Соңғы 3 жылда ресми тіркелген аборттар көрсеткіші төмендеді. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жариялаған 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда аборт бұрынғыдай бала тууды реттеудің кең таралған практикасы болып табылады. Ресми түрде тіркелген жасанды түсік жасату көрсеткіші соңғы 3 жылда төмендеп келеді. Алайда, Еуропаның басқа елдеріндегі 1000 әйелге шаққандағы ұқсас көрсеткіштен 3-тен 7-ге жоғары.
Соңғы жылдары медициналық көрсетілімдер бойынша аборт саны ұлғайды. Барлық аборттар бойынша олардың үлесі 2021 жылы 75%-ды құрады. Оның ішінде жағдайдың 60%-ы әйел денсаулығымен және 40%-ы нәресте дамуының туа пайда болған ауытқуларымен байланысты болды», - деп жазылған тұжырымдамада.
Құжатта қамтылған Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сай, әрбір алтыншы жүктілік өздігінен немесе мерзімінен бұрын босанумен аяқталады.
«Сонымен қатар, қылмыстық түсіктер санының 2,3 есеге (2019 жылғы 29 жағдайдан 2021 жылғы 69 жағдайға дейін) өсуі байқалады. Бұл түсікке арналған дәрілік заттардың бақылаусыз еркін қолжетімділігімен байланысты», - делінген тұжырымдамадағы министрлік ақпаратында.
Сондай-ақ, құжатта «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асырылуы туралы мәліметтер келтірілген. Атап айтқанда, осы жоба аясында екі жыл ішінде 4 мың сәби дүниеге келді.