Гүлдария ҚАСТЕЕВА, заңгер:
– Бейнелеу өнерінде тұлға жоқ дегенмен келісе алмаймын, ал насихаттың жоғы ақиқат. Әкемнің салып кеткен ізімен жүріп, қазақтың бейнелеу өнерін дамытып жатқан қазақтың ірі-ірі суретшілері баршылық. Жас буын өкілдері де көп, жыл сайын осы саланың маманы болу үшін әйгілі өнер ордаларына оқуға түсіп жатқан. Көптеген көрме болып тұрады. Мен соларға барып, жаңа туындыларды барынша жібермей қарап тұруға тырысамын. Бірақ бір нәрсені айта кетейін, қазір жастар батыстық ағымда кетіп бара ма, әйтеуір, қазақылық аздай көрінеді маған. Әбілхан Қастеев туындыларының ең басты ерекшелігі сол екенін білесіздер, яғни реализм және натурализм. Қазіргі жас буынның ұстанатындығы – абстракция. Сол жағын өзім аса ұната қоймаймын. Біздің бейнелеу өнерінде қазақылықты қайта тірілту керек.
Әбілқасым СӘРСЕНБАЕВ, суретші:
– Сурет өнерінде тұлға бар. Мысалы, өзім Мұстафа Шоқай жолымен тоғыз мемлекетке барып, көрме ұйымдастырып қайттым. Сондай-ақ осы салада қаншама жылдар бойы еңбектеніп келе жатқан Кенжебай Дүйсенбаев деген суретшіміз бар. Мықты суретші, «Тарлан» сыйлығының иегері. Сол сияқты Амандос Ақанаев деген ағамыз бар. Осындай адамдар жайлы қоғам аз айтып жатыр, насихаты, шынында да, кем. Біріншіден, бізде сурет, яғни кескіндеме, мүсін өнері, қолөнер жайлы болсын арнайы басылым жоқ. Сол себепті біз әр жерден анда-санда ғана көрініп қаламыз. Суретшілер мен халықтың арасы алшақ жатуы сондықтан. Тағы бір айтатын нәрсе, қазір фотографиядан көшіретін суретшілер көбейіп кетті. Біз оларды фотограф-суретші не компьютер-суретші дейміз. Күнкөріс үшін шығар, түсінуге болады енді. Олар арнайы тапсырысқа жұмыс істеп, нарыққа бейімделіп кетті. Ал шын суреткерлер елеусіз қалып отыр.
Гүлдана САПАРҒАЛИЕВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты мектеп-интернаты мен колледжінің басшысы:
– Қазір кескіндеме өнері дамымай отыр дегенге мен келіспейін. Себебі біздің суретшілеріміздің дәрежесі өте жоғары. Бір ғана мысал келтірсем, мәселен, мен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжі студенттерін алып, бір-екі жыл бұрын Лондон өнер университетіне бардым. Біздің балалардың суретін көргенде ағылшын университетінің оқытушылары таңғалып: «Біз, расында, кескіндеме өнерінің классикалық бағытын жоғалтып алыппыз, сондықтан біз Шығысқа, яғни мына сіздерден қысқа мерзімге болса да келіп лекция оқып кетуге мұғалімдер шақыртуға мәжбүрміз» деп мойындады. Ол жерге алып барғаным 1-2 курс студенттері еді, солардың туындыларын көріп, әлгіндей ой айтты. Ал, жалпы, бейнелеу өнерінің ең бір үлкен ерекшелігі сол, ол – басқа өнер салалары секілді жарияға жар салмай-ақ, үндемей дами беретін сала. Себебі ол әрдайым өз стилін өзгертіп отыратын эстрада не флешмоб емес. Кескіндеме өзі айғайлауды білмейді, себебі суретші өз жан дүниесін тыныш жерде отырғанда ғана аша алады. Тек оны көретін көз бен түсінетін өре керек.