Дамир Абайділдәұлы: "Қалай дегенмен хирург бір адамның өмірін сақтап қалса, басшы мыңдаған адамның өмірін сақтайды"

Адам жанының арашашысы саналатын дәрігер мамандығы қашан да қастерлі. Ал дәрігер сөзімен науқастың жанын, біліктілігі мен білімі аурудың тәнін емдеп, бір сөзбен айтқанда «врач от бога» болса онда науқастың жебеуші періштесі жанында деп санасақ та болады. Осындай ақ халатты абзал жанжардың бірі Дәулетбаев Дамир Абайділдаұлы.

Дамир Абайділдаұлы халық алдында еткен қалтқысыз еңбегінің арқасында «Алтын дәрігер» және ҚР президентінің қаулысымен мемлекеттік 3 бірдей медальмен марапатталған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері және Қазақстан, Ресей қоғамдық ұйымдарының 5 орденін иеленді. Сонымен қатар, әкімшілік жұмыспен бірге дәрігерлік қызметтен де қол үзбеген Ол медицина ғылымдарының докторы, профессор атанды.
Бүгін нағыз ердің жасы 55-ке толып отырған Дамир Абайділдаұлы 1964 жылы 1 қазанда Қызылорда қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Онсыз да талай науқастың алғысына бөленіп жүрген, науқастың туған туыстарының алғысы мен батасынан өзіне күш алатын Азаматты туған күнімен құттықтап,55-ке келген Ердің ел алдындағы есебі болсын деп аз-кем сұхбат жасауды жөн көрдік. Әкесі - Абайділда Сыздықұлы Қызылорда облысына ғана емес, Қазақстанға белгілі инженер. Еңбек еткен қырық жылдық еңбек жолының отыз жылға жуығын басшылық қызметте өткізген. Төрт өнертапқыштық куәлігінің иесі, еліміздің ауылшаруашылығы саласына біршама жаңалық, өзгерістер енгізді. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен және мақтау қағаздармен марапатталған. Анасы Күлжан да, екі ене тәрбиесінен өтіп, ұлы Дамирді жеті айлығында қазақы дәстүрге сай, енесінің қойнына салып береді. Кішкентайынан қос әженің тәрбиесін көрген бала Дамир, үлкендерді сыйлау, сабырлылық, кішіпейілділік, терең ойлау секілді асыл қасиеттердің барлығын апасы мен әжесінің өнегесі арқылы бойына дарытады. Осындай өнегелі отбасының тәрбиесін алған бозбала Дамир мектепті бітірген соң 1981 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1987 жылы тәмамдап, дәрігер-педиатр мамандығын алып шығады. 1987-1988 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасы базасында бала хирургиясы бойынша интернатурадан өтеді.
1988-1991 жылдары осы Қызылорда облыстық ауруханасында анестезиология және жансақтау бөлімінде дәрігер реаниматолог-анестезиолог, сонымен қатар хирург болып та еңбек ете бастайды. Сонымен айналдырған 7 жылдың ішінде өзінің білімді әрі біліктілігінің, сондай ақ, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында облыс ауруxанасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Күні-түні жұмыс істеп уақытпен санаспай, мол тәжірибе жинап, бойындағы барын ғылыммен ұштастырып кандидаттык диссертациясын қорғайды.
Кейінірек, медицинаның қыр-сырын тереңірек үңіліп зерттесем деген ниетпен жас маман, ғылым- білім қуып Алматыға келеді. А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының өңеш, асқазан және көкiрек қуысы органдары хирургиясы бөлiмiнде күндізгі докторантураны оқып, 2002 жылы «Диагностика и хирургическое лечение гастро-эзофагеальной рефлюксной болезни» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, медицина саласындағы бір биік белесті бағындырады. 1999-2003 ж.ж. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарып, 2003-2005 ж.ж. Қызылорда облыстық медицина орталығының директоры қызметіне ауысады.
2005-2006 ж.ж. Қазақ медицина университетінде ғылыми кеңесші болса,
2006-2008 ж.ж. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының өңеш, асқазан және көкiрек қуысы органдары хирургиясы бөлiмiнде бас ғылыми қызметкері бола жүріп, тәжірибесін жетілдіреді, әрі хирургия саласының «майын ішіп, жілігін шағатын» дәрежеге жетеді.
2008 жылы бар білгенін шәкірттеріне сіңіру мақсатында Алматы медицина колледжіне директоры болып барады. Осы аралықта 2 монография, 5 оқулық, 100-ден астам ғылыми еңбектері жарық көреді. Кейінірек, Алматы қалалық 1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, одан кейінгі жылдары Алматы Онкология орталығын басқара жүріп, өз қолымен талай науқасқа операция жасап, аман алып қалады. Яғни барлық уақытта білімін шыңдай жүріп, ғылым саласына тереңірек еніп, ота да жасап, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бірнеше мекеменің аяғынан тік тұруына еңбек сіңіреді.
Дамир Абайділдаұлы Дәулетбаев Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Жапония мен Германияда, Италия мен Голландияда тәжірибе жинақтап, Францияда баяндама жасайды. Швеция, Қытай мен Кореяға барып, мамандығын жетілдіреді. Содан бері қаншама жоғары лауазымды қызметтер атқара жүріп, хирургиядан қол үзбей, талай науқасқа ота жасап, өміріне араша түсіп, аман алып қалады. Бүгінде жан жары Нұржана Несіпбекқызы екеуі 3 бала және 6 немере тәрбиелеп өсіріп отырған өнегелі отбасы.

Бүгін туған күніне орай Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпитальдің директоры, м.ғ.д, профессор - Дамир Абайділдаұлы Дәулетбаевқа арнайы барып жолығып, сұхбаттасқан едік.
- Дамир Абайділдаұлы, дәрігер мамандығын кез-келген жан таңдай қоймайды. Бұл салаға кездейсоқ келетін жан кемде-кем шығар. Әсіресе хирург болу үшін, адамның денесін тіліп, ота жасау үшін жүрегінде түгі бар, батыл болу керек секілді көрінеді. Сіздің дәл осы саланы таңдауыңызға не себеп болды?

- Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым деп айта алмаймын. Өзім қос кемпірдің тәрбиесін көріп өстім. Оның бірі әкемнің анасының анасы ғой, ол кісі 13 перзент көтеріп, ашаршылық кезінде балалары шетінен өліп, екі баласын балалар үйіне тапсырып, кейіннен оларды да біржолата жоғалтып, қалған жалғыз қызының қолында болған. Ол кісіні менің атам анасы ретінде қабыл алып, ал, асыл әжетайым әкемнің бауырларын, немерелерін бағып, олардың балалары, яғни, бізді шөбелерін бағып, шөпшектің қолынан су ішіп бақилық болды. Жатқан жері жарық, иманы саламат болсын. Өзім ерке боп өстім. Кішкентайымнан әжем: «Менің ақ балам, ақ халат киіп дәрігер болады»,- деп айтып отыратын. Сол сөзі қабыл болды ма, кейіннен Медициналық институтқа түскенде, жауапкершілікті сезініп, осы мамандықты таңдауымның өзі Алланың бұйрығы ғой деп есептедім. Дәрігер мамандығы менің мінезіме, тұрмысыма, өмірге көзқарасыма сай келгендей болды. Ал негізі адамның барлық нәрсеге икемі бар, мысалы мен қандай мамандықты таңдасам да, қолымнан келетініне сенімдімін.
- Мысалы сізді Қазақстан көлемінде дүйім жұртшылық таниды десек,- десек, артық айтқандық емес. Қаншама жанның өмірінің арашашысы болдыңыз. Қарапайым облыстық ауруханадан бастаған еңбек жолында қаншама жоғары лауазымды қызмет ете жүріп, хирургиядан қол үзбедіңіз. Бүгінде госпитальді басқарып отырсыз. «Алтын скальпельдің» иегері әлі де болса ота жасап, халыққа көмек көрсетуді сағына ма? Бұл жөнінде ойланып көрдіңіз бе?
- Білмеймін. Қазір қоғам өзгеріп, талаптар да өзгеріп жатыр. Жекеменшік орталықтар да шақыруда. Осыдан бір жыл бұрын Алматы Онкология орталығында қызмет жасағанымда, сол ауруханада 18 отаның түрін енгізген едік. Соның малоинвазивтік ота түрінің 9- ын Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырғандардың бірімін. Дәл қазірдің өзінде бізге келіңіз, ота жасап, көмектесіңіз дегендер көп. Бірақ госпитальде де қыруар жұмыс бар. Бұл біріншіден, екіншіден фармация талабы өзгерді деген мәселе бойынша, басшы басшы болу керек, дәрігер дәрігер болу керек. Егер ота жасап көмектесемін десем, онда мына жұмысты тастауым керек болады. Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Қалай дегенмен хирург бір адамның өмірін сақтап қалса, басшы мыңдаған адамның өмірін сақтайды. Себебі, сен бәріне жауаптысың. Кеңес одағы кезінде көп басшылар сол аурухананы басқара жүріп, ота жасай беретін. Дәл қазір елімізде сондай басшы хирургтерден бір-екеуі ғана қалды. Біздер кеткеннен кейін ондай басшы қалмайтын да шығар. Негізінде ота істейтіндер ота істеу керек. Басшы басшылық қызметін атқаруы тиіс деп біз Батыс Европаның, батыстың үлгісін енгізіп жатырмыз. Оларда менеджмент дейді, басқару жүйесі дегенімізді. Оның бәрі дұрыс та шығар. Бірақ біздің менталитетімізге, халықтың көзқарасына батыстың үлгісі келе қоймайды. Біз солардың стандарттарын елімізге алып келеміз де, былай айтқанда, тәрбиемізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ескермейміз. Ана елде солай екен дейміз де, бірақ ол елдің табиғатының, адамдарының ойлау жүйесінің бөлек екенін, тұрмысының басқаша екенін ойламаймыз. Қазір әлеуметтік желіде жүр ғой, Джон Дэвисон Рокфеллердің Мәскеуге келіп, 1962 жылы басшылармен кездесіп, Америкаға барып айтыпты «бұлар дүниежүзіндегі алып елді басқарып отырғандар, кезіндегі Сталиннің кителін киіп, соның ішінде батып жүр екен» деп. Біз шетелдік костюм киеміз. Мысалы Қытай, Корейдің костюмін қазақ кисе не қолы, не балағы қысқа болады. Не болмаса сыймайды. Сол себепті өзге елдің мәдениетінен бастап тықпалай беру дұрыс емес деген ойдамын. Операция жасаған кезде білесің, ол отаны жалғыз адам жасамайды. Оның көмекшісі, мейірбикесі бар, ол науқасты терапевт қарайды, ЭКГ-ге түсіреді. Ол науқасты отаға жан-жақты дайындайды. Егер бір қателік кетсе, соның ішінде қайнап жүргеннен кейін білесің, қай жерінің кем екендігін. Операциядан шыққаннан кейін соны түзейсің. Дәрігерлерге жағдай жасайсың. Бізде қалай? Басшыға мынау керек дейсің, бірақ ол өзі соның ішінде болмаған соң, иә деп уәде бергенмен, алмауы мүмкін. Ол алынбағаннан кейін хирург барымен істей береді. Ал өзің жүрсең, өзің істегенен кейін, көзіңмен көресің, тіпті ең соңғы жіпті де алуға тырысасың. Құрал-сайманның да түгел болуын қадағалайсың.
- Енді госпитальдің мақсатын ашып айтып беріңізші.
- Қазақстанда мұндай госпиталь екеу ғана. Біреуі елордамызда, ол орталық госпиталь саналса, Алматыдағы Республикалық отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған госпиталь болып табылады. Біздікі 90 төсек орын. Нұр-Сұлтандағы госпитальде 70 төсек орындық. Кезінде Отан соғысы мүгедектерін оңалтып, емдеп, сауықтыру үшін салынған госпиталь ғой. Тамыры сонау 1943 жылы бастау алған. Алматыға «Ивако» госпиталі келеді, сөйтіп бір мектептің ішіне төсек-орын орналастырып, науқастарды қабылдай бастайды. Мысалы соғыста ота жасау арқылы өмірін сақтап қалуды мақсат етсе, госпитальде, мысалы, қолын, аяғын кескен жауынгерге протез дайындап, тағы да операция жасап, еңбекке жарамды етуге тырысады. Жан-жақты көмек көрсетіп отырған. Соғыста от пен оқтың ортасында, қан кеше жүріп, ота жасаған хирургтерді мен мықты хирургтер деп атап айтар едім. Сол уақыттан бастау алған Ресейдің ота жасау мектебі әлі де жалғасып, дамып келеді. Ол елде хирургияның атасы деп Пироговты айтады.
Пирогов Николай Иванович (1810-1881) - ұлы орыс хирургы, ірі ғалым, соғыс уақытындағы орыс хирургиясының негізін қалаушы, көрнекті қоғам қайраткері және педагогы саналады. Уақыт өте келе соғыс ардагерлерінің қатары сирей бастағанда, ота жасау да азайды. Содан терапиялық емнің түрі басымдық алды. Осы Алматыда таудың бөктерінде 120 орындық госпиталь болған. Кезінде сол жерде хирургиялық, ал мұнда терапиялық, неврологиялық бөлімшелер болған. Таудағы госпиталіміз осыдан 19 жыл бұрын, 1999-2000 жж. қатты жер сілкінісі болған кезде, ғимараты ортасынан бөлініп, қызмет етуге жарамсыз деп танылып, комиссияның шешімімен жабылады. Содан бері тек терапия мен неврология бөлімшелері ғана жұмыс жасап келеді. Терапияда 60 орын, неврологияда 30 төсек орын. Госпитальдің құдай қаласа, биыл жобалау құжаттары қаралып, қандай ғимарат болады, ол неше қабаттан тұрады, неше бөлімшесі болады, қандай медициналық құрал-жабдықтар керек? Соның бәрін жобалайды. Қазір тендер бөліп жатыр. Осы айдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Егер қол қойылса, келесі жылдың шілдесінде ме, Алла қаласа, сол экспертизалық тексеруден өтсе; тамыз-қыркүйекте құрылыс жұмысы басталады. Келесі жылға жеті жарым миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Ұлттық Экономика министрлігі Денсаулық министрлігінің ұсынысын қабылдап, алдағы жылға қаражатты қарастырып жатыр. Тек қана сол жобаның дер кезінде тендерін өткізсе, оны өткізетін Қаржы министрлігі. Сонымен келісім шартқа отырсақ, он жылдап шешімін таппаған мәселе шешілер еді. Жоба бойынша екі жылда салынуы тиіс. 2022 жылдары, әрі кетсе 2023 жылы жаңа госпитальге көшеміз. Бұл госпитальде бұрынғы хирургиялық бөлім болмайды. Онда оңалту орталықтары болады. Мысалы, кардиореабилитация, нейрореабилитация, травмореабилитация секілді басқа да бөлімшелер ашылады. Енді дәл бүгінгі күні госпитальге қарайтын халықтың санына келетін болсақ, бізде 800 мыңға жуық науқастардың емделуге құқығы бар. Осы госпитальге тіркелген бір облыстың халқы деп есептеуге болады. Олар кімдер? Олардың 1300-і соғыс ардагерлері, жасы 92- ден асқан жылына 30-35 ардагер емделіп шығады. Сонымен қатар бес мыңға жуық Ауған соғысының ардагерлері, одан кейін Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар кіреді. Кезінде 30 мыңға жуық болып еді, қазір бес-ақ мыңы қалды. 700-750 мыңға жуығы Семей аймағының тұрғындары, олар радиациядан зардап шеккендер. Ал олардың ең бірінші ауруы - қан тамыры аурулары. Екіншісі эндокриндік аурулар, үшіншісі буын аурулары. Осының бәрін ескеріп, сол жаңа ғимаратта 16 орталық ашылады деп отырмыз. Қазіргі мына сіз бен біз отырған госпиталь де жұмыс істейтін болады.
- Бүгінде өкінішке орай соғыс ардагерлерінің саны өзіңіз айтқандай күн санап азайып барады. Жасына байланысты келіп ем алуға шамалары да жетпейді. Облыстарда филиалдарыңыз бар ма?
- Иә. Филиал Қарағандыда, Өскеменде, Алматыда тағы басқа да облыстық ауруханаларда бар. Ал біз Республика көлемінде қызмет көрсетеміз. Алматыдағы номері бірінші клиникалық ауруханасында 25 төсек орындық оңалту бөлімі бар. Алыс аймақтан келетін ардагерлерге әр елді мекеннің облыстық мәслихаты көмектесіп, жол-пұлын көтереді, арнайы қаражат бөледі.
