Қостанай облысында қызылша ауруы өршіп тұр. Соңғы он күнде жұқпалы дертке шалдыққандар саны екі есеге артқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv –ға сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде 42 адамнан қызылша анықталды. Оның басым бөлігі облыс орталығында тіркеліп отыр. Сондай-ақ Рудный, Жітіқара қалаларында, Жанкелді ауданында осы ауруды жұқтырғандар бар. Қауіпті індетке шалдыққандардың дені балалар. Көбі дертке қарсы екпе алмаған.
«Ауру ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Ондағы мақсат қызылшаның таралу аумағын, дертке шалдыққан жандардың кіммен жақын қарым-қатынаста болғандығын анықтау. Соның нәтижесі бойынша шұғыл алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әйгерім Қалиева.