Күннен қорғайтын көзілдірік – сізді сәнді ететін акксесуар ғана емес. Ең алдымен ол сіздің денсаулығыңыз үшін аса маңызды құрал екенін ұмытпағаныңыз жөн.
Көзілдірік таңдаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Бүгінде күннен қорғайтын көзілдіріктерді сатып алу әлдеқайда қолжетімді екені белгілі. Дегенмен, ақша үнемдеймін деп сапасыз көзілдірікке тап болып жүрмеңіз. Өйткені, сырты әдемі көрінгенімен арзан көзілдіріктер жанарығыздан айруы әбден мүмкін.
Ең алдымен көзілдірік таңдар кезде оның шыныдан, әлде пластмассадан жасалғанына мән бергеніңіз жөн.
Шыныдан жасалған көзілдірік ультракүлгін сәулелерінен қорғайтындығына кепілдік береді, пластикке қарағанда заттарды аздап қана бұрмалап, төменірек көрсетеді. Бірақ шыны линзалар 100 пайыз қауіпсіз емес: кез келген жағдайда сынып, көзіңізді жаралауы мүмкін. Сондай-ақ, ол пластикалық линзаларға қарағанда ауырлау болып келеді, әрі көзіңіздің айналасын терлетіп жібереді. Шыныдан жасалған көзілдірікті балаларға қолдануға мүлдем болмайды.
Пластикалық линзалар әйнекке қарағанда жеңіл әрі қауіпсіз. Бірақ пластик ультракүлгін сәулелерін ұстап қала алмайды, тиісінше жанарыңызға қауіп төнеді. Дегенмен, олардың арасында күн сәулесіне төтеп бере алатын түрлері де бар. Мұндай көзілдіріктерді көшедегі жабайы базардан іздемегеніңіз жөн, арнайы оптикаларға барып, мамандардан кеңес алыңыз.
Сапалы пластикалық линзалар Канада, Германия және Франция сынды дамыған елдерде жасалады.
Жалпы, линзаның сапасын өзіңіз де анықтай аласыз. Көзілдірікті киіп, кез-келген затқа қарап көріңіз. Егер ол формасын қатты өзгертпесе көзілдірік сапалы деген сөз. Ал, оның линзасы кішкентай және көзді толық жаппайтын болса, көзіңізді ол күн сәулесінен нашар қорғайды.
Мамандардың айтуынша, көзді күннің зақымынан қорғау үшін қарасұр және қара-жасыл түсті көзілдірік дұрыс. Алғашқысы айналадағы түстерді шынайы етіп көрсетсе, екіншісі ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерлен жақсы қорғайды. Көк линзалы көзілдірікті тақсаңыз, сізге тіптен ыңғайсыз болады, олар көзді күйдіріп жіберуі де мүмкін. Жүргізушілерге сұр және қызыл қоңыр линзалы көзілдіріктер дұрыс. Мамандар көз көру қабілеті нашар адамдарға сары түсті линзаларды ұсынады.
baq.kz