ХІХ ғасырдың 80-жылдарының соңында қазақ даласында қоныс аударушыларға жер бөлу саясатының салдарынан қазақтар адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірді. Міне, осындай шиеленісулер отаршылыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың туындауына әкеп соқтырды. Бұл қоғамдық қозғалыстардың басында сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Ғұмар Қарашев сынды көптеген зиялының қатарында Бақытжан Қаратаев та бар еді.
Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданындағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1890 жылы оны ІІ дәрежелі алтын медальмен үздік бітіреді. Алған мамандығы бойынша Петербургте, Кутаисиде және Орынборда бірнеше жыл тергеуші болып істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болды. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1918 жылы облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Сол жылы наурызда әскери үкімет бүлік ұйымдастырып, облыстық кеңес мүшелерін (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алды. 1919 жылы 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. 1919 жылы 24 шілдеде Қаратаев Қазақ әскери ревкомының мүшелігіне тағайындалды. 1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне делегат болды. Мұнда қабылдаған Қазақ АССР-інің еңбекшілері құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АССР-інің заң комиссары болды. Кеңестердің ІІ Бүкілқазақстандық съезіне де делегат болып қатысты.
Патша өкіметінің жер саясатына қарсылық
Қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны күрт артып, құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып жатқан елдің жағдайы қыл ұшына келген еді. Осындай дүрбелеңде ел жер сақтап қалу үшін не істерін білмей сабыла бастады. Сөйтіп, ел тағдыры сынға түскен кезде ұлт зиялыларының көзқарастары қиыспай екіге бөлінді.
Біріншісі — «көшпенді өмір салтын доғарып, ел болып жиылып, қала салайық, егін егіп, бау-бақша отырғызып, отырықшы салтқа көшейік, сонда шұрайлы жерлерімізге өзіміз ие болып қаламыз, жақсы өмір сүріп кетеміз» дейді.
Екіншісі — «сан жылдар қалыптасқан шаруашылық, өмір салты – аяқастынан өзгерте салатын нәрсе емес, ол – өздігінен қалыптасатын табиғи үрдіс, оны өзгерткенмен, бәрібір күйреп қалады, ұзаққа бармайды, ақыр аяғында башқұрттар құсап жерді мұжықтарға болмашы бағаға сатып, сып-сидан болып шыға келеміз. Одан да көшпелісі көшпелі, отырықшысы отырықшы болып қала берсін» дейді.
Орал қаласында кадеттерді жақтаушылар өмір тәжірибесі мол Бақытжан Қаратаевтың төңірегіне топтасты. Осы тарихи кезеңде қазақ саяси элитасының арасында кадеттер партиясына қарай ойысушылықтың байқалуы патша өкіметіне қарсы қуатты оппозициялық күшке айналған осы партияның қолдауына сүйеніп, қазақ халқы мүддесін қорғаудан туындаған еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында қазақ жерін бүтіндей сол елдің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау қажеттігі, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану толқынын тежеу, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу тағы сол сияқты талап-тілектер айтылған.
Қазақ зиялылары патша өкіметінің қанаушылық саясатына қарсы ашық және батыл түрде талаптарын қойып, қазақ елінің барлық мұң-мұқтажын баяндап газет беттерінде мақалалар жазып, патшаға петициялар жолдай бастады. Соның бірі – 1905 жылдың жазында Торғай және Орал облыстары қазақтарының орталық билік органдарына жолданған петиция. Қазақ жерін талан-таражға салуды тоқтату мәселесін назарынан ешқашан тыс қалдырмаған Бақытжан Бисәліұлы бұл петицияны дайындауға тікелей атсалысты және онда жер мәселесіне байланысты мынандай талаптар қойылды:
– қазақ жерінде бұл күнге дейін қала салып алып, бейбіт өмір сүріп отырған орыстар отыра берсін және олар алған жерге талабымыз жоқ. Бірақ қалған жеріміз қырғыз-қазақ халқының өз пайдасына мәңгі ұрпақ мұрасы ретінде ешкімнің ортағынсыз берілсін;
– мұнан былай орыс шаруаларына қазақ жерінен жер берілмесін және қазақ жерінен қоныс аудару учаскелері мұнан былай ашылмасын;
– Далалық ереженің барлық 17 бабы негізсіз деп танылып, жойылсын;
– қырғыз-қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзіңдікі деген құжат берілсін (ҚР ОММ, 1202-қор, 1-тізбе, 37-іс, 123-бет).
Петербургке Б.Қаратаев бастап барған делегация петицияны тиісті орындарға тапсырғаннан кейін генерал Ғ.Жәңгіровтің араласуымен ІІ Николай патшаның қабылдауына рұқсат алып, оған өз талап-тілектерін де білдіреді. Осы жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысқан съезд болып өтті. Оның делегаттарының қатарында Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Сыртанов, Б.Қаратаев болды.
І Мемлекеттік Думаны шақыру туралы заң 1905 жылдың желтоқсан айында патшаның екі манифесінің негізінде шықты. Үлкен атыс-тартыстың нәтижесінде арнайы мәжілістің шешімі бойынша «бұратана елдерден» Думаға депутат сайлау турасында шешім қабылданады. Алғашқы Дума таратылғаннан кейін 1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлау жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ақмола облысынан Шәймерден Қосшығұлов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахань губерниясынан Бақтыгерей Құлманов сайланды. ІІ Мемлекеттік Думада өкіметтің жүргізіп отырған аграрлық және отаршыл саясаты сынға алынады.
Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Думада сөйлеген сөзі
Депутат мырзалар!
Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ: соған қарамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Әсіресе оң жақ қатарда отырған ағайындарымыз аграрлық дағдарысты шаруаларды Орта Азияға көшірту жолымен жоюға құштар. Олардың көзқарастарын Парламентке егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин таратып отыр. Алайда осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума делегаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстандыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра-қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғысынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біле де қоймас. Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күштінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар – әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ. Біз, қырғыз-қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырларымыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Ал мәселенің түйіні Далалық облыстар территориясының әлі күнге дейін жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-статистикалық тұрғыда жете зерттелмегендігінде. Бүгін біздің жолдасымызға депутат Темеренков Азияда ұшы-қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады дегенді айтты. Шын мәнінде, белгілі ғалым Щербина Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Тоғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеген, бірақ Щербина олардың оңтүстігіндегі уездерін барлай алмады. Егер ауа райы мен топырақ жағдайларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп-қонып жүрді-міс деген түсінікпен келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар. Далалық облыстардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қырғыздар жайлап, егін егіп келеді. Олардың кейбіреулері шымнан, енді біреулері кірпіштен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұрмыстарына сай тұрғын үй мен қора-қопсылары бар. Осынау отырықшы қырғыздар үшін егін егу – тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қырғыздарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда.
Думаның төрағасы:
– Шешен мырза, он минут уақытыңыз бітті.
Қаратаев:
– Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қоныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқсыздар. Бәлкім, Мемлекеттік Дума дархандық танытып, менің сөзімді ақырына дейін тыңдар. Мырзалар, менің шаруаларды Далалық облыстарға қоныс аудартудың жай-күйі жайындағы баяндамамды аяқтауыма мүмкіндігім қалмады, дегенмен менің айтарым – Мемлекеттік Дума өздері Ішкі Россиядағы помещиктер мүдделерін, осынау 130 мың помещиктің мүддесін қорғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың әрдайым шаруалардың жерге деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракцияларға аянышпен қарайтынын есте ұстайтын болсын. Дегенмен бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерлерінен ғана емес, олардың тұрғын үйлерінен көшіріп, қуып шығып жатқанын түсініңіздер. Орыстың қарапайым еңбекшілері мен зиялылар қауымы жерімен қоса, үйінен, қора-қопсысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз-қайсақтарды жәбірлеп жатқандарға қарсы шығып, қамқор қол ұштарын береді деп сенемін. Менің қолымда мұны дәлелдейтін қыруар деректер тұр, бірақ, өкінішке қарай, сөзімді аяқтай алмадым («Орал өңірі», 1990, 8 желтоқсан).
Сондай-ақ Дума отырыстарының арасында Б.Қаратаев «Жерге орналастыру және егіншілік» басқармасына барып, өкіметтің қазақ өлкесіндегі жүргізіп отырған жер саясатының көшпелі қазақтарға үлкен зиян тигізіп отырғанын, Дала өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату қажеттігін айтады. «Айқапта» жарияланған «Қазақ жері хақында» деген мақалада: «1907 жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Бірімжанов, Қосшығұлов һәм Нүрекенов бас министр Столипинмен, жер министрі дәрежесіндегі князь Васильчиковқа жолығып жер мұқтажын айтып сөйлейді.
Қазақ депутаттары Қаратаевқа сөз тізгінін беріп еді, ол айта-айта келіп, былай дейді: «Қара шекпенділерді переселениеден тоқтату керек, Азиатск облыстарындағы қазақ жерлерін өлшеп, жақсысы қанша, жаманы қанша екенін білу керек, көшпелі һәм отырықшы қазақтарды жақсы деген жерлерге орналастыру керек, одан соң артық жерлер болса, переселение пайдасына шығару керек. Жаман жерлерін ешкім қызғанбайды». (Айқап», 1911, №11).
ІІ Мемлекеттік Думаның аграрлық комиссиясының құрамында М.Тынышпаев пен Б.Қаратаев болды.
Бақытжан Қаратаев Думаның аграрлық заң жобасын жасауға араласады. Қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты отырыстарда сөз сөйлейді. Ол Думаның 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысты. 16 мамырда мінбеден қазақ жерінде басы артық жердің жоқтығын, бар болса да, бұл жерлердің табиғи жағдайы қоныстандыруға келмейтіндігін, қоныстандыру басқармасы бұл жағдайлармен санаспаса, қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырайтынын ашып айтады.
Б.Қаратаев өзімен пікірлес депутаттар сияқты қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деп үміттенді. Өкінішке қарай, Дума алдына қойған жер мәселесіне қатысты істері ешқандай да қолдау таппады. Сондықтан да Б.Қаратаев елге құр қол қайтпас үшін Дала ережесіне қатысты мақалаларды, қазақтарға қатысты әртүрлі циркулярды жинады. Сөйтіп, үлкен үмітпен бар талабын хат түрінде Думаның мұсылман фракциясына тапсырды.
Бұл Дума да 1907 жылы 3 маусым күнгі заң бойынша таратылды. Думаның таратылғанына қарсылық білдірген жиналыстар, митингілер күніге өтіп жатты.
Жаңа ІІІ Мемлекеттік Думаға сайлау заңы түбірімен өзгертілді. «Бұратана халық» деп аталынған қазақ депутаттары патша үкіметіне үрей туғызды. Сондықтан да қазақ халқын сайлау құқығынан мүлдем айырды. Думада 82 депутаттың орны кеміді. («Қазақстан заңдары», 1998, №4, 43-45 беттер).
Депутаттықтан кейін де халық үшін күресіп өткен Қаратаевтың елім деп еңіреген хан-сұлтанның қасиетті тұқымы екенін өзі ұйымдастырып, отырықшылар ауылын салғаны да дәлелдейді. Ол 1910 жылы Орал облысындағы Жымпиты уезінің Шідерті болысында сегіз көшпенді ауыл адамдары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін салған.
Ондағы мақсат – нақты бір жер алып, жер игеріп, сауда-саттықтың қыр-сырын үйретіп, оқу-ғылымға бағыттау еді. Әрине, отырықшылық бар жерде ғимараттар бой көтеріп, жер игеріліп, сауда-саттық, ғылым дамитыны белгілі. Ол сонау Мысыр елін, Грек, Рим жұртын мысал етіп, халықты жерге орнықтыруға бағыттады.
Бақытжан Қаратаев 1911-1914 жылдарда Ордада, Оралда және Астраханьда шығарылған демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетіне жан-жақты жәрдемдесіп және онда өз мақалаларын да жариялап отырған. Оның мақалалары қазақ еңбекшілеріне, зиялыларына терең ой берген, парасатты ақылға шақырған, халқы үшін қамқорлық болған үгіттер болды. «Қазақстан» газетінде жарияланған «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында Бақытжан «Балуан бірді, білімді мыңды жығады» деген ойды кең мағынада түсіндіре отырып, халқын ағартушылыққа, білімге шақырған.
Қазан төңкерісі жылдарында
Орал әскери үкіметі бұйрығымен Қаратаевтар ауылынан ешқайда кетуге рұқсат етілмеген Бақытжан Қазан төңкерісін шын ниетімен, батыл жақтап қарсы алды. «Қазан революциясынан кейін, — дейді Бақытжан, – 1918 жылдың наурызына дейін мен өз жолдастарыммен бірге қырда соғыс күшін ұйымдастыруға кірістім. Бұл жұмысқа қоныс аударып келген украиндықтарды да тарттық». («Революция от жалынында», Алматы, 1957, 129-бет).
Большевиктердің басшылығымен шақырылған Орал облыстық кеңесінің І съезі 1918 жылдың қаңтарында Кеңес өкіметін құрып, билікті өз қолдарына алғанын жариялады. 1918 жылы наурыз айында облыстық кеңестің ІІ съезінде атқару комитетінің құрамы сайланды. Б.Қаратаев облыстық атқару комитетінің мүшелігіне өтті және оған юстиция комиссары міндеті тапсырылды. Әскери үкімет наурыздың 29-ында Кеңес өкіметіне қарсы бүлік ұйымдастырды. Билікке келген ақ казактар өкіметі жаңа ғана құрылған, әскери күші әлсіз кеңестердің атқару комитетінің негізгі тобын тұтқынға алды.
Облыстық кеңес мүшелерінің аздаған тобы: Әйтиев, Парамонов, Ипмағанбетов, Қаратаев, Арғыншиевтер Жайық өзенінің сол жақ жағасындағы қазақ, украин еңбекшілерінің арасына құпия өтіп, күш ұйымдастырды.
«Бақытжан ауылына келіп, әскери күш жинау әрекетін жүргізіп жатыр», – деген хабармен жіберілген ақ казак офицерлері 15 сәуірде Б.Қаратаевты тұтқындап, Орал түрмесіне отырғызады. Б.Қаратаев басқа да көптеген большевикпен қара түнек айуандық тәртіптің қатал тұтқынында 285 күндей болды. Абақтыда жатқан кезінде де Бақытжан мойымай, күрес жүргізе берді. 1919 жылы 24 қаңтарда Орал қаласы Чапаев дивизиясының күшімен ақ казактардан босатылды. Босатылғаннан кейін қала митингілерінде, әскерлер арасында Бақытжан әсерлі сөйлеген сөздерімен жеңісті бекіндіруге үлес қосты. Б.Қаратаев Орал облыстық ревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. Өзін 1917 жылдың мамыр айынан бастап большевиктер тобындамын деп санаған Б.Қаратаев 1919 жылы 6 ақпанда РК(б)П қатарына қабылданды. Қалалық партия ұйымының жанынан қатарында 51 мүшесі бар мұсылман секциясы құрылды. «КРОММ, 1409-қор, 1-тізбе, 25-іс, 282-бет).
Қырғыз (қазақ) әскери-революциялық комитеті (ҚазРевком)
1919 жылы 10 шілде күні өлкені басқару жөніндегі Қырғыз (Қазақ) әскери-революциялық комитеті құрылды. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы жоғары мемлекеттік органы еді.
Қазақ революциялық комитеті құрамына жеті адам кіргізілді. Қазревком төрағасы болып Кеңес өкіметі Наркомнацтың орынбасары С.С.Пестковскийді тағайындады. Мүшелері болып Ә.Жангелдин, С.Меңдешев және басқалары бекітілді. Кейін бұлардың қатарына Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, А.Арғыншиевтер кірді.
1919 жылы 11 қыркүйекте құрылған Орал мен Бөкей қазақтарының революциялық комитетін басқара отырып, Б.Қаратаев қазақтар арасындағы нақтылы үгіт-насихат жұмыстарын кеңейтті. Қыркүйек-қазан айларында Бақытжанның қолымен «Қазақ халқының қайраткерлеріне», «Құрметті қарттарға» және «Керей руының ұлдарына» деген үндеулер жарияланды. Бұл үндеулерінде ол қазақ халқына Кеңес өкіметі туралы шындықты баяндайды.
Азамат соғысы қасіреті кезінде келген ойларды іске асыру мүмкіндігін ол ұтымды пайдаланды. Соғыс жағдайы ғана емес, екі жақта да келісімге келгісі келмейтін қасарысқан жандардың аз болмауы да бұл мақсатты іске асыруды тіптен қиындатты.
Алайда 1919 жылы 24 қазанда Б.Қаратаев Орал облыстық партия комитетіне Алашорданың батыс бөлімшесінде өзінің саяси, бейбіт келіссөз жүргізуге әзір екендігін хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ Ақтөбеде «кеңестік және кеңестік емес қырғыздардың» қатысуымен қазақ халқын бірлестіру жөніндегі І жалпыөлкелік кеңестік конференция өткізілді. Қазақ кеңестік мемлекеттілігін құрудың алғашқы маңызды қадамы жасалды.
1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне Б.Қаратаев делегат болды. Мұнда «Қырғыз (Қазақ) АССР-і еңбекшілерінің правосы туралы декларация» қабылданды. Тұңғыш қабылданған Қазақстан заңдарының біраз жобасы Б.Қаратаевтың қолымен дайындалды. Съезде Қазақ АССР-інің Орталық атқару комитетінің төрағасы болып С.М.Меңдешев, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып В.А.Радус-Зенкович сайланды.
Бақытжан Қаратаев Қазақ АССР-інің заң комиссары болып Орынборда қызмет істей бастады.
Ол жаңа құрылған комиссариат қызметінің негізін қалаумен қатар, алғашқы декреттердің өмірге келуіне тікелей атсалысты.
Б.Қаратаев Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезіне де делегат болып қатынасады. Құрметті демалысқа шыққаннан соң ол Ақтөбедегі туысқандарына көшеді. 1922-1925 жылдарда Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болып қызмет істейді. Өмірінің соңғы жылдарында Батыс Қазақстандағы азамат соғысының тарихын жазумен шұғылданған. 1934 жылы тамыз айының аяқ кезінде Б.Қаратаев Ақтөбеде ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.
Өз халқына осыншама еңбегі сіңген абзал ұлдары жөнінде бар дауыспен еркін айтуға тоталитаризм жылдарында мүмкіндіктер болмады. Енді бұл қате көзқарас түзетілуі тиіс. Қазақстанның азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы сапында әрқашанда Бақытжан Бисалыұлы Қаратаевтың есімі аталып, оның жарқын бейнесі халықтың есінде сақталмақ.