Әлемде мұнай бағасы жиі өзгеріп тұрғанмен, мұнай химиясы өнімдеріне сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Сеебебі, мұнай химиясы өнімдерін қолданбайтын сала жоқ. Сондықтан да барлық экономикалық болжамдарға қарағанда, өнімдерге сұраныс ұсыныстан артық болып отыр.
Сарапшылардың есептеуінше, әлемдегі мұнай химиясы өнімдеріне сұранысты толық қамтамасыз ету үшін алдағы 15 жылда этилен шығаратын 100 ірі, пластмасса шығаратын 400, басқа өнімдерін өндіретін 200 ірі мұнай химиясы зауыттары салынуы керек екен. Қазір әлемдік мұнай химиясы өндірісінен түсетін пайда жылына 1,6 трлн доллар болып отыр. Ал, 2050 жылдарға қарай одан түсетін түсім 15-20 трлн долларға жетеді дейді. Ал, жалпы шикі мұнайға деген сұраныс осы уақыт ішінде 1,7 пайызға өседі деп есептегенде, мұнай химиясы өнімдеріне сұраныс 5,5 пайызға дейін көтеріледі. Бұл мұнай химиясын дамытуды қолға алған елдердің дамуы үшін өте үлкен әлеует, зор мүмкіндік. Сондықтан да әлемдік мұнай қорының тең жартысына иелік етіп отырған Парсы шығанағы елдерінің өзі мұнай химиясы өндірісін дамытуға кірісіп жатыр. Олар жылына 60 миллион тонна мұнай химиясы өнімдерін өндіруді көздеп отыр. Жалпы, жерінде мұнай қоры бар мемлекеттердің бәрі де мұнай химиясы саласын дамытуды жеделдете қолға алып жатыр. Әсіресе, Қытай, Ресей, Иран елдері. Иран мен Қытайдың әрқайсысы 4 ірі мұнай химиясы кешенінің құрылысын аяқтап қалды.
Осы тұрғыдан Қазақстандағы мұнай химиясы өндірісін сараптап көрейік. Елімізде бұл өндіріс саласы мүлде жоқ деуге болмас. Бірақ, олар көбінесе, мұнай өнімдерінің жеңіл түрлерін, жанармай өнімдерін шығарады. Ал, мұнайдан алынатын таза химиялық өнімдер жоқтың қасы. Сондықтан да Қазақстан мұнай химиясы өнімдеріне сұраныстың 92 пайызын импорттың есебінен жауып отыр. Еліміздің экономика диверсификациясын жариялағанына 20 жыл болды. Әсіресе, мұнайгаз химиясы өндірісін дамытып, мұнайды тереңдетіп өңдеу жөнінде бірнеше бағдарлама мен құжаттар қабылданды.
Негізгілерін атап өтетін болсақ: 2001-2010 жылдарға арналған химия және мұнайхимиясы өнеркәсібін қалпына келтіру мен дамыту бағдарламасы, 2003-2015 жылдарға арналған индустралдық-инновациялық дамудың Стратегиясы, 2004-2010 жылдарға арналған газ саласын дамыту бағдарламасы, 2004-2010 және 2008-2013 жылдарға арналған мұнайхимиясы өнеркәсібін дамыту бағдарламалары, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустралдық-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасы. Осы стратегиялық жоспарларға сәйкес, 2019 жылға қарай мұнайгаз өнімдерінің экспорты 2,5 млрд доллар болып, өңдеуші өндірістің 5 пайызына жетуге тиіс болған. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда өсім 41 есеге жетуге тиіс еді. Бірақ, бірақ болып қалды. Әрине, қазір әлемдегі мұнайхимиясы дамуының қарқынынан біз қалып қоя алмаймыз. Оның үстіне мұнайгаз секторы ел экономикасының басты «локомотиві». Оған тың серпіліс беріп, елдегі барлық мүмкіндікті пайдалану қажет. Бұл ел экономикасындағы бірнеше саланың мультипликативті дамуына әсер етеді. Сондықтан да Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайгаз химиясы саласын дамыту мәселесін бірнеше рет қозғады. Әрине, бір саланы дамыту үшін оған әсер ететін факторлар мен салық мүмкіндіктерін қоса қарастыру керек. Әйтпесе, кез-келған бастама бұрынғы қиындықтардан көз ашпай, жаңа жобаларға шыға алмай, бір батқан «батпағында» малтығып тұра береді. Бұл әсіресе, шикізаттық емес салаға қатысты дүние. Өйткені, осы уақытқа дейін шикізат экспортына берілген салық жеңілдіктері, дайын өнімдерді сатуға қарағанда көп болып келді. Сондықтан да шикізат сату - дайын өнім өндіріп сатуға қарағанда тиімді болған еді. Қазір, осы мәселе де талқыға түсе бастаған сыңайлы.
Таяуда Республика Президенті бұл туралы былай деді: «Келесі мәселе. Шикізаттық емес өнімдер экспортын қолдау үшін НДС-ті қарапайым және тез қайтарып беру рәсімін қолдану мәселесін талқылауымыз керек». Бұл осы уақытқа дейін көп айтыла бермейтін мәселе болып келген-ді. Енді бұл тақырып та қозғалды. Шынында да біз кездері еліміздегі жетекші сала болған химия өнеркәсібін біржамбастап жатқан жағдайдан шығару үшін нақты осындай өткір шаралар қажет. Өйткені, елімізде қолға алынған бірқатар химия өнеркәсібі жобаларына қатысушы шет елдік инвесторлардың аздаған «өкпесі» бары айтылып жатыр. Бұл «өкпе» өзгелердің өзегіне де түсіп кетпеуі үшін шұғыл шаралар қолға алынды. Мысалы, өңдеуші салаға инвестор тарту үшін «Инвестициялар туралы» заңды салық жеңілдіктері қарастырылған. Салық кодексі 119-1 бабымен толтырылды. Бұл бап бойынша мұнайхимиясы кәсіпорнын құратын инвестициялық жобалардың, корпоративті табыс салығын төлеуіне байланысты жеңілдіктер енгізілген. Бұл талап кәсіпорын жұмысқа кіріскен күннен бастап 5 жыл бойы күшін сақтайды. Сонымен қатар 4 жылдың ішінде құны 5 миллион есептік көрсеткіш болатын «мұнайхимиясы өндірісінің қызметіне қажет нысан тұрғызған» жағдайда КПН төлеуден босатылады. Әрине, мұндай инвестициялық жеңілдіктер алу үшін үкімет қаулысында көрсетілген қызметтердің басым бағыттарына сәйкес келуі керек. Мысалы, мұнайхимиясы саласында – түрлі май өнімдері, битум, парафин; химия саласы бойынша – полиэтилен, полипропилен, полистирол, силикон, бояулар, лак пен резина өнімдері.
Мұнайхимиясы саласының кешенді инфрақұрылымы шет елдік және отандық инвестицияның, үкімет кепілдігі берілген мемлекеттік емес қарыздардың және кәсіпорынның өз қаржысы есебінен құрылады. Ал, көмірсутекті кен орындарын барлау мен өндіруге лицензия берілген кезде, ең алдымен шикізатты терең өңдеуге инвестиция бөлетін компаниялар басымдық алады. Сонымен қатар, қадағалау жүйесіне де өзгерістер енді. Егер бұрын жеңілдік алған инвестор жылына бес түрлі есеп берген болса, енді ол жылына екі түрлі есеп береді. Бұрын аудиторлық тексеріс қорытындысы жыл сайынғы қажеттілік болса, енді онда компания инвестициялық жобаны аяқтаған соң ғана тапсырады. Сонымен қатар, инвестициялық жобаға қатысатын орта және шағын бизнес өкілдеріне де әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаетың айтуынша осы жылы Мұнайгаз химиясын дамытудың Ұлттық жобасы жасалады. Ұлттық жоба мұнайгаз саласындағы шараларды тездетудың және инвесторларды тартудың оңтайлы жолдарын табатын болады. «Жоба саланы нақты мәселелерді дәл шеше отырып, мұнайгаз химиясын шикізатпен қамтамасыз ете отырып, мұнайгаз химиясы кластерлерін құру арқылы, өңдеудің тың жолдарын таба отырып дамытуды көздейді» дейді министр. Сонымен қатар мұнайгаз химиясын дамытуға қажеттілікті ескере отырып, Үкімет пен инвестор арасында келісім шарт жасау жобасы да қарастырылып жатыр. Аталмыш шаралар елімізде 2025 жылға дейін 5 ірі зауып салуға мүмкіндік береді.
«Күтетін жетістіктер: өндіріс көлемі тоғыз есе өседі, сөйтіп мұнайгаз өнімін өндіру 2 миллион тоннаға жетеді. Ел экономикасына құйылатын инвестиция көлемі 3,9 миллиард долларға жетеді. Соның арқасында мұнайхимиясы өнімін өндіру базасы, болашақта мұнай мен газды терең өңдеудің негізін қалайды. Бұл біздің шикізат экономикасын диверсификациялау мен технологиялық дамуға ұмтылыстың стратегиясына сәйкес келеді» деп тұжырымдайды министр.
Ал әзірше, Қазақстанның мұнайгаз химиясына байланысты 2005 жылы қол қойған 12 контрактісінің 7,9 миллион долларлық 6 жобасы бітуге таяу, немесе аяқталды. Ал 81,5 миллион долларлық қалған жобалар бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Әрине, мұнайгаз химиясын дамыту бір ай, немесе бір жылда жүзеге аса қоймайды. Оны жүргізудің, іске асырудың тегершіктері көп. Бірақ, соның негізгілері, инвестициялық және салық жеңілдіктері мәселелері нақты шешіле бастапты. Олай болса, ірі экономикалық жобаларды жүзеге асыру да жылдамдайды деген сөз.
Серік Ақынжанов