Серік НЕГИМОВ, профессор, абайтанушы-ғалым:
– Меніңше, абайтану пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге ешбір кедергі жоқ. Бар мәселе – ықыласта. Себебі ықыласты ұстаз, ынталы мұғалім Абайды оқуы керек, Абайды білуі міндет. Осыдан кейін мектеп оқушыларын Абай іліміне кеңінен тарту қажет. Ондай мамандар бар. Абайды сүйетін, Абайдың қазақтың беткеұстар ұлттық тұлғасы екендігін түсінетін, «Абай мұрасы – бүгінгі өмірдің айнасы» деп білетін ұстаз ғана өз шәкірттері үшін Абай әлемін аша алады. Бұл күнде Абайға елдің және барлық ғалам қауымдастығының ықыласы артуда. Себебі ол – бір кездегі адамзаттың ойшылдары – Аристотель, Сократ, Платондардың рухын бойына сіңіріп, Пушкинді, Лермонтовты, Гетені қазақ тілінде шырқатып, бүкіл адамзаттың мәдени-рухани қазынасын мүлтіксіз меңгерген тұлға. Сондықтан да қазіргі кезде абайтану мәселесіне басқа халықтар да ерекше мән беріп келеді. Бірақ мектеп деңгейінде бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Біздің Тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіту үшін, рухани құндылықтарымызды тереңдету үшін, жас қазақстандықтарды тұлға ретінде қалыптастыру үшін республиканың барлық мектептерінде Абайтану пәні міндетті түрде оқытылуы қажет. Бұл пәнді барлық жоғары оқу орындарына енгізу керек.
Зульфия ЧЕНЫБАЕВА, Астана қаласындағы №4 мектеп-гимназиясының әдебиет пәнінің мұғалімі:
– Негізі, бүгінде біздің мектептерімізде абайтану пәнін оқытуға қажетті нақты бағдарлама жоқ. Ендеше абайтануды мектеп бағдарламасына енгізуге басты кедергі осы деп білемін. Әрине, қазіргі кезде бұл пәнді оқытудың жекелеген ұстаздар ықыласымен жүзеге асқан бағдарламалары бар. Мәселен, бұл ретте біздің Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының ұстазы Шапиға Атығаева жасаған бағдарламаны атауға да болады. Бұдан бөлек, Астанадағы №8 мектептің мұғалімі Шолпан Әбеуова абайтану пәнін оқыту бағдарламасын әзірлеген болатын. Бірақ 1-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейін абайтану пәнін оқыту жөніндегі нақты бірізді бағдарлама әлі күнге дейін әзірленген емес. Сондықтан да бүгінде Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге ерекше ден қойып, абайтану пәнін оқытудың арнайы бағдарламасын қабылдауы қажет деп ойлаймын.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
– Менің ойымша, барлық қазақ мектептерінде, ең бірінші, Абайтану пәнін оқытудың бастапқы деңгейі болуы қажет. Мектепте Абайдың қарасөздері мен өлеңдерінің мәтіндерін оқытудан бастау керек деп ойлаймын. Оқушы Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін толық меңгеріп шығуы тиіс. Ал жоғары оқу орнында ол Абай мұрасын тереңдетіп оқиды. Негізі, Абайды танып-білуде мектептің орны зор. Мектеп оқушыларын университеттегі сияқты гуманитарлық, жаратылыстану немесе қолданбалы мамандықтарға бөліп оқытпайды. Сондықтан тек мектеп қабырғасында ғана абайтануды барлық жағынан қамтуға болады. Меніңше, абайтануды мемлекеттік білім беру стандарттарына енгізіп, 10-11 сыныптарға аптасына бір рет оқытудың ешбір артықшылығы жоқ. Оған қандай да бір кедергі болады деп ойламаймын. Ол үшін мұғалімдер қауымдастығы тарапынан Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасалса, мектеп бағдарламасына абайтануды жеке пән ретінде енгізуге әбден болады.
Абайтануды жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізуге не кедергі?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора