Тұрарбек АСАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Көшеде болмаса қоғамдық орындарда діни уағыз жүргізу тәртіп бұзушылық болып табылады. Сондықтан бұл мәселемен құқық қорғау органдарының мамандары айналысуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, көшеде, қоғамдық орында діни уағыз жүргізушілермен күресуге полиция қызметкерлерінің саны аздық етеді. Сол себепті көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат бұған тосқауыл қоюға атсалысуы керек. Мысалы, дінді уағыздаушы азамат қоғамдық көлікте түрлі діни кітаптарды ұсынып, жанындағы жолаушылардың санасын улап, өзге дінге кіруге үгіттеуі мүмкін. Ол, біріншіден, адамдардың мазасын алса, екіншіден, қоғамда әртүрлі діни көзқарас қалыптастырады. Ол тіпті экстремистік әрекетке үндеуші болуы да ықтимал. Сондықтан көшеде уағыз жүргізушілерге тосқауыл қоюды жұртшылық болып қолға алуымыз қажет. Уағыз тек мешітте айтылуы тиіс. Көшеде уағыз айтушыларды көрген әрбір азамат ол туралы сол сәтте полицияға хабарлауы керек. Тәртіп сақшыларының оларды жазалауға уәкілеттігі бар. Ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірушілермен күресуді қазақстандық әрбір азамат өзінің борышы деп есептеуі тиіс деп ойлаймын.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:
– Жалпы, әрбір азаматтың қандай да бір діни сенімін, ұстанымын басқа азаматтарға жеткізуіне, баяндауына құқығы болуы керек. Бұл, жалпы, сөз бостандығы, сенім бостандығы, ұждан бостандығы қатарындағы адамдардың ең негізгі құқықтары мен бостандықтарына жатады. Алайда кез келген құқық пен бостандықты жүзеге асырудың оңтайлы, көпшілікке ортақ, заңға сай және ең бастысы өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектемейтін, нұқсан келтірмейтін жолдары болуы тиіс. Сондықтан діндар адам немесе дінді уағыздаушы адам, діни идеологиялық ағымның болмаса топтың мүшесі дінді түсіндіргісі келіп, уағыз айтса, айналадағы адамдар оны түсінбей, онымен келіспеуі мүмкін. Яғни уағыз айтушы өзге азаматтардың құқығын бұзып отыр. Демек, көпшілік орындарда дінді уағыздау тәртіп бұзушылық болып табылады. Бүгінгі діни ахуал кернеулі. Сол себепті кім-көрінгеннің көшеде уағыз айтуына тосқауыл қою қажет. Ал біздің халық құқығы тапталып жатса да қайда барып шағымданарын білмейді. Себебі бұл тәртіп бұзушыларды жауапқа тартатын ұйым жоқ. Сондықтан әкімшілік айыппұлмен шектелетін бұл мәселеге тікелей жауап беретін орталық керек. Ол прокуратурадан бола ма, ішкі істер органдарынан бола ма, бірақ ашылуы тиіс.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– ҚР «Дін туралы» Заңына сәйкес, дінді уағыздау тек мешітте ғана жүзеге асуы тиіс. Сондықтан көшеде дінді уағыздап жүргендер заң талаптарын бұзғандары үшін жауап беруі керек. Ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл тәртіп бұзушылықтарға тікелей жауапты. Алайда нақты жұмысты көріп отырған жоқпын. Қазірге бұл күрделі мәселеге олардың неліктен үстіртін қарап отырғандары да түсініксіз?! Әйтпесе, дінді уағыздайтындар ғана емес, көшелерде сырттан келген қайыршылар да көп. Тәртіп сақшылары оларды айнала қашады. Әр учаскелік полиция өкілі өз қарамағындағы аумақта жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс, қоғамдық тәртіпті бұзып жүрген азаматтарды жазаласын, болмаса орындарын босатсын. Тағы бір мәселе – жазаның жеңілдігі. Көпшілік орындарда дінді уағыздайтындарға айыппұл ғана салу тым аздық етеді. Меніңше, көшеде уағыз айтушыларға қылмыстық іс қозғап, жазаны да күшейту керек. Сонда ғана бұл іске тосқауыл бола аламыз.