармашылығы – терең зерттеуді қажет ететін дүние. Ол «Қырық мысалды» дәл сол қалпында сөзбе-сөз емес, қазақы ұлттық таным-түсінікке сәйкестендіріп аударған. Аударма басқа ұлт өкілінің шығармасы емес, қазақтың миы арқылы қорытылып барып, қазақтың қолынан шыққан дүние сияқты әсер қалдырады. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы біраз зерделенді. Әлі де жан-жақты зерттелуде. Байтұрсынұлы ең алдымен – тілші-ғалым, тіл маманы. Екіншіден, әдебиеттану теориясын жасаған, әдебиеттану оқулығын жазған ғалым. Ол – үлкен публицист. Аудармашылық, жазушылық, ақындық қырлары тағы бар. Менің айтарым, Ахаңның әр саладағы еңбектерін тікелей сол салада қызмет ететін ғалымдар зерттесе, әлдеқайда нәтижелі болар еді.
«Тән көмілер, көмілмес ертеңгі ісім...»
Өзінің қандай жағдайда жүргеніне қарамастан, «Жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деп қараған «адамдық диханшысы» 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ береді. 1928 жылы Алматыда ҚазПИ-дің ашылуына байланысты ректордың шақыртуымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысады.
Содан көп ұзамай Голощекиннің тікелей нұсқауымен 1929 жылы 2 маусымда Алаштың 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқындалып, сол жылдың соңына қарай Мәскеудегі Бутырка абақтысына ауыстырылады. 1930 жылы 4 сәуірде ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгертіледі: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада «үш жылға Архангельскіге жер аударылсын» деп ұйғарылады.
Ахаңның 1929 жылы тұтқындалуы туралы жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың ҰҚК-нің мұрағат деректерін сөйлеткен тарихи әфсанасына сүйенсек, Ахаңды ажал тырнағына байлап берген – өз қандастарымыз, кеңестік биліктің жандайшаптары. 1929 жылдың 19 сәуірінде «Советская степь» газетінде Ораз Исаев пен Ізмұхан Құрамысовтың ұйымдастыруымен Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин, Хамза Жүсіпбеков, Садықбек Сапарбеков, Ораз Жандосовтардың «Жазушы қазақтардың шығармашылығы туралы» деген ашық хаты жарияланады. Қазақ елінің билік басына келген Голощекинге жағу үшін хат авторлары Алаш арыстарына қара күйе жағып, солардың қатарында Ахаңды да жазықсыз қаралайды. Өз шағым-үндеулеріне «Правда» газетінен де орын берілуін сұрайды. Мұнымен тыныштық таппай, Ахметті жазалауды сұрап, Сталинге екі рет хат жолдайды. Осы жетеудің «Алашшылдарға қарсы» мемлекеттің атынан ресми айыптау жасаған мәлімдемелерінің салдарынан Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандар екі айдан соң түрмеге қамалған. Жетеудің жаласы Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың өмірін жұтса, Ахаң әупіріммен аман қалып, өмірін айдауда жалғастырады. Бір айта кетерлігі, кеңестік қасапшылар «арызшыл жетеуді» де аямайды. Ә.Байділдин 1930 жылы, қалған алтауы 1938 жылы ажал құшады. Айдауда жүрген А.Байтұрсынұлы денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты 1933 жылы қалған мерзімді Батыс Сібірде жүрген жұбайымен бірге өткізуге рұқсат беріледі. М.Горькийдің әйелі Е.Пешкованың көмегімен 1934 жылы мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Тұрақты жұмыс таба алмай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. Соған қарамастан шығармашылық жұмыстарын жемісті түрде жалғастырудан танбаған ұлы ағартушының ел арасында аман-сау жүргенінің өзі кеңестік билікке жақпайды. Халқының тәуелсіздігін аңсаған Алаш арысының күрессіз, қол қусырып отыра алмайтынын анық ұғынған кеңестік жендеттер 1937 жылы 8 қазанда Ахаңды бесінші рет қамауға алды. Соңғы тұтқындалуы осы болған ұлт ұстазы ақырында жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесіліп, 1937 жылдың 8-желтоқсанында қызыл қырғынның құрбанына айналды. Халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айырылды.
Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов қанаттас серіктері Ахмет пен Міржақыпқа түрмеден жазған бір хатында: «Алда әлі күнді көре алатын ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» десе, Ахаңның өзі де бір өлеңінде:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын.
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – десе, келесі бір жүрекжарды жырында:
«Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, көрлеріміз қазылар…»,
– деп толғанған екен. Өзі айтпақшы, 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР-нің Жоғарғы соты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, Ахмет Байтұрсынұлын толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, біртуар тұлғаның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді. Дей тұрғанмен де, өзекті бір өкініш өртейді. Әділет таңы неге үнемі кеш атады? Сұңқар атаулының неге соры басым? Әлі де «Аз күндікке алданып, аз нәрсеге жалданып» адасып жүрген Алаш жұртының ұлы Ахаңдар қанымен жазып кеткен тарих сабағынан тағылым алатын күні бар ма?! Ұлт ұстазын ұлықтау тұрғысында қандай шаралар атқарылуы қажет? Дегенде, Алаш арысының Алматыдағы мұражай-үйін қамқорлыққа алып, оңтүстік астанамызда және Елордада Ахаңа еңселі ескерткіш орнату; рухани көсем тұлғасын айшықтай түсу, жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында көркем және деректі фильмдер түсіру, әдеби, ғылыми еңбектер жазу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу – сол шаралардың бір парасы ғана...
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы-ғалым:
Ахаңның тұлғасы – биік азаматтықтың үлгісі
Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында ұлттық жаңғыруды бастап, оны бір арнаға салушы топтың басында тұрды. Олар бастаған қоғамдық қозғалысты қазір біз «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Алаш қозғалысы бұл, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалыс, сонымен бірге, екіншіден, ұлттық жаңғыру қозғалысы да.
Алашорда үкіметі азамат соғысы жылдары дербес қуатты әскери күшке айнала алған жоқ. Ондай экономикалық мүмкіндік қазақ қоғамында болмаса, Алашордада қайдан болсын? Сондықтан да 1919 жылдың көктеміне қарай кеңес үкіметімен өзара ымыраға баруға мәжбүр болды. Мұндай қадам нақты қалыптасқан жағдайдан туындаған табиғи құбылыс болатын. Сондықтан да Алашорда үкіметінің шешімімен және оның атынан Ахмет Байтұрсынұлы келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл кеңестік билік үшін де жеңіл уақыт емес-тін. Сондықтан да В.Ленин бастаған үкімет қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен, оның құрған Алашорда үкіметімен ымыраға келуге әзірлігін байқатты. Алашорда үкіметінің ең басты талап-тілегін мойындап, қазақ автономиясын жариялауға келісімін берді. Сондай-ақ, бұл арада мынадай бір нәзік нәрсені есепке алу тарихи шындықты тура түсінуге көмектеспек. Кеңестік билік неғұрлым күш алған сайын, соғұрлым ұлт-азаттық қозғалыстарға берген уәдесінен алыстай түсті. Көп ұзамай, 1920 жылдан бастап-ақ, яғни Азамат соғысында жеңіске жеткен соң қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларына қарсы репрессиялық шараларға көше бастады. Империя құрамындағы ұлттардың сол кезеңдегі талап-тілектерін мойындаудан бас тартты. Басқаша айтқанда, патшалық билікпен күрес кезеңінде өзіне одақтас ретінде қараған ұлттық қозғалыстарға ендігі уақытта билік үшін күрестегі бақталас күш ретінде қарай бастады.
Ал Ахаңның саяси ұстанымына келсек, Ленинмен кездесу оның көзқарасына түбегейлі ықпал ете алған жоқ. Ленинмен кездесуге дейін де, одан кейін де А.Байтұрсынұлы ұлтшылдық идеологиясы ұстанымында қалды. Ол құбылмалы ұстаным адамы емес-тін. Ахаң 1920 жылы Орынборда РКП (б) қатарына өтетіндігін мәлімдейді. Бірақ көп ұзамай партиядан шығып қалады. Ол жөнінде өзі: «Маған айтылғандай, мені партиядан шығаруға негіз болған себептер, біріншіден, партия жиналыстарына қатынаспағаным, екіншіден, мүшелік жарналарды уақытында төлемегендігім, үшіншіден, менің Алашорданы құруға қатынасуым. Маған кінә ретінде таңылған бұл фактілердің бірін де жоққа шығармаймын», – деп көрсетеді. «Партия құрамында жүріп, – дейді ол, – менің коммунистермен бірнеше мәселелер бойынша келісе алмаушылығым болды». Солардың ең негізгісі ретінде Ахаң «Кеңестік билік пен РКП (б)-ның Қазақстандағы үш жылдық қызметінің мардымсыз болып отырғандығын» көлденең тартты. Анығырақ айтқанда, А.Байтұрсынұлын жаңа биліктің ұлт және ұлтаралық қатынас ісіндегі ұстанымы қанағаттандырған жоқ еді.
Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында кеңестік биліктің тұрпайы экономикалық саясаты қазақ қоғамын өте ауыр жағдайда қалдырды. Ауыр алым-салықпен қатар жүрген күштеп ұжымдастыру, жаппай отырықшыландыру саясаты үлкен наразылық тудырды. Ел арасында билікке мойынсынбай, «далаға» көшіп кету туралы күңкіл сөздер айтылды. Міне, осы қалыптасқан жағдайға орай Ахаң өз ойын былай білдіреді: «Бұл мәселе мынадай мағынада қойылды. Егер де азамат соғысы туа қалса, сондай-ақ алым-салық күшейе түссе, қазақтар өзін-өзі сақтау үшін немесе кімдердің тарапынан болсын жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін далаға кетуі тиіс. Осы шара арқылы ұлттың өзін-өзі сақтау мақсаты көзделді, өйткені ақтар да бізге қарсы болды және бола береді, сол сияқты қызылдар да бізге сенбейді. Бұл тақырыпқа байланысты мен біреумен сөйлесіп, пікір алысқан емеспін, бірақ жоғарыда айтылған тұжырымды толық қолдаймын. Менің идеалым – мүмкін болғанша қазақ халқының мәдени деңгейін көтеру, өйткені білім, мәдениет – оның өсіп-өркендеуінің кепілі. Қандай билік осы міндетті атқара алса, сол билікке мен риза болмақпын». Міне, осы берілген ұстанымнан-ақ Ахаңның биік тұлғасын аңғару қиынға түспейді. Кезінде кеңестік билік қазақ қоғамын, әсіресе жас буынды Әлихан Бөкейханов пен Ахаңдардың ықпалынан алып кетуге көп күш жұмсады. Қазақ жұрты жетекшіл, өзге жұрттан жеткен идеологиялық ықпалға алаңсыз берілді. Сөйтіп, алданды, рухани тоналды. Ендігі жағдайда қазақ қоғамы Ахаңдар көрсеткен табиғи арнаға түсіп, өз жолын табуы керек. Олай болмаған күнде тағы да біреулердің жетегінде кетеді. Ахаң ұлы ағартушы болуымен бірге үлкен саясаткер ретінде де көрінді. Оның тұлғасы әрқашанда биік азаматтықтың үлгісі болып қала береді.