Ауылда тұратын Аверин

Ауылда тұратын Аверин

Әр ауыл-аймақтың, елді мекеннің әлеуетін саралап, келешегіне көз жіберетін уақыт жетті дейді Үкімет. Осы мақсатпен «Өңірлерді дамыту» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданды. Бағдарламаға сәйкес, елді мекендер даму әлеуетіне қарай жоғары, орташа және төмен болып үш топқа бөлінді. Ендігі жерде қаржы-қаражат та осы индикаторларға қарап берілетін болады.
Батыс Қазақстан облысында 450 елді мекен бар. Солардың 53-інің даму әлеуеті жоғары, 359-ы орташа, ал 35-інікі төмен деп бағаланып отыр. Халқының елу пайыздан астамы ауылда тұратын Жайық өңірі үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, тізімге көз жүгіртсек, кейбір ойға қонымсыз тұстарды да аңғаруға болады. Мысалы, Орал-Атырау күрежолының бойында орналасқан, күні ертең марқа етін өндіріп, экспортқа шығаруға бағыт ұстаған Чапаев ауылының даму әлеуеті орташа көрінеді. Ал сол жолдың бойындағы Үлкен Шаған ауылының даму әлеуеті жоғары деп көрсетіліпті. Немесе Жайық өзенінің бойында, қала берді ірі су қоймаларының жанындағы жекелеген елді мекендер әлеуеті төмен деп бағаланған. Мұндай қорытындыдан кейін ол жерлерде болашақта мектеп, клуб, балабақша, кітапхана, дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар салу мәселесі қиындауы мүмкін. Жібі түзу жол, газ, су, жарық, бір сөзбен айтқанда инфрақұрылым апару жайы да күрделенуі ғажап емес.
Әрине, мұндай қорытындыға келуге белгілі бір себептердің негіз болғаны даусыз. Оған таласымыз жоқ. Бірақ, атам қазақ «Өзен жағалағанның өзегі талмас», «Сулы жер – нулы жер» дегенді де тегін айтпаған шығар. Мәселен, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайық жүздеген жылдар бойы талай ауылды жүдетпей асырап келеді емес пе. Құдайға шүкір, «қала қайдасың» деп, үдере көшкен тоқсаныншы жылдардың топалаңы қазір артта қалды. Ауыл халқы тұрақтады, ел есін жиып, ертеңін ойлай бастады. Елбасының тікелей тапсырмасының және Үкіметтің қаржылай қолдауының арқасында мыңғыртып мал өсіріп, бақуатты тірлікке бет бұрғандар саны көбейді. Біздің ойымызша, осындай шуақты кезеңде ауыл-аймақты алаламай, даму келешегіне қарай тағы бір саралап, мүмкіндігінше халықты атақонысында ұстап қалған, алтын бесігінен айырмаған дұрыс секілді. Бұлай деуімізге себеп - облыстың шалғайда жатқан Бөкей ордасы ауданын аралағанымызда, Ақжайық, Теректі аудандарының кейбір елді мекендерінде болғанымызда жергілікті тұрғындардың болашағын ауылмен байланыстыратындығын көрдік. «Не болса да ауылымды тастамаймын», «ата-бабамның зираты жатқан өңірден ешқайда көшпеймін» деп отырған азаматтармен жүздестік. Түлігі сайлы, тұрмысы жайлы шаруа адамын аңғардық. Рас, жекелеген кемшіліктер де назарымыздан тыс қалмады. Өмір болғасын онсыз тағы болмайтыны белгілі. Ендеше әңгіме бағытын өзіміз барған ауылдарға қарай бұрайық.
Жамбылда жайлы тірлік бар
Жамбыл деп отырғанымыз Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты шағын ғана елді мекен. Шағын дегенге тоқымдай екен деп ойлап қалмаңыз. 370 адам тұрады. Бастауыш мектебі бар. Мектептегі білім сапасының жоғарылығының бір дәлелі – осы жерден бастауышты бітіріп, оқуын Бисен ауылында жалғастырған Дина Хасен есімді қарындасымыз биыл «Алтын белгіге» ие болыпты. Шалғайда жатса да, бір қызығы, бұл ауылдан ешкім ешқайда көшпеген. Біз барғанда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен округ әкімі Қайырсапа Саматов тұрғылықты халықпен кездесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап жатыр екен. Ұққанымыз - жамбылдықтарды әне бір толғандыратын түйінді мәселе жоқ. Тірлігі малға қараған ағайын қыстың қамын жазда ойла дегенді мықтап жадыларына түйіп, науқандық жұмыс қамымен жүр. Дегенмен, тек қана малға сеніп отыра бермей басқа да кәсіп түрлерін меңгеру мәселесі бұл жерде де айтылды. «Мал – басты күнкөріс көзі екендігі рас. Бірақ, сол малды ауылдың ішіне жинай бермей қырға шығарып бағу керек. Содан кейін араларыңызда жерді алып мақсатты пайдаланбай отырғандар бар. Егер пайдаланбайтын болсаңыздар ол жерлерді кері қайтарыңыздар, қолынан іс келетін азаматтарға берейік. Тағы бір айтатын нәрсе – мал ұстау өз алдына, ауылға тігінші, шаштараз секілді мамандар қажет. Оқимын, кәсібімді ашамын дегендер болса қолдауға әзірміз» - деді округ әкімі Қайырсапа Саматов.
Жұмыссыздық тек Үкімет шешетін мәселе емес. Адамның өзі екі қолға бір күрек алып, алға қарай талпынбаса тағы да болмайды. Мемлекеттің қолдауымен елдің, жердің игілігін игеру қажет-ақ. Бұл турасында аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың айтқан әңгімесі көпшілікке ой салды. «Мұратсай елді мекенінде үлкен су қоймасы бар. Ал сол жердің жігіттері Құдайдың өзі берген игілікті пайдаланбайды, балықты да ауламайды. Көршілес Ресейден келген балықшылардан өз балығын өзі сатып алып жүр. Жұмыс сұрап келгендерге: «айналайын, ауылдарыңда су бар, құс өсіріңдер» десең, «оған жем керек, оны бағып-қағу керек» деп қиынсынады. Енді маңдайың терлемей табыс табу мүмкін емес қой. Меніңше халықтың санасын осы бағытқа қарай өзгерту керек. Ауылдың тазалығы, зираттарды қоршау тек ауыл немесе аудан әкімінің міндеті емес, жергілікті тұрғындардың да жұмысы болуы қажет» - деді Нұрлан Рахымжанов.
Жамбылдың жайлылығы сол – мұнда соңғы жылдары елді елеңдететіндей, жұртты шулататындай қылмыс тіркелмепті. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Абай Алдабергенов жиналғандардың назарын малды қараусыз қалдырмау мәселесіне аударды. «Әне-міне дегенше күз келеді. Мал болса далада жүр. Бағусыз жүре бергеннен кейін жоғалуы, ұрлануы мүмкін. Әрине, біз іздейміз, бірақ жүз пайыз тауып береміз деп кепілдік бере алмаймын. Алда-жалда мал жоғала қалса жазған арызда малдың құлағындағы сырғаның нөмірін міндетті түрде көрсетулеріңізді сұраймыз» - деді аудандық ІІБ басшысы.
Бөкейлікте полицейлерге тапшылық өткір сезілуде. А.Алдабергеновтың айтуынша, аудандық полиция бөлімінде бақандай 13 адамның орны бос тұрыпты. «Амал жоқ, он жігітті әке-көкелеп өзге өңірлерден шақырттық. 600 шақырым жерге келу оңай ма. Дегенмен, жігіттерге рахмет, пәтер жалдаса да қызметтерін адал атқарып жатыр. Енді сіздерге өтініш – араларыңызда оқу бітірген, әскерге барып келген немесе заңгерлік білімі бар азаматтар болса бізге жолықсын, қызметке қуана-қуана қабылдаймыз» - деді А.Алдабергенов.
Жалпы округтің жағдайы жаман көрінбеді. Округ орталығы Бисен мен Жиекқұм ауылдарындағы мектептер күрделі жөнделуде. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Бисенге таза су кіргізілуде. Мұндай игіліктерден Жамбыл да құр қалмайды. Биыл жобалық-сметалық құжаттама жасалуы тиіс. Әрі қарайғы жұмыстар қаржының бөлінуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақшы екен.
