Дәурен АРЫН, әлеумет-танушы:
– Соңғы кездері жолаушылар тасымалына байланысты қалааралық және халықаралық жолдарда жолаушылардың қауіпсіздігі мүлдем ескерілмейтінін; осыған байланысты жол-көлік апаты жиілеп кеткенін; жолаушыларды тасымалдауға мүлде рұқсаты жоқ компаниялардың көрсеткіші артып отырғанын; айналып келгенде олардың мемлекетке салық төлеуден жалтаратынын; бұған қоса, қайсыбір жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың сақтандыру құжаттары, көлікті техникалық рәсімдеуі жалған болып шығатынын біз мойындауымыз керек. Тіпті құзырлы орындардың тексеруі барысында елімізде пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен автобустар анықталған. Сондықтан, менің ойымша, жолаушылар тасымалына қатаң талаптар енгізілген арнайы лицензия беруді енгізу керек. Осылай етсек, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын көлік компанияларының саны азаяр еді. Автобус жүргізушілері де осы лицензияның талаптарына сүйену арқылы жұмысқа алынса, жүргізушілер өздеріне бақылау-қадағалау барын сезінер еді. Бұл заңсыздықтың, қоғамдық көлікті жүргізуде арнайы талап бар екенін жүргізушілерге толыққанды сезіндірудің бір шарты деп ойлаймын.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Жолаушылар тасымалына арнайы қатаң лицензия енгізу мәселені түбегейлі шешпейді. Меніңше, бізге бұл саланы тазалау үшін автобустардың және жүргізушінің еңбек және демалыс тәртібін қадағалайтын тахографпен жабдықтау әдісін қолға алған жөн. Біздің еліміз 1995 жылы көлік құралдарының экипажына қатысты Еуропалық келісімге (ЕСТР) мүше болды. Осы келісімге сәйкес, 1995 жылдардың өзінде-ақ автобустарға тахограф орнатуға міндетті едік. Өкініштісі, әзірге бізде бұл іс қолға алынбай тұр. Егер осындай тахографтау жабдықтауына түгелдей енсек, мәселе сәл де болса шешілер еді. Бұдан соң айыппұл мәселесі шешімін табуы керек деп ойлаймын. Қоғамдық көлік жүргізушілеріне салынар айыппұлдың мөлшері өсетін болса, автобус жүргізушілерінің жауапкершілігі артып, тәртіп пен талап-тілекті ескерер еді. Бұл – қала ішіндегі қоғамдық көлікті жүргізушілерге ғана қатысты айтылып отырған дүние емес, қалааралық-халықаралық тасымалға қатысты да мәселе. Сондықтан бізге бұл саланы реттейтін кезең әлдеқашан жетті.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
– Егер автобус жүргізушілері тәртіпке бағынбайтын болса, жолаушыларды тасымалдау барысында дөрекілік көрсетсе, бұл – әкімшілік жауапқа тартылуы тиісті мәселелер. Әрине, бұл жерде жұмыс беруші компания жұмысшысының заңға бағынбайтынына қатысты жауапқа тартылуы да мүмкін. Бірақ бұл жерде жекелеген автобус жүргізушілеріне бақылауды, талапты күшейту керек. Жұмыс беруші оларды жұмысқа аларда арнайы шарттар қоя білуі қажет. Өйткені қазірде ешқандай тәжірибесі жоқ, «аннан-мыннан» келген жүргізушілер де жолаушыларды тасымалдап жүрген жайы бар. Мұның соңы үлкен жол апатына немесе жолаушылардың құқының бұзылуына апарып соқтырып жатады. Сондықтан бұл ретте айтарым, жұмыс беруші компания жүргізушілерге деген шарттарды қатайтып, олардың денсаулығынан бастап, мәдени әдептілігінің жетілгеніне дейін барынша назар аударуы тиіс. Арнайы бақылаушы ұйымдар да бұл мәселені үнемі қадағалауда ұстағаны жөн. Бақылауы мен қадағалауын күшейтпесек, шынымен де, автобус жүргізушілерінің тәртіпке бағынбайтыны, дөрекілігі, этика сақтауға осалдығы дендей береді. Сондықтан бақылауды қатаңдату қажет.