Елімізде соңғы 5 жылда медицина саласында мамандардың тапшылығы арта түскен. Әсіресе халық тығыз орналасқан Алматы қаласында дәрігер мамандар жетіспейді.
Алматының медициналық мекемелерінде гинеколог, педиатр, неонотолог, эндогринолог, кардиолог, анестезиолог, реанемотолог, реабилитолог, жұқпалы аурулар дәрігерлері, онколог, ортопед секілді көптеген дәрігер-мамандар тапшы. Жақсы маманға қарау үшін ұзақ уақыт кезек күтуге тура келетіні рас.
Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде медицина саласын таңдайтын жастар көбінесе офтольмология, медициналық кометология, пластикалық хирургия секілді сұранысқа ие,
Мегполистегі осы күрделі мәселені шешу мақсатында Алматы қаласы әкімдігі былтырдан бері резиденттерді тегін оқыту үшін арнайы грант бөліп келеді. Жыл сайын бөлінетін санаулы грант мәселені түбегейлі шешпегенімен, бұл да біраз адамның мамандықты меңгеруіне септігін тигізіп отыр. Әкімдіктің грантын жеңіп алған резиденттер С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде және Қазақ-Ресей медициналық университетінде білім алады. Биыл медицина саласындағы тапшы мамандарды даярлауға жергілікті бюджеттен 1 млрд 355 млн теңге бөлінді. Бүгінде былтыр оқуға түскен резиденттердің 108-і білімін жалғастыруда. Өкінішке орай, 12 резидент оқудан шығып қалған.
Қазақ ұлттық медицина университетінің резидентура сұрақтары бойынша дипломынан кейінгі білім беру факультетінің деканы Абылай Баймахановтың айтуынша, медицина саласын таңдаған әр адам өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі керек.
«Біз студент кезімізде Алматыда қалып, жұмыс істеуді армандайтынбыз. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматының маңындағы аудандарда бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін ғана қалалық ауруханаларда жұмыс істеуге рұқсат беретін. Қала маңындағы туған-туыстарымызды іздеп, қалалық тіркеуге тұруға тырысып, жұмысқа орналасатын едік. Ал бүгінде Алматы қаласы әкімдігі қалалық бюджеттен қаржы бөліп, болашақ мамандардың үлкен қалада жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып отыр. Бұл дегеніміз –болашақ дәрігердің өмірі мен еңбегі еліміздің ең әсем, ең ірі қаласымен байланысты деген сөз. Былтыр грант ұтып алса да, оқудан шығып қалған резиденттердің әрқайсысымен жеке-жеке сөлестім. Олардың көпшілігі, «бұл мамандық менікі емес екен», «мамандықты қателесіп таңдаппын» дегенді айтады. Сондықтан дәрігер мамандығын таңдарда жеті рет ойланып, бір шешім қабылдаған дұрыс. Бюджеттен бөлінген грантты обалды қылмай, нағыз білім алуға ынталы жастар оқыса деген тілегім бар», – дейді Абылай Баймаханов.
Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек білім алумен ғана шектелмейді, дәрігер болу өмірлік таңдау! Өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам өз ісінен қуаныш таба білсе, жұмысына деген шабыты мен сүйіспеншілігі зор болады. Ыстық ықылас, шабытпен істелген іс қана жетістікке жетелейді.
Айнұр Сенбаева