Саралжын тізімнен шыға алды
Саралжын ауылы - аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Соған қарамастан 1400-ден аса тұрғыны бар ауыл бір кездері даму әлеуеті төмен ауылдардың санатында болыпты. Тізімге енді екен деп Саралжыннан жұрт үдере көшіп жатыр десеңіз қателесесіз. Өйткені, өңір мал өсіруге аса қолайлы, мұндағы үш үйдің ең кемі біреуінде жеке көлік бар. Сол Саралжын өткен жылы даму әлеуеті төмендердің санатынан орташаға ауысты. Әрине мұндай жетістік өз-өзінен келе қалмағаны, жергілікті әкімдік пен халықтың қоян-қолтық іс-әрекетінің арқасында мүмкін болғаны түсінікті жағдай. «2009 жылы ауылдық округке әкім болып тағайындалып, алдымен масылдықпен күресті жолға қойдық. Сол жылы мемлекеттен көмек алатын 16 отбасы болса қазір ол жоқ. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 2012 жылы үш адам 9 млн. теңге, былтыр жеті адам 14 млн. теңге несие алды. Ал биыл алты адам 20 млн. теңге несие алып жатыр. Негізі ауданға 54 млн. теңге бөлінген екен, соның жиырмасын біз алсақ, халықтың ынта-ықыласын осыдан-ақ байқай беріңіз. Нәтижесінде округтағы 23 шаруа қожалығы мен тұрғындардың жеке шаруашылығындағы мал басы айтарлықтай өсті. «Нариман», «Айбар», «Әдемі», «Мирас» шаруа қожалықтары жыл сайын 20 адамға әлеуметтік жұмыс беріп отыр. Округтегі қырыққа жуық трактордың жартысы және шөп шабу, жинау техникалары жаңарып, мал азығын дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп, жоспар толығымен орындалуда. Ауылда сауда, суретке түсіру, халықтың демалысын ұйымдастыру, автокөлік жөндеу бойынша қызмет көрсетіледі. Жақында 300 орындық «Маржан» тойханасы ашылды. Ауылдағы барлық әлеуметтік мекемеге, жүзге тарта тұрғын үйге таза су келіп тұр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде былтыр 4 жас маман келді. Міне, халықпен бірлесе атқарған осы жұмыстар Саралжынның даму әлеуеті төмен ауылдардың қатарынан шығуына өз әсерін тигізсе керек. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл бізге бюджеттен 1,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұған біз алдағы көктемде ауылішілік жолдарды жөндеуді жоспарладық. Ендігі шешімін күткен мәселе – жол мен газ. Бұйырса ол күнге де жетеміз деген сенім мол» - деді округ әкімі Қуантай Рашқалиев бізге берген сұхбатында.
Ауылда тұратын Аверин
Кейіпкерімізді таныстырмас бұрын, алдымен осы іссапар кезінде қолғабысын тигізген, бірге жүріп, бағыт сілтеп, жол нұсқаған бір азаматты ерекше атап өткен орынды. Ол азаматтың есімі – Тілек Ғабдушев. Өзі Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы. Бірақ, басшымын деп салқын кабинетті саялап отырмай, журналистермен бірге жолға шығатын әдеті бар. Осы жолы да солай болды. Көлікке Тілек бауырымызды салып алып, Дөңгелек қайдасың деп тартып кеттік. Дөңгелек – атақты Дөңгелек су қоймасының жанында орналасқан елді мекен. Бір кездері Жалпақтал мен Қазталовқа таза су айдап тұрған үлкен станса орналасқан жер. Аудан орталығы – Чапаевтан шамамен алпыс шақырымдай жердегі елді мекен қазір Жамбыл ауылдық округіне қарайды. Былай қарасаң суы да, нуы да бар өңір. Алайда, тоқсаныншы жылдардың ортан белінде станса жабылғаннан кейін бұл жерден халық үдере көшкен. Халық көшкесін тоғыз жылдық мектеп те жабылған. Кезінде үлгі жобамен салынған сол зәулім мектептің азып-тозған ғимараты жанынан бізді округ әкімі Қайыржан Ерешов күтіп алды.
Қайыржан Шарапиұлы аудандағы ең тәжірибелі ауыл әкімдерінің бірі. «Дөңгелек – бұрын бөлек мемлекет сияқты еді. Камен топтық су құбырлар басқармасының қарауында болған уақытында мұнда 200-дей адам тұрды. Қазір содан қалғаны оншақты отбасы, 33 адам. Мектептің түрін көріп тұрсыздар. Аудандық білім бөлімінің теңгерімінде болғанымен, жөндеп, жазғы лагерь немесе басқа бір қажетті нысан ашу үшін көп қаржы керек» - деді округ әкімі.
