Павлодарлық онкологтар меңді сұлулық салондарында алғызбауға кеңес береді, деп хабарлайды BNews.kz.
Рavlodarnews.kz агенттігіне облыстық онкологиялық диспансер директорының міндетін атқарушы Ирина Богомазова хабарлағандай, сұлулық салондарында гистологиялық зерттеулер жүргізілмейді.
«Тері обырына шалдығуға бейімділікті анықтау үшін сараптама жасау қажет. Себебі ерте анықталған ауруды емдеу жеңілге түседі. Меңді қатерлі өскін — мелномамен шатастырып алуға болады. Сондықтан оны жоймас бұрын хирургтің кеңесіне жүгінген жөн», — дейді Богомазова.
Онколог маманның айтуынша, кәдімгі невусты меломаннан бірнеше белгі бойынша ажыратуға болады. Қатерлі өскіннің көлемі мен түсі өзгеріп отырады және қанауы мүмкін. Әзірге мұндай жағдайға байланысты түскен шағымдар бірен-саран. Жылдар бойы жүрген және көлемі біраз ғана өзгерген мең ешбір қауіп төндірмейді. Оны ешбір қиындықсыз лазермен немесе азотпен алып тастауға болады.
«Өңірде меңдерді онкодиспансерде, тері-венерологиялық диспансерде алдыртады, — дейді Богомазова. – Біз гистологияға жіберіп, микроскоппен қараймыз да қорытындысын береміз. Ал сұлулық салондарында мұндай жұмыс жүргізілмейді».
Онкодиспансер директорының міндетін атқарушының сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары тұрғындар арасында меңдерін сұлулық салондарында алдыртып, тері обырына шалдыққандар анықталмаған.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын сұлулық салонында меңін алдыртқан әйел метастаздармен келді. Бұл – төртінші сатыдағы меланома. Мұндай диагноз анықталған жағдайда науқас бір жылдың ішінде қайтыс болады», — дейді маман.
Осылайша, онколог меңді өсіп кететін немесе киіммен, аксессуарлармен жарақаттана беретін болса ғана алдыртып тастауға кеңес береді. Себебі үнемі үйкелесе беретін болса, қауіпсіз мең қатерлі ісікке айналуы мүмкін.
nur.kz