Мына суреттегі мешіт Ақмола бекінісінен бұрын салынған, жалпы, Ақмола қаласының тарихындағы алғашқы Алла үйі деуге болады. Журналист, өлкетанушы Андрей Дубицкийдің жазған деректеріне (А.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда». 362-қор, 1- жазба, 203 –құжат) қарағанда, осы қазіргі Астананың орнында Қараөткелдің тұсындағы шағын ауылдың тұрғындары бұл мешітті 1838 жылдары ауылдан шеткерірек, ашық алаңқайға салған. Нақты орны – қазіргі Амангелді Иманов көшесіндегі 4-көппәтерлі үйдің тұсы. Оған ары-бері өтіп жатқан сауда керуендері тоқтап, жақын қоныс-қыстаулардың тұрғындары Жаратқан иеге ғибадат-құлшылықтарын өтеп тұрған көрінеді.
Уақыт өте келе мешіттің айналасына ұсақ саудагерлер мен қолөнершілер қоныстана бастаған. А.Дубицкийдің жазуынша, 1865 жылдардан мешіт жанында қазақ мектеп-медресесі жұмыс істеп, онда молда Қарабек Байбеков бала оқытыпты. Өкінішке қарай, Ақмола тарихындағы алғашқы мешіт бұл күнде жоқ, 1920 жылы өртеніп кеткен. Бірақ жергілікті мұсылман жамағаты жиылып, тура сол орынға тастан қалап тағы мешіт салады. Ол мешітті 1930 жылы большевиктер жауып, өлкетану мұражайын орналастырады. Ал 1940 жылы ғимаратқа «Қазпиво» сыра зауыты орнығады. Кейіннен біржола бұзылып, орнына көппәтерлі үй салынған.
Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі – Астана қаласында жаңа салынған үш бірдей еңселі мешіт бар. Оның біріншісі – бұрынғы орталық базар жанындағы ескі мешіттің қасынан салынған Сәдуақас Ғылмани атындағы, екіншісі Есілдің сол жағындағы «Нұр-Астана» мешіті болса, үшіншісі – Қазақ елі монументінің жанынан бой көтерген, (құрылысы іс жүзінде бітуге таяған) ашылуы Тәуелсіздік күні мерекесіне жоспарланған Әзірет Әлі мешіті. Бұлардан басқа, қаланың «Шұбар» және «Агроқалашық» шағын аудандарында да Ақмола астана болғаннан кейінгі кезеңде салынған шағын мешіттер бар.