-Жылына неше рет келіп ем ала алады?
-Жылына бір рет немесе науқастың ауруының түріне қарай жылына екі рет ем ала алады. Жалпы жылына үш мыңға жуық науқастарды емдейміз. Болашақта жоғарғы госпиталь ашылса, бес мыңға жуық адамға көмек көрсете аламыз.
-Емдеу ісінде жаңалықтарыңыз болса, бөлісе отырсаңыз.
- Бүгінгі күні сүлікпен емдеуді енгіздік. Бір маманымыз арамен емдеу тәсілін үйренуде. Қан тазалайтын аппаратымызды қостық. Оңалту ісінде мануалды терапияны қостық. Йога тәсілін қолданып жүрміз. Бізде бассейн бар. Әсіресе жүйке жүйесі зақымдалған жандарға бассейннің көмегі орасан. Айта берсек, жаңалықтарымыз өте көп.
-Жаңа әңгіме барысында сүлікпен емдеу туралы айттыңыз. Басқа да жаңалықтарыңызды естіп, риза боп отырмыз. Бұл жағынан алғанда кадр мәселесі қалай шешімін тауып отыр?
- Кадр тапшы боп тұр. Өкінішке орай бұл госпитальде мұндай мәселе бар. Оның себебі, біздің науқастардың жүйкесі жұқарған, соғысты, қанды көргендермен жұмыс жасауға тура келеді. Ол кісілермен жылы сөйлесу керек. Көңілдерінің кілтін таба білу керек. Ондай жандармен жұмыс жасау оңай емес. Бірақ бұрыннан келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер, мейірбикелер жылда келіп ем алатын науқастармен туысқандай боп кеткен. Ал жаңадан келгендер, әсіресе жастар мұндай ауыр салмақты көтере алмайды. Келеді де кетіп қалады. Бірақ соңғы келген жастарымыз жақсы, тәрбиелеп жатырмыз. Оларды қабылдар кезде сынақ мерзімінде сынап, сөйлесіп, конкурс арқылы алып жатырмыз. Кезінде жалақы да төмен болды, қазір құдайға шүкір, екі жыл болды, айлықты көтеріп, қосымша ынталандыру мақсатында ақша қостық айлықтарына. Бүгінде республикалық, қалалық мекемедегі айлықпен теңестірдік, олардан кем емес.
- Жаңа жол-жөнекей, сізге келе жатып, ем алушылармен де тілдесіп үлгерген едік. Еміне де, медицина қызметкерлерінің қызметіне де, күнделікті ішіп отырған тамақтарына да көңілдері толатынын, дән риза екендіктерін айтты. Жалпы неше мезгіл тамақтанады?
- Мұнда бес мезгіл тамақтанады. Сағат 11- де таңғы астың жалғасын береміз. Көпшілігінде ем-шаралардың көптігінен үлгермейтін болғандықтан, өздерінің өтініші бойынша сол асты түстен кейін беріп жүрміз, сағат 16.00-де. Ал асқазан, қант диабетімен ауыратындарға міндетті түрде сағат 11.00- де тамақ береміз.
-Бүгінде әсіресе жастар үлкен қалада айтулы деген медициналық орталықтарда қалып, еңбек еткісі келеді. Жастарды еңбекке тарту қалай жүзеге асырылуда?
- Былтыр онға жуық, биыл жеті жас маман қабылдадық.
- Госпитальдің материалдық- техникалық базасы туралы не айтасыз?
- Тозып кеткен, сол себепті министрлікке керекті талаптамаларды жазып, түсіндірдік. Бізді министрлік қолдап жатыр. Алла бұйыртса, келесі жылы құрал-жабдықтар алып береді. Ал 2022 жылы жаңа ғимаратқа заман талабына сай, оңалтуға қажетті барлық жабдықты аламыз деп отырмыз.

- Әңгімеңізге рақмет. Алла бастаған істеріңізді абыроймен аяқтауға нәсіп етсін. Шипаларыңыз дарып, көпшіліктің алғысына бөлене беріңіздер!
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста