Бағдат Мәжитов, «Ұлан» республикалық балалар басылымының бас редакторы:
–Еліміздің қалаларын айтпағанда, ауылдардың өзінде түрлі компьютерлік клубтар қаптап кеткен. Көптеген бала сол клубтарға тұрақты түрде баруды әдетке айналдырған. Мұны кейбір психолог мамандар құмар ойындар санатына жатқызу керек дегенді айтады. Күні кеше ғана бұл мәселеге биліктің өзі алаңдаушылық танытып, «Балаларды зиянды ақпараттардан қорғау туралы» Заңды қарауға кірісіп кетті. Қалай болған күнде де, ел болашағы саналатын жасөспірімдерімізді теріс тәрбиеден сақтандыруымыз қажет. Сондықтан да біз қоғам болып интернеттің тек қана игілігін пайдалана білуді үйренуге тиіспіз.
Артур Нығметов, саясаттанушы:
– Кез келген компьютерлік ойындар адамды құмарлыққа тартады, психологиялық тәуелділікке әкеледі. Көптеген бала сабақтарына бармай, ата-анасын алдап, күні-түні сол компьютерлік клубтарда отырады. Бұл, әрине, жақсы тенденция емес. Сондықтан компьютерлік ойындарға тыйым салыну керек. Бірақ бұл жерде интернет-клубтарды жабу мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Тек қана құмарлыққа әкелетін ойындар туралы айтып отырмын. Кейбір онлайн-ойындар оқушылардың эрудициясын дамытады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, кейбір шектеу шараларын қолдануымыз қажет деп ойлаймын.
Балжан Мұрат, журналист:
–Компьютерлік клубтарға ойын ойнау үшін емес, интернет пайдалану үшін бірнеше рет барғаным бар. Шынында да, көбі бала-шаға. Ойынға берілген кезде, еліріп, айналадағының бәрін ұмытып кетеді екен. Ондай балаларды компьютерлік ойындарға жай ғана қызығып, құмартушы емес, жан-тәнімен берілген «фанаттар» десе де болғандай. Осындай келеңсіздікті көріп тұрып, қаншама ұрпақтың ақыл-есін улап жатыр. Сондықтан да баланың ойына кері әсер ететін ойындар ұсынатын компьютерлік клубтарға жаппай қатаң тексерістер жүргізіп, қолдан келсе, мүлде жауып тастау керек. Қазақ баласы білім мен ғылымға ұмтылсын десек, оларға барынша жағдай жасайық.
Ерғали Бақаш, Халықаралық «Бөбек» қоры орталығының баспа ісі-редакциялау бөлімінің жетекшісі:
– Бүгінгінің баласын компьютерден басқаға қызықтыру қиын боп кетті. Заман ағымына қарай бар тірлігіміз де осы бір заманауи техниканың көмегімен жүзеге асады. Әсіресе балалардың интернет қажеттілігі мен компьютерлік ойындарға деген қызығушылықтарын пайдалана отырып, осыдан қыруар табысқа кенеліп отырғандар бар. Жалпылай алғанда, компьютер клубтары құмар ойынға жатады деп айту әбестік болар. Бірақ бүгінгі таңда балалардың көбі осы компьютер дегенге әсіре әуестеніп, басымен кіріп кеткен сияқты. Әрине, өздеріне керекті мағлұматты оқып, біліп жатса, өкпеміз жоқ, тек монитор алдында тесіліп отырып ойын ойнаудан аспаса, не деуге болады? Қазіргі балаларды одан да кітап оқуға тәрбиелесек жақсы-ақ болар еді.