Тұрғындарының басым бөлігі көшті екен деп Дөңгелектің қалған жұрты екі қолды тас төбеге қойып, безіп кетуден ада. Қайта мал өсіріп, шаруаларын дөңгелетуде. Алақандай ауылдағы екі шаруа қожалығында 450 бас ірі қара, 1800 қой-ешкі, 18 жылқы бар екендігін естіп, таң – тамаша қалдық. Бұған жоғарыда айтқан кейіпкеріміздің де қосып отырған үлесі қомақты екен.
Михаил Аверин – Дөңгелектің байырғы тұрғыны. «Ленинградта туып, Тәжікстанда тұрған мені Қазақстанға, соның ішінде Дөңгелектегі әскери бөлімге Құдай айдап әкелген шығар» - дейді өзі. Әскерден босаған Миша қақтығыстарға ұрына бастаған Тәжікстанға қайтпай осында қалады. Жергілікті малшының қызына үйленеді. Екі ұл, бір қыздың әкесі атанады. Сөздің ыңғайы келгесін айта кетейік, Авериннің жалғыз қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қарияға төрт немере сыйлаған жайы бар. Күні бүгін бір ұлы Михаилдің қолында. 200-ден аса ірі қараны, 700-ге тарта қой-ешкіні бағуға қысы-жазы қолғанат болып отыр. Бұлар бау-бақша да салады. Тамшылата суару тәсілімен егілген көкөністің алды пісіп-төгіліп жатыр. «Ауыл бұрын керемет еді. Қазір де сол мамыражай, шуақты тірлікті қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін жастар ауылға атбасын бұрса екен, адал еңбекке ұмтылса екен» - деп тілегін жеткізді қария бізбен қоштасарда.
Келесі барған ауылымыз Қосшығыр - Жаңабұлақ ауылдық округінің қарамағында. Бұрын 9 жылдық мектебі, медпункті болған, 50-ге жуық отбасы тұрған ауылда күні бүгін 11 үй қалыпты. Соған қарамастан мұнда да мал басы жақсы. Жеті шаруа қожалығы 300-ден аса ірі қара, мың басқа жуық қой ұстайды. Малға қажетті су Киров су қоймасынан қазылған арнамен келеді.
Бізді қуантқаны – ауылдан көшіп кеткен азаматтардың туған ауылына қайта көшіп келіп жатқаны болды. Солардың қатарында Жігер Есқалиев те бар. 2001 жылы Оралға қоныс аударған Жігер біраз жыл қалада жолаушы тасиды. Шаруасы жақсы жүреді. Бірақ, туған елге, жерге деген сағыныш, ата-анаға деген құрмет оның көкейінен кетпей қояды. «Әкем Байғали 45 жыл осында мал бақты. Өзім осында дүниеге келіп, өсіп-өндім. Әке-шешемді де Қосшығырда жерледік. Кеткеннен кейін «ауылым құрып, төмпешік боп қалар ма екен», «әке-шешемнің зиратын қараусыз қалдырғаным қалай» деген ішкі үрейім басылмады. Содан 2013 жылы елге қайттым. Келіп «Боран» шаруа қожалығын құрдым. Інім екеуміз қаладағы үйлерімізді кепілге қойып, «Сыбаға» бағдарламасымен 11 млн. теңгеге 90 бас сиыр, 3 асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Қора-қопсы салдық. Мемлекеттік қолдауы арқасында өткен жылы ірі қараға берілетін 1 млн. 250 мың теңге субсидияға қол жеткіздік. Етті Янайкиндегі бордақылау кешеніне, одан қалса Атырау қаласына тиімді бағаға өткіземіз. Негізі шаруа істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған» - дейді Жігер.
Жігер секілді жігерлі жандар тұрғанда Қосшығырдың ауа бастаған көші қайта түзелер деген үмітпен Теректі ауданына аттанып кеттік.
«Мектебімізді жаппаңыздар!»
Жайық бойын жағалай қоныстанған елді мекендердің болашағы болмауы мүмкін еместігін жоғарыда айтып өткенбіз. Теректі ауданы Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар, Құтсиық, Қоғалытүбек ауылдарына барған сапарымызда бұған тағы да көз жеткізгендей болдық. Әйгілі Жезбұға көлінің іргесінде тұрған Қызылжарда 400 адам тұрады. Ауыл ақсақалдарымен жүздескенімізде олар атақоныс-ауылдан көшушілердің жоқтығын алға тартты. Қайта қаланың шулы тірлігінен шаршаған жастар елге орала бастапты. Жастармен бірге дүниеге келген сәбилер саны артып, қызылжарлықтар жаңа мектеп пен клубты армандап жүр екен.
Округ әкімі Рүстем Мүтиевтің айтуынша, 385 адам тұратын Құтсиықта 700 бас ірі қара малы, 1400-дей қой-ешкі бар көрінеді. Ауылдан қырлыққа қарай бес шақырым жер жайылымға берілген. Тамыздың аяғына таман жергілікті тұрғындар орман шаруашылығы мекемесіне қарасты тоғайдан шөп шауып алады. Бірақ, бір өкініштісі, ауылдан көшіп кетушілер легі көбейген. Соның салдарынан осындағы тоғыз жылдық мектеп жабылып, бастауыш мектепке айналу қаупі төніп тұр. Көліктен түсіп жатқан бізді көрген бір топ ауылдықтар лезде сұрақты жаудырды. «Балалар, мектебімізді жабуға келген жоқсыздар ма?» - деп сұрады алаңдаушылықпен өзін Көркем Ерғалиева деп таныстырған ауыл тұрғыны. Сөйтсек, бала саны 40-тан төмен түсіп кеткендіктен мектеп жабылуы мүмкін. Соған ауданнан комиссия келеді. Комиссия келсе «мектепті жаппаңыздар» деп өтініштерін айтуға әзірленіп жүрген ауылдықтар бізді ауданнан келген өкілдер деп ойлап қалыпты. «Мектебіміз жақсы, ұстаздар ұжымына қояр зәредей талабымыз жоқ. Ұл-қыздарымыз қалада жұмыс істейді. Біз осы жерде немере бағып, оқытсақ деп отырған адамбыз» - деді Көркем апай.
Округ әкімінің сөзінше, бұл ауылда 5 жасқа дейінгі 25 бала бар екен. «Былтырдан бері мектеп жанынан шағын орталық ашсақ деп біраз шапқыладық. Алайда онымыздан әзірге ештеңе өнбей тұр» - деді Рүстем.
Жалпы Құтсиықтағы басты мәселе – судың тапшылығы. Қазылған құдықтардың суы ащы, Жезбұға көлінің бұл жердегі бөлігі баяғыда кеуіп қалған. «Осы су мәселесі шешілсе мал ұстауға бос жерлер жеткілікті. Өткен жылдан бері бес шаруа қожалығы құрылды. Жастарға ылғи айтып жүретінім – жұмыс жоқ деп жата беруге болмайды. Мысалы, қазір ауыл әкімдігінің теңгерімінде үш бөлмелі бір үй бос тұр. Осы үйдің бөлмелерін жеке-жеке алып кәсіп ашыңдар деп жастарға ұсыныс жасадық. Ниет білдіргендер әлі жоқ. Жұмыс бер деп отырмай еңбекке талпыну жағы жетіспей жатыр» - дейді округ әкімі.
Құтсиықтағы жағдай осылай болса, Қоғалытүбектегі жағдай мүлдем басқаша. Мұнда басқа жаққа көшушілер жоқтың қасы. 391 адам тұратын ауылдың 9 жылдық мектебінде 63 шәкірт білім алуда. Ауылда 650 бас ірі қара, 1500-дей ұсақ мал, 300-дей жылқы бар. Клуб істеп тұр. Мың тоннадай күл-қоқыс шығарылған. Және бір қызығы осы ауылдың тұрғыны Дархан Кенжалиев Қоғалытүбекте жай ғана үй емес, қос қабатты коттедж салып, жерлестерін таң қалдырды. Болашағымды осы ауылмен байланыстырамын, мал өсіріп, дәулетіміді тасытамын деген азаматтың әрекеті осындай-ақ болар.
P.S. Қазақ «Ауыл - алтын бесік» деп тегін айтпаса керек. Елде жүріп, маңдай терін сыпырып, еңбек етіп жатырған азаматтарды көргенде көңіліміз бір өсіп қалды. Ондай-ондай ханның қызында да болады дегендей кейбір олқы тұстар уақыт өте түзеліп кетер дегенді де қаперге түйдік. Қандай жағдай болса да ауыл арымасын, ел ешқайда көшпесін!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста