Өткен жылдың ақпан айында Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы- журналист Әзілхан Нұршайықов дүниеден озған болатын. Содан бері бір жыл мерзім өткен екен. Ендеше ардақ тұтар ағамыздың артына қалдырған мұрасы мен асыл сөздерін еске алып өту – маңызды іс.
2004 жылы 20 ақпанда Алматыда ҚР Ғылым академиясында «Бауыржан Момышұлының рухани-адамгершілік, әскери-философиялық мұралары және ел ішінде Отанды сүюге тәрбиелеу мәселелері» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізілген болатын. Осы алқалы мәжілісте Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықов сөз сөйлеген еді. Тақырыбы – «Бауыржан батырдың көрегендігі туралы». Жазушы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының жазылу тарихынан сыр шерте келіп, Баукең туралы роман жазып, оны Батырдың өзі оқып, риза болғанына қуанатынын айтты.
Баукеңе арналған осы кең құлашты конференцияға қатысып, Әз-ағаның сөзін диктофонға түсіріп алған едім. Енді сол материалды оқырмандардың назарына ұсынып отырғанымның екі себебі бар.
Біріншіден: Даңқты Панфилов дивизиясының батальон, полк командирі болған полковник Б.Момышұлының, қазақтың 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының зеңбірекшісі болған, сержант Ә.Нұршайықовтың Ұлы Отан соғысының тағдырын шешкен Мәскеу шайқасына қатысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткен тарихи оқиғаға биыл 70 жыл толып отыр.
Екіншіден: Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Алаштың аяулы ұлы Әзілхан Нұршайықовтың дүниеден озғанына бір жыл болды.
Әзілхан Нұршайықов:
Қызға бір көргеннен ғашық болу бар дейміз. Ол да рас. Мен Баукеңе Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» деген повесін оқып, бірден ғашық болдым. Ол повесть 1943 жылы «Знамя» журналының 5 және 6 нөмірлерінде басылған. Мен оны майданда, алғы шепте, зеңбірек окопының ішінде отырып оқыдым. Батальон командирі Бауыржанға ғашық болғаным сондай, оны түнде түсімде көретін болдым. Повесті бос уақытым болса, ғашығымнан келген хаттай, қайта-қайта үңіліп оқыдым. Әрі дивизионға келген жалғыз журнал болғандықтан, жауынгерлер мен командирлер кезектесіп оқып, ол повесті қайтадан менің қолыма түсірмей кетті. Журнал қолымнан шығып кеткенімен батальон командирі Бауыржан Момышұлы менің жүрегімде қалды. Оған қызға құмартқандай ғашық болдым.
Ғашықтығын сүйген қызына білдіре алмай, өмір бойы ішінде сақтап өтетін жігіттер де болады. Достоевскийдің Макар Алексеевич Девушкині сияқты (атақты «Бейшаралар» романы естеріңізде болар).
Қымбатты бауырлар!
Сіздер: «Мына кісі не деп кетті? Не айтып кетті? Қызы несі? Ғашығы несі? Бұл Баукең туралы ғылыми конференция ғой!» – деп ойлап отырған боларсыздар.
Олай ойлауларыңыз дұрыс. Бұл – Баукеңе арналған кең құлашты ғылыми конференция. Бұл тамаша конференцияны ұйымдастырып, өткізіп отырған азаматтарға алғыс айтамын.
Ал менікі әскери-ғылыми баяндама емес, ағайын. Менің Баукеңе арналған жоғары дәрежедегі ғылыми-патриоттық конференцияда баяндама жасауға әскери өрем жетпейді. Менікі – артиллерия сержантының аға туралы азғантай сөзі ғана. Былтыр ЖенПИ-де өткен осындай ғылыми конференцияда ғылыми емес баяндама жасаған едім. Бұл да сондай.
Енді ғашықтық мәселесіне қайта оралайын. Менің де Баукеңе деген азаматтық ғашықтығым айтылмай, өмір бойы өз ішімде кетуі мүмкін еді. Сол сырымды сыртқа шығаруға қазақ халқының сүйікті журналы «Жұлдыз» көмектесті. Мың рақмет бұл журналға.
Журнал Баукеңнің 60 жылдығына байланысты алты бет мақала жазып әкелуге тапсырма берді. Мен оған бір ай дайындалдым. Баукеңнің 60 жылдығына орай 60 сұрақ әзірлеп, машинкаға басып, қалтама салып алып, Баукеңнің үйіне бардым.
Баукең мені сұсты күйде қарсы алды.
– Неменеге келдің? – деді.
Мен журнал тапсырма бергенін айттым.
– Сіз туралы А.Бек, А.Кривицкий, өзіңіз және өзгелер жазды. Солардың кітаптарында бар өміріңіз айтылды. Мен не жазсам екен деп, сізбен ақылдасуға келдім, – дедім.
– Немене, сол мақаланы мен жазып беруім керек пе саған? – деп Баукең бетіме ажырая қарады. Бетіндегі барлық түгі тікірейіп, үстіңгі ернін жаба салбырап тұрған жирен мұрты сояудай-сояудай болып едірейіп шыға келді.
Содан кейін:
– Кру-гом! – деп команда берді.
Мен барлық сержанттық өнерімді салып, сол жағымнан ұршықтай иіріліп, кейін бұрылдым. Енді Баукең «Марш!» дейді де, үйінен қуып шығады. Мен «маршқа» жеткізбей айтарымды айтып қалуға тырыстым. Жалма-жан 60 сұрақ жазылған қағаз жатқан ішкі қалтама қолымды сұғып:
–Бауке, дат! – дедім.
Баукең үн шығара күліп жіберді. Тегі менің сасқалақтағанда аузыма түскен «дат» деген сөзім ұнап кеткен болу керек.
– Датың болса – айт! – деді қайтадан қатал үн қатып.
– Бауке, өзіңізге қарай бұрылуға рұқсат етіңіз, – дедім «Смирно» қалпында қақшиып тұрып.
– Бұрылғын! – деді Баукең.
Мен қойнымдағы қағазымды суырып алдым да:
– Бауке, сізге әзірлеп әкелген сұрақтарым бар. Сіз соларға жауап берсеңіз, өзгесін өзім жазамын – Баукең қолын созып, мен төрт бет етіп әкелген сұрақтарға көз жүгіртті. Әр бетін оқыған сайын сояудай тікірейген мұрттары төмендей-төмендей келіп, Баукеңнің үстіңгі ернін қайта жауып, алғашқы салбыраған қалпына келді.
– Это – серьезно! – деді Баукең сұрақтарды оқып болғаннан кейін басын көтеріп.
Содан кейін сұқ саусағын шошайтып, орындықты нұсқады да:
– Садись! Жаз онда! – деп бірінші сұраққа қарай үңілді.
Мен жалп етіп, орындыққа отыра кеттім. Сол отырғаннан тапжылмастан төрт жыл отырдым. Төрт жыл бойы Баукеңнің аузынан шыққан сөздерді сыпылдатып қағазға көшірумен болдым. Сөйтіп, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы өмірге келді.
Бұл конференция Баукеңе арналып отырғандықтан Баукең туралы Қазақстанда шыққан бұл тұңғыш кітаптың баспадан қалай шыққан тарихын да қысқаша айта кетейін.
Кітап жоспарланған уақытында шықпай, баспада бір жарым жыл бөгелді. Цензура сергелдеңге салды. Алты баспа табағын қысқарттырды. Екі рет қайтадан терілді. Ол менің инфарктен жаңа тұрған кезім еді. Цензура шонжарларымен табан тіресіп, тартыса алмадым. Менің редакторым, ол кезде жас жазушы, қазіргі Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов цензурлармен арыстандай алысып, кітапты қорғады. Сол азаматтың күш-қуатымен «Ақиқат пен аңыз» жарыққа шықты...
Баукең туралы 4 том жаза алмасам да, бір том жазып, оны Баукеңнің өзі оқып, риза болғанына қуаныштымын. Болашақтың жазушысы Баукең туралы 4 томдық роман жазса, «Ақиқат пен аңыз» сол жазушыға көмекші құрал бола алатынына қуаныштымын!
Баукең болашақты алыстан болжайтын асқан көреген кісі еді. Осының екі мысалын келтірейік.
Осыдан 46 жыл бұрын, 1958 жылы, осы Ғылым академиясының осы үлкен залында, қазір мен сөз сөйлеп тұрған осы биік трибунадан Баукең сөз сөйледі.
Шілденің шыжыған ыстық күндерінің бірі еді. Баукең мінбеге барды да, үстіндегі пиджагін шешіп, президиумға қарай лақтырып жіберді. Мінбе жақ шетте отырғандардың бірі Баукеңнің пиджагін қағып алды.
Баукеңнің бұл қылығына залдағылар ду күліп, президиумда отырғандар үрпиісіп қалды. «Мынау бірдеңені бүлдірер ме екен?» деп сескенді. Баукең шынында да «бүлдіріп» барып, трибунадан түсті. Бүлдіргені сол: сөзінің бір жерінде ол:
– Дүниежүзі тарихында үш қана ең атақты қолбасшы болды. Олар Александр Македонский, Шыңғыс хан және Иосиф Виссарионович Сталин! Сталин ең атақты ғана емес, олардың ішіндегі ең данышпан, ең кемеңгер қолбасшы Сталин болды! Сталиннің әскери кемеңгерлігіне жететін қолбасшы енді ешқашан тумайды да! – деді.
Бұл 1956 жылғы СОКП Орталық Комитетінің июнь пленумында Хрущевтің Сталинді қаралап баяндама жасап, «Жеке басқа табынушылық туралы» деген қаулы шығартқан кезі болатын. Ол қаулы Хрущевтің жау қолына тұтқынға түскен баласын біздің жақ тұтқынға алған неміс генералына айырбастап әпермегені үшін және Сталиннің атын өшіріп, тарихта өзі ғана қалу үшін жасаған әрекеті екені қазір белгілі болып отыр.
Ол қаулы бастауыш партия ұйымында талқыланғанда Баукең қаулыны қуаттап, қол көтерген жоқ, қалыс қалды. Өйткені ол Хрущевтің әрекетінде шикілік бар екенін сезді. Сезгендіктен де академия ғалымдарымен кездесуге келгенде ол осылай деді.
Баукеңнің бұл сөзіне залдың әр жерінен қадау-қадау қол шапалақталды. Президиумда отырған жоғарыдан келген басшы залға ежірейе қарап, алақанын жайқады. Жұрт жым-жырт болды.
Баукең трибунадан түсіп, президиумдағы өз орнына барды. Орындық арқасына іліп қойған костюміне қол созды.
– Немене, менің сөзім сендерге ұнамады ма? – деді басшыларға ежірейе қарап.
Ешкім үндемеді.
– Үндемесеңдер отырыңдар осылай, – деді де Баукең костюмін киіп, қолындағы әдемі қара таяғын еденге тарс-тарс қадап, залдан сыртқа шығар есікке қарай аяңдады.
Баукеңді тоқтатуға ешкімнің батылы бармады.
Бұл сөзді мен Сталинді мадақтау үшін айтып тұрғаным жоқ. Баукең сияқты менің де Сталинді жөнсіз жамандайтындарды жаратпайтыным рас. Өйткені мен кеше 786 күн алғы шепте жүріп, Отанды қорғаған, қазір жер басып тірі жүрген Сталиннің соңғы солдаттарының бірімін ғой!
Мұны мен Баукеңнің әділдігін, әлі көрегендігін дәлелдеу үшін айтып тұрмын. Баукең дүниежүзілік көлемде ойлайтын көреген адам болды. Оның көрегендігі ұлттық шеңберден шығып кетті. Рузвельт, Черчилль, Сталин сияқты өз заманының кемеңгерлерімен қанаттас ойлады.
Енді Баукеңнің екінші бір көрегендігін айтайын.
Баукең соғыста, қан майданда жүріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі М.Әбдіхалықовқа хат жазды. Қазақтың салт-сана, әдет-ғұрып, ұлттық ойындарын өшірмей сақтауға жетекші болуды оған аманат етті. Әсіресе, халықты спортпен шұғылдандырудың, соның ішінде ат спортының Отан қорғау ісінде ерекше маңызы бар екенін атап көрсетті. Барлығы 16 пункттен тұратын мұндай хатты жазу Баукеңнен басқа қай полковник, подполковник, майордың қолынан келіпті? Ол кездегі қазақтан шыққан жалғыз генерал Ш.Жексенбаевтың мүмкіндігі бола тұрса да, мұндай хат жазуға өресі жетпеді.
Ал 1943 жылы 18 наурыз күні Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің председателі Н.Оңдасыновқа жолдаған хатында былай деп жазды:
«Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың бойында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті». «Ұлттық дәстүрлердің» деп жоғарыда келтірілген Әбдіхалықовқа айтқан ойын қайтадан шегелеп түсіндірген. Сұрапыл соғыста жүріп Баукең өз ұлтының болашағын ойлады.
«Көк тұман – алдындағы келер заман, үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» деп Абай айтқандай, Баукең алдағы бір ғасыр болашаққа көз қадады. Ал соғыста жүрген адамдар бір ғасыр емес, бір күнді ғана ойлайды. Бүгін қалай, қайтып өлмей тірі қалсам екен деп жанталасады. Баукең болса өз басының амандығын ғана емес, өз ұлтының болашағын қоса ойлады. «Үмітін сәуле етіп» көзін болашаққа қадады. Алдағы «көк тұман» болашақтың ішінде жаһандану деген жайын бар екенін болжады. Туған халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, ұлттық өнері, халықтық психологиясы сол жайынның аузына жұтылып кетпеуін арман етті.
Соғыс кезінде осыны Баукеңнен басқа бір қазақ ойлаған жоқ. Ол кезде данышпан Әуезов болса, қазақтың салт-сана, әдет-ғұрпын қалай қағазға түсіріп, қалай болашаққа мұра етіп қалдырып кетуді ғана ойлады. «Абай жолы» эпопеясын қалай жазып, аяқтап, баспадан шығаруды, баспадан шыққаннан кейін ол перзент – кітапты қалай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай қорғап, сол романы арқылы туған халқының атын бүкіл әлемге паш етуді арман етті. Баукең болса, жүзеге асырылар Әуезов арманының халық қазынасы болып, мәңгі сақталуын көздеді.
Мінекей, Әуезов және Момышұлы деген қазақтың екі ұлы перзентінің ойлары осылай ұштасқан болатын. Көрегендік дегені осы емес пе? Бір ғасырды бұрын болжаудан артық қандай көрегендік болмақ?!
Ворошилов атындағы әскери академияда оқыған кезде сабақ берген генералдардан Баукеңнің иығы асып жүрді. Өзі әскери академияда сабақ бергенде онымен теңдес профессор-генералдар болған жоқ. Ол атағы жоқ әскери академик болды. Ал Қазақстанда оның әскери білімінің шеніне келетін жан жоқ еді. Бірақ, оған Қазақстанның республикалық әскери комиссары қызметі де бұйырмады. Қайта оның үстінен ит жүгіртіп, құс салып, ұлтшыл, оңбаған деп күстаналады. Жазықсыз жала жабылды.
Солай бола тұрса да Баукең өз тарапынан тіс жарып, ешкімге ештеңе айтқан жоқ.
Сондықтан Ресейдегі әскери академияны тастап, Алматыға келді де, қолына қалам алды. Сөйтіп, Қазақстан әскери әдебиетінің негізін қалады. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салған Абай атасына ұқсады. Баукеңе Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі үлкен абырой болды...
Баукең ұлы адам, ұлы азамат, ұлы патриот еді.
Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, ал патриот болу – парыз. Барлық адам патриоттық парызын бұлжытпай өтеуге міндетті. Патриотизм әскерге алынып, сарбаз санатына қосылғаннан кейін ғана басталмайды.
Патриотизм отбасынан басталады.
– Әке-шешеңді құрметтей білу – патриотизм.
– Ауыл-аймағыңды ардақтай білу – патриотизм.
– Өз ұлтыңды сүю – патриотизм.
– Өз халқыңның өткен жолын (тарихын) құрметтеп, оған тіл тигізбеу – патриотизм.
– Өз Отаныңды жаудан қорғау, еліңнің азаттығы үшін, қажетті жерде, жаныңды қию – патриотизм.
«Отан үшін отқа түскін – күймейсің!» деген Баукең. Патриотизмнің ең биік шыңы – осы.
Сталинге деген Кеңес халқының сүйіспеншілігі шексіз болды. Сталин өлгенде жыламаған жан болмады. Сол жылағандардың бірі менмін.
Қазақ халқының Баукеңге деген сүйіспеншілігі де сондай болды.
Баукең өлгенде дос-жолдас, ағайын-туыстары ботадай боздап жылады. Тек жақындары ғана емес, Баукеңді ақырғы сапарға аттандырып салуға Балалар және жасөспірімдер театрының жанына жиналған халық теңіздей толқып, бірі көзін сүртіп, бірі іштей еңіреп тұрды.
Ағаш табытқа әрең сиып жатқан Баукеңді театр ғимаратынан сыртқа шығарып келе жатқанда Баукеңнің сүйікті келіні Зейнеп ардақты атасын жоқтап, дауыс айтты. Театр ішіндегі жұрт Зейнепке қосыла күңіренді.
Баукеңді ақырғы сапарға аттандыру рәсіміне өзінің сүйікті інісі Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев жан салып қызмет етті. Кеңсай зиратына мені өз машинасына отырғызып, Рақымжан алып барды. Машинаның алдыңғы кабинасына Рақымжанның әйелі жайғасып, артқы кабинада Рақымжан екеуіміз қатар отырдық. Рақымжан марқұм: «Айырылдық қой Баукеңнен!» деп мені құшақтап, екеуіміз қосыла солқылдадық.
Баукеңді жерлеу комиссиясының мүшелері табыт басында «сөйле» деп маған ұсыныс жасаған еді. Мен сөйлемедім. Сөйлемегенім: Баукеңді «өлді» деп айтуға аузым бармады. Баукеңді бұл дүниеде жоқ деуге көңілім сенбеді. «Қош» деп айтуға тілім келмейтін болды. Қайғылы сәтте аузымды аша алмай, мен үнсіз қалдым.
Менің орныма Баукеңнің тағы бір сүйікті інісі Тахауи Ахтанов сөйледі.
Баукең табыты қабырға түсіріліп бара жатқанда бір взвод солдат жауынгерлік винтовкадан үш рет жоғарыға оқ атып, салют берді.
Мінекей, содан бері 22 жыл болды. Баукеңе арналып бүгін өткізіліп отырған осы ғылыми конференция оның өлмегендігінің бір белгісі ғой деп ойлаймын.
Мен Баукеңнің соғысқа қатысқан, қатыспаған көп інілерінің бірімін. Мен Баукеңнің шарапаты тиген інілерінің бірімін. Егер өмірде Баукең болмаса, мен мұндай атақты, абыройлы адам болмас едім. (Егер атақты, абыройлы екенім рас болса?). Бұған бір ғана мысал айтайын. Менің шыққан кітаптарымның барлық тиражы бір миллион данадан асыңқырайды. Ал соның 361 мың данасы Баукең туралы жазылған. «Ақиқат пен аңыз» роман диалогының өзінің ғана таралымы. Үштен бірі.
Баукең кеңес өкіметін жамандаған жоқ. Баукең социализмді иянаттап, ХХ ғасырды қарғаған жоқ.
Мен Баукеңнің шәкіртімін.
Мен Баукеңмен замандас, сыйлас, сырлас болғанымды мақтаныш етемін...
Қазақ халқы Баукеңнің даңқын әлемге жайған орыс жазушылары А.Бек пен А.Кривицкийге қарыздар. Осы екеуін ұмытпай, Баукең есімімен қоса атай жүрейік.
Мен сөзімді махаббаттан бастадым ғой. Енді сөзімді ғашықтық тілекпен аяқтайын.
Еркек адамдар тек әйелге ғана емес, халықтың асыл азаматтарына да ғашық бола білуі керек. Олардың адамгершілігіне, ақылдылығына, азаматтылығына құмартып, соларға ұқсауға (Абай) тырысуы абзал.
Жақсыға ұқсауға тырысқандардың бірі менмін. Сол тырысқандығымның арқасында арманыма жеттім. Қазақстандағы ең армансыз, ең бақытты адамдардың бірі болдым.
Мұның бір себебі Баукеңе ғашық болғандығымнан деп білемін.
Ғашық бола білу де – патриотизм.
Ғашықтар – махаббат отанының патриоттары.
Ғашыққа деген махаббат та отандық махаббатқа ұласады.
Қызға ғашық бола білген жігіт Отанды қорғай алады.
Махаббат негізі – Отан!
Жас жігіттер, барлығыңызды ғашық бола білуге шақырамын. Өтірік емес –шын, алдамшы емес – адал, мың күндік емес – мәңгілік ғашық бола біліңіздер.
2004 жылы 20 ақпан