Саттар МӘЖИТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қашан да қолда бардың қадіріне жеткен абзал. Жалпы алғанда, халқымыз бірлік пен татулықтың қадіріне жете алып отыр деуге болады. Әрине, бір өкініштісі, кейбір жастарымыз теріс ағымдардың жетегіне еріп, жолдан адасып, тыныштығымызға қаяу түсіріп жүр. Олар – қоғамда өз орнын таппай адасқандар. Біз олардың қоғамға қайта оралып, дұрыс жолға түсуіне көмектесуіміз керек. Тыныштық болмаған жерде береке болмайды. Ондай береке қашқан елдер баршылық. Ондай мемлекет өркениетке жетпейді, халқының тұрмыс жағдайы ешқашан жақсармайды. Сондықтан әрбір азамат тыныштығымызды қастерлеуі керек. Өткенде бір топ жігіт Үндістанда болдық. Сондағы халықтың тұрмыс жағдайын көріп, Қазақстанда туғанымызға қуандық. Елге қайтқанша асықтық. Қазақ – қиын-қыстау заманда талай ұлтты бауырына басқан халық. Сондықтан Қазақстан тәуелсіз ел болған тұста еліміздің бар тұрғындары қазақ ұлтының маңына топтасып, береке-бірлігі асқан бейбіт ел болуға атсалысуы қажет. Топтасу үшін еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс.
Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы:
– Мағжанның мынандай сөзі бар: «Тұрандай ер жоқ, Түркідей ел жоқ», осы сөзді мен бүгінгі күні «Қазақстандай жер жоқ, қазақтай ел жоқ» деп айтар едім. Бұл – шынайы шындық. Жері қандай кең болса, қазақ халқының пейілі де сондай кең. Өкінішке қарай, сол көңілі дарқан, пейілі кең, жаны жомарт халықтың жақсылығын ұқпайтындар да табылып жатады. Қазақ халқы бірлік, ынтымақтастық үшін бәрін де жасап келеді. Өзге халықтардан соған сай жауап болуы тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы осы елдің суын ішіп, нанын жеп, осы елде өсіп-өркендеп отырған соң мемлекет құрушы қазақ халқының тіліне, яғни мемлекеттік тілге құрметпен қарау керек. Мемлекеттің басты нышандары – жері, тілі. Демек, Қазақ елінде тек қазақ тілі негізгі тіл болуы тиіс. Қазақ елінің әр азаматы қазақ тілін білуге міндетті. Ал қазақ тіліне қарсы адам – Қазақ еліне қарсы адам. Қазақ еліне қарсы адам – қазақ жеріндегі ынтымаққа, бірлікке, тыныштыққа, Қазақ елінің болашағына қарсы адам дер едім. Өкінішке қарай, еліміздегі мемлекеттік тілге деген талап әлі де өз деңгейінде болмай тұр.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Меніңше, елімізде осы 22 жыл ішінде жалпы халықты бір тудың астына шоғырландыратын ұлттық идеология қалыптаспаған сияқты. Әрине, мемлекет тарапынан түрлі шаралар жасалып жатыр. Бірақ олардың ішінде ұлттық идеологияға айналып, халықты қазақ ұлтының маңына топтастыра алатын шара аздау. Мұның бірден бір себебі – әлі де болса, ұлттық бостандығымызды, мемлекеттік тәуелсіздігімізді толыққанды ұғынбай отыруымыз. Сонан соң Тәуелсіз қазақ қоғамын кеңестік заманның сарқыншақтарынан толық арылта алмай отыруымыз. Мейлі мерекелер болсын, мейлі тіл мәселесі болсын кеңестік елес қалмай келеді. Өткенде Астанада Мирзоян көшесіне Сәтбаевтың атын бергенде, оған үдере қарсы шыққандар болды. Бұл санамыздың әлі де Кеңестік синдромнан тазармағанын көрсетеді. Қазақстанның тыныштығы тек қазақ халқына ғана емес, жалпы, Қазақстан халқына қажет екенін түсінетін кез жетті. Мемлекет те өзге ұлттар тыныш болсын деп, қазақтар өзіміз ғой деген ұстанымда болмауы керек.