Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы, эколог:
– Еліміздегі қауіпті қалдықтарды жою мүлдем дұрыс жолға қойылмаған. Тіпті шағын қалдық өңдейтін цехтарды іске қосуды да меңгере алмай отырмыз. Осы уақытқа дейін қауіпті қалдықтарды жоюға арналған көптеген жоспарлар жасап, тиісті орындарға өткіздік. Бірақ солардың бірде-бірі қолдау тапқан жоқ. Менің қалдықтарды жою мақсатындағы жоспарларымды Елбасымыз көріп, қолдады. Тиісті орындарға тапсырма да берді. Өкінішке қарай, бәрі сонымен тоқтады. Егер біздің жоспарымыз жүзеге асса, еліміздегі қауіпті қалдықтар жойылып, табиғатымыз да тазарып, еліміздің экологиялық ахуалы жақсарар еді. Тіпті қалдықтарды қайта өңдеуден өткізу арқылы, шикізатқа айналдырып, қайта кәдеге асыруға болар еді. Бірақ әзірге еліміз қауіпті қалдықтар мәселесіне қырын қарап отыр.
Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Әрбір ведомствоның қауіпті қалдықтар бойынша жасап жатқан жұмыстары бар. Жыл сайын осы мәселе аясында арнайы қаржы бөліп, өндірістік, тұрмыстық қауіпті қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын миллиондаған қаржы бөліп, мұнай қалдықтарының салдарын жоюмен айналысады. Сондықтан елімізде қауіпті қалдықтарды жою мәселесі мүлдем назардан тыс қалған деп айта алмаймын.
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
– Елімізде қауіпті қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілмейді. Жекелеген тұрғындардың күнделікті тұрмыста тастайтын қалдықтары түгіл, өндірістік орындардан шығатын қауіпті қалдықтарды жою мәселесі де шешілмеген. Соның салдарынан бүгінде Өскемен, Атырау секілді қалаларымыздың экологиялық мәселесі қиындаған. Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың Жезқазған өңіріне түскен сынықтары да толығымен залалсыздандырылып жатыр деп айта алмаймын. Соңғы кездері көп қолданысқа түскен энергия үнемдеуші шамдардың қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына әкелер зияны өте үлкен. Люминесцентті энергия үнемдейтін шамдар қолданысқа пайдалы болғанымен, істен шыққаннан кейінгі зардабы айтарлықтай. Өйткені шынының іші сынап буымен толтырылған. Шам сынатын болса немесе істен шығып қоқыс жәшігіне лақтырылса, онда шынысы сынып, сынап буы ауаға тарайды. Ал сынап буы – өте улы зат. Өкінішке қарай, мұндай қауіпті қалдықтарды өткізетін арнайы орындар да елімізде жоқ. Ал халық істен шыққан шамдарды қазір қоқысқа лақтыра салуда. Оның зардабы ешкімді ойландырмауда. Жалпы, қауіпті қалдықтар мәселесі аймақтық, облыстық деңгейде шешілетін мәселе емес. Арнайы бағдарлама қабылданып, мемлекеттік деңгейде экологиялық ауқымды шаралар атқарудың нәтижесінде шешілетін мәселе. Бүгінге дейін бұл мәселе тиісті орындар мен экологтар тарапынан бірнеше рет көтеріліп, талқыланды. Әйтсе де әлі күнге ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар жасалып жатқан жоқ.