Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, тарих ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері:
– Сұрапыл соғыста шейіт болған ардагер аталарымызды іздестіру жүйесінің жоқтығының себебі, біріншіден, Тәуелсіздік алған соң күн тәртібіне басқа мәселелер шықты. Ақтаңдақтар тарихы, 30-жылдарды ашаршылық тарихы кеңінен зерделеніп, Ұлы Отан соғысының тарихы көлеңкеде қалған сияқты. ҰОС-ы «біздің соғыс емес, өзге империяны қорғағансыңдар» дейтіндер шықты. Соның салдарынан соғыс тарихын жете бағаламадық. Ал Ресейдің патриоттары Санкт-Петербор қаласы маңайында, Смоленск облысында, Украинаның Харьков маңындағы соғыс қимылдары болған жерлерде көптеген іздеу отрядтары жұмыс істейді. Қазақстандық соғыс ардагерлерінің сүйектері тауып алынып, елге жеткізіліп жатыр. Украинаның іздеуші отрядтары соғыс кезінде ақмолалық №106 қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының жаумен жанқиярлық ұрыстарға қатысқан сарбаздары туралы деректер жинап, Қазақстанмен байланысқа шығып, осындай үлкен бастама көтеріп жүр. Осындай игі істерге, ең алдымен, жергілікті әкімдіктер, қорғаныс саласындағы қызметкерлер ұйытқы болуы керек деп ойлаймын. Әскери- патриоттық тәрбиені жандандыру мақсатында соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарымызды іздестіру оқушылардың, жастардың, «Нұр Отан» партиясының, «Жас Отан» жастар қанатының атқаратын міндеті деп ойлаймын.
Еркебұлан БАҚАБАЕВ, «Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің жеке құрам бойынша Талдықорған филиалының директоры:
– Бізде Ресейдегідей соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіру жайы мұрағат тарапынан жүйеленбеген. Ондай ақпараттар көбінесе әскери комиссариаттың мұрағаттарында, әскери прокуратураның мұрағаттарында болады. Біз келген сұранымдарды осы аталған мекемелерге хат арқылы жолдаймыз. Дегенмен ондай сұранымдар жылына екі-үшеу ғана түсіп жатады. Қазіргі электрондық технология дамыған заманда мекеме сайттарында 1941-1945 жылдар аралығында әскер қатарына алынған азаматтардың тізімдері, Отан үшін, ұрпағы үшін шейіт болған ардагер аталарымыз туралы қолда бар мәліметтер электрондық нұсқада шығарылып отырса, іздеушілерге де, зерттеуші мамандарға да жеңіл болар еді. Бұл – баршамыздың перзенттік парызымыз.
Тимур ЖҰМАНОВ, Д.Қонаев мұражайының директоры:
– Бірінші кезекте бұл Ұлы Жеңіс ұрпақты тәрбиелеудің зор құралы екенін ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі күні оқушылар мен студенттер ол туралы кітаптан оқиды, ардагерлермен кездесіп, әсер алады. Ал ертеңгі ұрпақ ол ерліктерді тек кітаптардан ғана оқитын болады. Оның үстіне, кітаптардағы Ұлы Отан соғысы туралы деректердің аздығын қосыңыз. Ал ертеңгі ұрпақ не істейді? Сондықтан сондай іздестіру жұмыстарына жасөспірімдерді тарту арқылы практикалық түрде жүзеге асырылуы тиіс. Осы ретте бірыңғай мәліметтер орталығының құрылғаны өте пайдалы. Сол арқылы соғыста қаза болған, жоғалып кеткен туыстары туралы ақпарат алуға, олардың ерліктерін насихаттауға зор мүмкіндік туады. Бұл бағыт көрші Ресейде жақсы жолға қойылған. Бұған Ресейдегі «Мемориал» ұйымы дәлел. Олардың соғыста қаза болған, із-түссіз кеткен адамдар туралы мәліметтерді Қорғаныс министрлігі арқылы ғаламтор мүмкіндіктерін пайдаланып, мәліметтер базасына енгізе бастағанына он шақты жыл болды. Бұл мәселе тарих үшін, келер ұрпақ үшін маңызды саналады. Мұндай жүйені қалыптастыру бүгінгі күннің үлесінде.
Соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді іздестірудің қазақстандық жүйесі неге жоқ?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора