Айтқали ЕСЕНҚҰЛОВ, отставкадағы генерал-майор, запастағы әскери қызметкерлер одағының төрағасы:
– Кез келген пиротехникалық зат – өте қауіпті. Өйткені пиротехникалық заттарды біріктіре отырып, ірі жарылғаш зат жасауға болады. Осы орайда кейбір қолдан жасалған жарылғыш заттардың пиротехникалық өнімдерден жасалып жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал қолдан жасалған жарылғыш заттардан қоғамға төнетін қауіп өте үлкен. Осыған дейін пиротехникалық заттардың салдарынан үйлер өртеніп жатса, келешекте мұның салдары тіпті ұлғаюы мүмкін. Әсіресе бүгінгідей лаңкестерден қоғамға төнер қауіп артып тұрған кезде пиротехникалық заттардың көшенің кез келген бұрышында сатылымда жүруі өте қорқынышты жайт. Алда Жаңа жыл мерекесінің келе жатқанын ескерсек, пиротехникалық өнім сауда орындарында тіпті кең тарай түседі. Сондықтан қауіпсіздік шарасына орай, пиротехникалық заттардың сатылымына мүлдем тыйым салу керек. Бүгінде пиротехникалық өнімнің таралу жолының бетімен кеткені соншалық, елімізде лицензиясы жоқ өнімдер де қаптап жүр. Шыны керек, ертеңгі күні лицензиясы жоқ өнімнен келген зиянға кінәлайтын адам таппай қалуымыз да әбден мүмкін. Осы орайда пиротехникалық заттың таралымына мүлдем тыйым салу қажет деп ойлаймын.
Салтанат ӘЗІРБЕК, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Негізі, еліміздегі сатылымда жүрген пиротехникалық заттарды бақылау құзыреті Төтенше жағдайлар департаментіне берілген. Ай сайын төтеншеліктер рейдтер өткізіп, пиротехникалық заттарды бастан-аяқ бақылап отырады. Ал біз қосымша көмекші ретінде рейдтерге ере шығып, қылмыстық ахуал байқалған кезде ғана іске араласамыз. Жексенбі күні пиротехникалық заттың салдарынан орын алған өрт пен адам өліміне қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыс құрамы анықталса, біз де өз бетімізше тергеу-тексеру жұмыстарын бастаймыз. Айта кетер жайт, заң бойынша пиротехникалық заттар елімізде тек қана арнайы дүкендерде сатылуы тиіс. Егер осы заң өз күшінде жұмыс істер болса, пиротехникалық заттарға қатысты ешқандай мәселе туындамас еді. Сондықтан заңдағы талап бойынша олардың сатылатын жеріне қатысты бақылауды күшейткен жөн.
Гауһар ДӘУРЕНҚЫЗЫ, Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Пиротехникалық заттарды сақтау, пайдалану, тасымалдау, жою, есепке алу ҚР Үкіметінің 7 қараша 2011 жылғы №1303 қаулысымен бекітілген. Пиротехникалық заттарды сатып алушы мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің лицензиясы болуы керек. Ондай лицензия ІІМ тарапынан беріледі. Көбінесе базарларда сатылатын пиротехникалық заттар елімізге заңсыз жолмен жеткізілетін лицензиясыз өнімдер болып табылады. Заңсыз жеткізілген тауар болғандықтан, арнайы дүкендерде емес, қара базарда сатылымға түсіп, одан әрі кім көрінгеннің қолында жүре береді. 20 қараша күні 15 сағат 48 минутта «Ялян» базары маңынан өрт шығып жатқаны жайлы хабар келіп түсті. Өрт пиротехникалық заттар сақталған контейнерден шыққан. Осы өрттен алған жарақатынан 1992 жылғы азамат оқиға орнында қайтыс болды. Бүгінде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдай пиротехникалық заттарды сақтау ережесінің ескерілмеуі салдарынан орын алуы әбден мүмкін. Алдағы уақытта пиротехникалық заттарға қатысты бақылау жұмыстарын күшейту қажет.
Пиротехникалық заттардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора