Елдің өркендеуі әрбір сала маманының адал кәсібіне, тіпті қарапайым техниктің де шеберлігіне тәуелді. Ақтөбелік Еркебұлан Ақтан өзін мемлекетіміздің гүлденуі алдында жауаптылардың қатарынан санайды.
Ол 1991 жылдың 16 желтоқсанында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Басшиелі ауылында туған. Отбасындағы үш баланың кенжесі. Ысқақ Мұхамбетжанов атындағы Басшиелі негізгі мектебін тәмамдаған соң, Ақтөбедегі политехникалық колледжде техник-электрик мамандығы бойынша оқып, кәсіби білім алды. Еркебұлан өзінің Қазақстанның Тәуелсіздік тарихымен құрдас екенін мақтан тұтады. «Еліміздің әлемнің 50 ең мықты дамыған мемлекеті қатарына қосылатыны қиял емес, ақиқат. Қазіргі қарқынды экономикалық даму осыны көрсетіп отыр», – дейді ол. Жас жігіттің арманы – ауылды өркендетуге күш салу.
Еркебұлан Ақтан, техник-электрик:
– Қазақстан мемлекетінің өркендеп, өсуіне қол ұшымды тигізсем деймін. Электрмен қамтамасыз ету саласына еңбегімді сіңіріп, туған ауылыма, өлкеме, мемлекетіме жақсы жағдай жасауға үлесімді қосқым келеді. Мақсатым – сол. Біз сияқты қарапайым мамандардың жауапты ісі арқасында соңғы жылдары ауыл да көркейіп жатыр. Билік өкілдері ауылға әлі де көңіл бөле түссе екен деймін. Барлық ауылда жаңа мектеп, жаңа мәдениет үйі болса екен. Өзімді Тәуелсіздікті баянды етуге жауаптылардың бірімін деп есептеймін, өйткені мен – егемендікпен құрдас жаспын.