Марат БӘШІМОВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Қазір көлік адам өміріне үлкен қауіп төндіретін құралға айналып барады. Сондықтан адам өміріне қауіп төндіретін техниканы басқаратын адамдарға тәртіп қатаң болуы керек. Негізі, көлікті кәсіпке айналдырып, онымен нанын тауып жүрген адамдар ешқашан ішіп алып көлік жүргізбейді. Мұны көбіне-көп қалталылар және солардың балалары жасайды. Олар таныс-біліс арқылы сотпен сөйлесіп, айыппұлын төлейді де, қайтадан көлікке отырады. Ал егер тек қана көлік басқару құқығынан айыратын болсақ, онда ішімдік ішіп ұсталған адамдар өзінің қателігін сезінер еді. Қайтадан оқып, емтихан тапсырып, әуре-сарсаңға түскеннен кейін ендігіде ішіп алып көлік басқармайтын болады. Сот та бұл жерде ештеме істей алмай, еріксіз көлік басқару құқынан айыруға шешім шығарар еді. Сондықтан мен мұны қолдаймын әрі осылай етсек жақсы-ақ болар еді деп есептеймін.
Рамазан САРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Мен осы мәселенің басы-қасында жүрген адамдардың бірімін. Біздің қолданыстағы заңымызда бірінші рет ұсталған кезінде, бір жылда екі рет ұсталғанда немесе көлік жүргізу құқынан айырылғаннан кейін де қайтадан тағы ішімдік ішіп алып көлік жүргізсе, оларға қандай әрекет қолдану керектігіне дейін анық жазылған. Оның ішінде тіпті 15 тәулікке дейін қамауға алу мәселесі де қарастырылған. Сондықтан қолданыстағы осы заңды өзгерткеннен жақсы бір нәтижеге қол жеткізе аламыз деп айта алмаймын. Бұл жерде басты мәселе сол заңды дұрыс қолдануда болып отыр. Ішімдік ішіп көлік жүргізгендерге айыппұл салуды да, оларды көлік басқару құқынан айыруды да сот шешеді. Сондықтан бұл соттардың біліктілігіне, олардың әділеттігіне, адалдығына байланысты. Қолданыстағы заңға өзгерту енгізудің ешқандай қажеттілігі жоқ, тек соттардың әділ шешім шығаруына қадағалау жүргізгеніміз дұрыс.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Орталық Азия университетінің Машина жасау және көлік институтының директоры, техника ғылымының докторы, профессор:
– Бұл сұрақ өте орынды қойылып отыр. Бізде қазір заң бойынша ішімдік ішіп алып көлікті басқарған адамға айыппұл салу, сонымен қатар көлік басқару құқынан айыру жайлы әкімшілік жаза қаралған. Бірақ мұның барлығын сот шешеді. Бұл жерде сот ішімдікпен көлік басқарған адамға қандай да бір себептермен айыппұл сала салуы мүмкін. Сонымен қоғамға үлкен қауіп төндірген әлгі шопыр жүргізуші куәлігін алып, қайта көлік руліне отырып, жүре береді. Өткенде ғана Мәжіліс депутаты Орал Мұхамеджанов 2011 жылы бір жылдың ішінде 50 мың жүргізуші ішімдік ішіп алып көлік жүргізіп ұсталғандығы төңірегінде мәлімдеме жасады. Бұл сұмдық емес пе? Яғни бізде ішімдік ішіп алып көлік жүргізу қалыпты жағдайға айналып кеткен. Сондықтан мұны ретке келтіру үшін арақ ішіп алып көлік жүргізгендерге тек қана көлікті басқару құқынан айыру жазасын қолдану керек. Айыппұл сала салу дегенді тоқтатқанымыз жөн. Себебі қаншама адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болып жатыр, мүгедек болып қалуда. Онсыз да өзіміз аз-ақ халықпыз, демографиялық жағдайымыз нашар. Сондықтан бізде ең бірінші адам өмірі қымбат болуы қажет. Бұған тосқауыл қою үшін көлікті басқару құқынан айыру жазасын ғана қолданғанымыз жөн.
Көлікті спирттік ішімдік ішіп басқарғандарға қатысты тек қана көлік басқару құқығынан айыру жазасын қалдыру керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора