Бекзат Жүсіп, «Хабар» телеарнасы жаңалықтар қызметінің редактор-дикторы:
– Ол рас. Қазір ток-шоулар тым көп. Негізі, көп болғаны дұрыс. Көрермен жақсысын өзі таңдайды. Көрермені аз, рейтингі төмен бағдарламаның ғұмыры қысқа. Оған қоса, сан бар жерде бәсекелестік туындап, сапа да артады. Бір-бірінен асып түссек, жақсы тақырып ұсынсақ, оны жан-жақты ашсақ деп ұмтылады. Алайда, өкінішке қарай, бізде олай болмай отыр. Алаңдайтын екінші жағы тағы бар. Бұл – таптаурын тақырып, жеңіл сөз, жауыр болған жұлдыздар, сауатсыз режиссура т.б. Және көпшілігі ток-шоу форматының толық мүмкіндіктерін пайдаланып жатқан жоқ. Бізде модераторды (жүргізуші), жалған кейіпкерді (жасандылық көзге ұрып тұрады), қозғалып жатқан тақырыптың иісі мұрнына да бармайтын мектеп оқушыларын топырлатып жинап аламыз, болса арзандау бірді-екілі кіріспе сюжет қыстыра саламыз. Жауапты тұлғаларды, мемлекеттік орган өкілдерін де шақырмаймыз, шақырсақ келтіре алмаймыз. Міне, көпшілігінің сиқы осындай.
Жарас Ниязбек, «31арна» «Информ бюро» қызметінің редакторы:
– Бүгінде елге қажетті хабарлар мен елді сусындататын бағдарламалар жоқтың қасы. Екі клип пен төрт әні бар әнші қыз-жігіттер телеарналарды жаулап алды. Қазақта «тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Тарихи танымды кеңейтер, көрерменге ой салар, ұлттың ұлылығын ұлықтайтын құнды телеөнімдерді «жұлдызды» шоулар шырмап тастады. Жылтырағанның бәрі алтын деп ойлайтын, рейтингке байланған басшылардың әншілерсіз таңы атып, күні батпайды. Қоғамда сахна көрген, ел алдында жарқ етіп бір көрінген жасанды әншілердің пікірі бәрінен құнды. Олар тарихи мәселеге де, қоғамдық-саяси құбылыстарға да, экономика, пәлсапа, әлеумет, әдебиет, психология, аспаздық, бәріне де әнші пікір білдіреді. Телеарна – үлкен тәрбие құралы. Көрермендердің талғамын ескерген де жөн шығар. Мағыналы, мазмұны терең, ой салатын телеөнімдерді қабылдауға дайын емес деген уәж айтуы мүмкін. Алайда санасына сәуле түсіріп, бай тарих пен құнды рухани әлемге саяхат жасауға мәжбүрлеу керек. Жеңіл, арзан дүниелер баянсыз әрі пайдасыз боларын ескерсек, отандық телеарналарда мәнді әрі дәмді бағдарламалар шығару керек.
Есболат Айдабосын, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Апта-kz» бағдарламасының жетекшісі:
– Біздің телеарналардың көбісінде «пішін» бірінші орынға шығып, «мазмұн» соның құйысқанын тістеп қалған секілді. Жалт-жұлт еткен жылтыраққа әуестеніп кеткендейміз. Кезінде ой түйетін, сауатыңды ашатын бағдарламалар көбірек еді. Рас, салмақты бағдарламалардың дені сол кезде де сынға ұшырады. Режиссурасы нашар, сөйлей беретін бастар (говоряший голова) кімге қызық, өйту керек, бүйту керек дейтін дәліздік күңкілдерді талай естідік. Осы күңкілдер ақыры солардың түбіне жетті. Ал қазір ше? Біреулер «Қуырдақ шоу», «Бешбармақ шоу» деп қазан-ошақты жағалап кетті, «Наша казашаның» шала қазақтары елді күлдіреміз деп тілді бүлдіріп бітті. Бөстекі әңгіме, арсыз күлкіге бой алдырды. Соның салдарынан есіл уақытыңызды шығындап сарылып, теледидар алдында тапжылмай отырсаңыз да, эфирден есті әңгіме ести алмайсыз. Ән мен әншіні де көрінген жерге тықпалап, берекесін кетірдік. Қай телеарнаны қоссаң да – концерт. Ән салып, би билеген жұрт. Қазіргі уақытта журналистика факультетінде оқитын қыз-жігіттердің өзі шоумен мен журналисті айыра алмайтын деңгейге жетті. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бірер жақсы ток-шоулар бар. Бірақ аз.