Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:
– Өз басым қайта қарау керек дер едім. Өйткені әдебиет бір орында тоқтап тұрған жоқ. Даму үстінде. Және заман талабын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан бұрынғы тізімді қайта қарап, бүгінгі күн талабына жауап бере алмайтын шығармаларды алып тастап, орнына соңғы кездері жазылған жақсы шығармаларды қосуымыз керек. Ол тізімде сызылуға тиіс шығармалар жоқ болуы мүмкін. Бірақ сол тізімге қосылуға лайық шығармалар бар екенін ұмытпауымыз керек. Алмасақ та, қосу үшін-ақ қайта қарайтын уақыт келді деп ойлаймын.
Шәкен Күмісбаев, балалар жазушысы:
– Ол тізімді ғана емес, мектеп оқулықтарындағы шығармаларды да қайта қарау керек. Біздегі оқулықтар сол баяғы сүрлеумен кетіп бара жатыр. Сол баяғы шығармалар. Неге оларды заманға лайықтап қайта қарамасқа? Қаншама жақсы шығармалар жазылып, жарық көріп жатыр, соларды неге қоспаймыз? Мысалға, биылғы жылы сегізінші рет қорытындыланған «Дарабоз» бәйгесінің өзі көптеген шығарманың жазылуына түрткі болды. Сол бәйгеде орын алған шығармаларды оқулыққа енуге лайық деп санаймын. Ал ана тізімде алып тастауға болатын шығармалар бар ма, жоқ па, оны білмеймін. Өйткені ол тізімді өзім көрген емеспін.
Қаракөз Смәділ, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі:
– Қазіргі заманға сай жастар әдебиеті, жастар поэзиясы мен шығармашылығын мектеп табалдырығынан бастап оқыту идеясына қосыламын. Яғни міндетті әдебиеттер тізімін заманауи әдебиеттермен толықтырған дұрыс. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Біріншіден, бүгінгі заман тынысымен, бүгінгі заман кейіпкерімен бала мектеп жасынан танысады. Тек мектеп оқушылары үшін міндетті әдебиеттер тізіміне енгізетін жаңа авторлар тізімін осы саланың мамандары бірігіп түзуі қажет деп есептеймін. Яғни заманауи авторлардың туындысының көркемдік тілі, өзектілігі арнайы әдеби-көркемдік талаптарға жауап берген жағдайда ғана осы тізімге енгізілуі керек. Екіншіден, қазір кітап оқу, әсіресе әдеби-көркем дүниелерді оқу мәселесі ушығып тұрған кезде бала ең болмаса жаңа шығармаларды мектептен оқып тұшынар еді деген ойдамын.
Ақберен Елгезек, ақын:
– Жас жеткіншектің жақсы азамат болып қалыптасуына әдебиеттің әсері зор. Өскелең ұрпағымыздың жан-жақты жетілуі үшін балалар оқитын міндетті әдебиеттер тізіміне ұлттық әдебиетіміздің озық үлгілерімен қатар, әлемдік әдебиеттің туындылары да кіруі қажет деп санаймын. Жыл сайын болмаса да, он жылда бір рет бұл тізім заман ағымына қарай қайта қаралып отыруы тиіс. Себебі өмірдің кез келген саласы секілді әдебиет те эволюциялық жолдан өтеді.
Бірінші кезекте балаларға жазатын қаламгерлер мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек. Екіншіден, сол тізімге кіретін шығармалар болашақта қандай қоғамды қалыптастыруға бағытталып отырғандығы тиянақты сарапталуы керек деп есептеймін.