Қырым Алтай, суретші-реставратор:
– Қазақстанның мұражайларында көне тарихымыздан, мәдениетімізден мәлімет беретін заттар өте көп. Мұражайдағы жәдігерлер археологиялық қазбалардың нәтижесінде немесе жекелеген адамдардың коллекциясынан жиналады. Бұларды сақтандыруға қомақты қаржы қажет. Сондықтан, ең бастысы, жәдігерлер орналасқан мұражайларды мемлекет ерекше назарға алып, жағдай туғызуы керек. Егер жәдігерлер мұражайда бүлінбей, дұрыс сақталып тұрса, оны тек шетке шығарғанда ғана сақтандыру қажеттігі туады. Алайда біздің елде осы құндылықтарды сақтап, қалпына келтіріп отыратын жағдай жоқтың қасы. Мұның себептері көп. Әр жәдігердің жасалған материалына қарай сақтаудың өз шарттары болады, оларды сақтайтын заманға сай құрылғылар болуы керек. Бүгінде мұндай құрылғыларды немістер, жапондықтар жасап шығаруда. Жәдігерлерге реставрация, консервация жасайтын мықты мамандар бізде тапшы. Жәдігер мұражайға алғаш алынғанда ол жан-жақты зерттеліп, оған арнайы паспорт жасалады. Осы паспортта әр жәдігердің сақталу мерзімі, шарттары түгел көрсетіледі.
Кәмилә Кәбекқызы, тарихшы, Астана қаласындағы мұражай маманы:
– Бұл мәселенің көтеріліп отырғанының өзі мемлекеттің, қоғамның, халықтың материалдық жағдайының жақсарғанын білдіреді. Кезінде жәдігерлерді сақтандырмақ түгіл, оларды сақтайтын бөлмені бір қалыпта ұстаудың өзі қиын болатын. 90-жылдары мұражайлар жабылып қалды. Біздің есептеуіміз бойынша, бір жәдігерді сақтандырудың өзі бірнеше миллиондаған қаржыны қажет етеді. Сондықтан, ең алдымен, орталықтағы ірі мұражайлар біздің тарихымызға қатысты ерекше құнды жәдігерлерді сақтандыруды тәжірибеге алып көрсе болады. Бір қаладан екінші қалаға жәдігерлерді шығарып, көрмелер ұйымдастыру бүгінде үрдіске айналды. Осындай жылжымалы көрмеге шыққан жағдайда жәдігерлерді міндетті түрде сақтандыру және арнайы күзет қызметі де қажет. Өйткені тарихи жәдігерлерде біздің бар болмысымыз, руханиятымыз, асылымыз жатыр. Менің ойымша, Қазақстанның мұражайлары жәдігерлерді сақтандыруға біртіндеп келеді. Сақтандырудың белгілі бір ережелерін жасап, жалпыға бірдей ыңғайлы механизмін ойлап табуымыз керек. Мұның бәрі заң жүзінде іске асуы тиіс.
Мұхамбетқали Кипиев, тарихшы, ҚР Орталық мұражайының бас қор сақтаушысы:
– Сақтандыру мәселесі, біріншіден, әрине, қаржыға келіп тіреледі. Шетелге шығарған күннің өзінде сақтандырылатын жәдігерлер 200 бірліктен аспайды. Бұлардың өзі әр жәдігердің құндылығына қарай, 100-200 бірліктің жалпы құны млн доллардан асып кетеді. Біздің мұражайдың өзінде 300 мыңнан астам жәдігер бар. Оның бәрін сақтандыратын болсақ, сақтандыру компанияларына қомақты қаржы аударуымыз керек болады. Жәдігерлердің бәрі – мемлекеттің меншігіндегі дүниелер. Ал мұражай – мемлекеттің меншігіндегі жәдігерлерді сақтаушы, қалпына келтіруші мекеме. Мұражайдың үлкен міндеттерінің бірі – осы және осы қызметі үшін де мемлекет мұражайларға қаржы бөліп отыр. Сондықтан мұражайда тұрған экспонаттарды сақтандыру деген қисынға келмейді. Мысалы, Ресейдің мұражайларында да жәдігерлерді сақтандыру мәселесі қарастырылмайды. Жәдігерлер мұражайдан тыс шығарылғанда ғана бүлінбеуі, жоғалмауы үшін сақтандырылуы керек.
Мұражайдағы тарихи жәдігерлерді міндетті сақтандыру керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора