Жұлдызы биік азамат

Шұғылалы Шығыс. Арайлы Алтай. Шежірелі Шыңғыстау. Таңғажайып Тарбағатай...
Осындай алып даланың күн шығатын бөлігіне Құдай тағала құт құйып бере салған-ау! Иә, қойнауы қорғасын мен мырыш, даласы шалқыған ынтымақ пен ырысқа толы осы мекен жан баласының жанын жадыратпай қоймайды. Жазира даласы да, сұңғыла қаласы да бар, өрекпіген өзені де, жырға толы жартасы мен сырға толы кезеңі де бар бұл өлке байтақ еліміздің картасында Шығыс Қазақстан облысы деп жазылған...

Шығыстың табиғаты қандай әр-алуан болса, жұртының да бітімі сондай бөлек, ой санасы заңғар биік. Барлығының мүддесі бір, мақсаты ортақ. Ұлы Абайдың «Өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» сөзін зердесіне ұялатқан шығыстықтар маңдай терін сауа жүріп, өзін ғана жарылқауды ешқашан мақсұт еткен емес. Өзінен асқанды жұрағаттарына беру, одан артылса елге қамқорлық қылу олардың өмірлік қағидасы. Әрине, қағида тамырсыз болмайды және сол тамырды суалтпайтын күш керек екендігі тағы рас. Ал, оның бастауы ең алдымен елдің береке-бірлігі мен тату тірлігінде жатса, кілті өрелі істің ұйытқысы болып отырған білікті азаматтардың қолында. Дегенмен, көшелі көшке көпшілік қауымды жұмылдыру сол елдің басшылығының табандылығына, һәм парасаттылығына тәуелді екендігі хақ. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ елі мұндай марқасқа ұлдарға сараң емес. Сондай тұлғалардың бірі, бүгінде Шығыс Қазақстан өңірін ұршықтай иіріп басқарып отырған Елбасы сеніміне селкеу түсірмейтін, сенімді серігі, жұлдызы биік азамат Даниал Ахметов жайлы қалам тербеуді жөн көрдік...
«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені... Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі... Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» - деп Абай нағыз ер жігітке баға беріп кетті емес пе?! Еліміздің Егемендік алған жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен небір «қиын нүктелерде» именбей жұмыс істеп, қиындықтан иілмей шыққан Абай айтқан жүректілер саусақпен санарлықтай ғана. Көз көріп, көңіл сеніп тұрған соң, бірден мойындау керек, Даниал Ахметов «жүрек ісімен» өзін мойындатқан Хакім Абай сөзіндегі «жүректі кісі» деп айтуға толық негіз бар. Бұл әркімнің қанжығасына байлана бермейтін сараң бақ. Ендеше жалған мақтан, арзан абыройдың елесіне елтімей, мейірбандық пен рахымды жүрегіне егіз қонақтатқан Ахметовтың Үкіметбасына дейін жоғарылауы кездойсоқтық емес екендігі айдан анық.

Темірқазық

Көк жүзіне зер салып қарасаңыз, самсаған жұлдыздар арасынан темірқазықтың ерекше көрінетіні бар емес пе!? Оның басты ерекшелігі аспан әлеміне мызғымайтын орын тепкендігінен шығар. Сондықтан да болар өз ісіне бекем, болмысы берік, білікті адамдардың мінезін Темірқазыққа теңеп жатпаушы ма едік. Біздің пайымдауымызша Ахметов келбетінің темірқазығы оның біліктілігінде жатса керек. Ал, керісінше Ахметовтың тағы бір қыры сөзбұйдалық, көзбояушылық деген дүниелерді жанымен жек көретіндігі. Қаншама сүбелі істің тізгінін ұстап, тігісін жатқызған күннің өзінде «менің тірлігім» деп ұрандаған тұсын көрген емеспіз. Асыра сілтеуге мүлдем төзбейді. Өзіне тән біртоға мінезімен қиялап жүріп қиянға шығып келеді. Біздің байқағанымыз оның басты мақсаты үкімет бөлген қаржыны қалайда игере салу немесе рейтингілік көрсеткіштер соңында тырыштау емес екен. Хакімнің адамзат қарызына еңбек ету туралы нақылын санасына сіңген әкімнің қазіргі ниеті «халыққа нақты не керек, не мәселеге мән беруі керек және сол сауалды қалай шешу керек» деген түиткілдің түйінін түбегейлі шешу. Кез келген істің байыбына барып жұмыс істеу, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу», мәселенің мәнісін зерттеу, соған байланысты шара қабылдау – Ахметовтың кәсіби қасиеті. Және бұл тұста оның біліктілігіне бас имеске тағы болмайды. Бұған дәлел жетіп-артылады. Бір-ақ мысал, жақында өткен суармалы жерлерді пайдалану мәселелері жөніндегі облыстық жиында:
– Мақсат республикалық бюджеттен қаржы алып су қоймасын салу емес, ол да керек, негізгісі облыста сол каналдар арқылы суарылатын жерлер дайын ба, оған қандай дәнді-дақылдар егіледі, онымен айналысатын халықтың бар-жоғы, күні ертең су берілген кезде соны игеретін шаруаның құрал-жабдықтары бар ма? – деп мәселені төтесінен қоюы нағыз шаруашылық адамының сөзі деп түсіндік.
Мен туған Ұлылар мекені атанған Абай еліне сапарында Абай мен Шәкәрімнің басына барып, құрбандық шалып, тағзым етіп қана қоймай, сол елдегі бірқатар мәселелерді нақты шешіп бергенін көзіміз көрді. Қанша жыл шешімін таппай жүрген Жидебайдағы қонақ жайды жөндеуге қаржы бөлуді, «Еңлік-Кебек» кесенесін жөндеуді, Мамай батырға ескерткіш орнатып, саябақ жасау жөнінде сол жерде тапсырма берігеніне ауыл халқы риза болды. Хәкім тойына үлкен дайындықпен келу, Қарауыл төбеге дейінгі жолды жөндеу, жарық тарту мәселесін шешуге нақты тапсырмалар беріп, қаржы бөлгізді. «Абайды Ұлы дейміз, сол ұлылыққа сай не бітірдік?!» деп талап қоюды осы кісіден естідік.
Биылғы жылғы республикалық маңызы бар мерекелердің қатарында Ұлы Абайдың 170 жылдығын арнайы қосу, соған сай тапсырмалар беру – облыс әкімі ретінде ұлы ақынға деген, ұлы ақын арқылы қазақ халқына деген шексіз құрметі деп білеміз.
Республикалық масштабта ойлау, керек болса әлемде болып жатқан экономикалық қатынастардың әсерін білу, соған байланысты іс-шара жасап, алдын-алу – көптің ішінен Даниал Ахметовтың көшбасшылық қасиетін даралап тұратын қасиеттерінің бірі деп айтар едік.
Өзгені жамандаудан аулақпыз. Дегенмен Елбасы қанша сынап жатқанмен бүгінде республикада, басқа аймақтарда көптеген зауыт-фабрикалардың жарқырап ашылып, жалындап жанып үлгермей, жалп етіп сөніп жатқанын көріп көңіліміз құлазиды. Лентасы қиылғанмен, ырысы жиылмай қалғандары қаншама?! Индустрализация игілігін көрсетпей жатқанын, жұмсалған қыруар қаржының қайтарымы болмай жатқанын «сиырқұйымшақталған» кәсіпорындардың өңінен байқарсыз.Осы орайда Ахметов құрылғысы салынбай кеңсесі салынатын, зауыттың ашылуы мен шашудың шашылуынан қайратының басылуы тез болатын кәсіпорындарға жол бермес пе еді деген ой қылтия қалады...
«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес..» деп Абай айтпақшы Даниял Кенжетайұлы ертеңгі күннің бұлыңғыр елесінен бүгінгі күннің нақты ісін еңсергенді жөн көреді.
Орынсыз қаражат шығармай, мемлекет қаржысын үнемді пайдалану, сапаға баса мән беру – жұмыстағы басты мақсаты екенін түйдік. Шаруашылыққа керек қондығылармен қамтамасыз етуде арзан қол Ресей мен Қытайдың техникаларын алғаннан, қанша қымбат болса да батыс елдерінің соңғы үлгідегі қондырғыларын алу бойынша тапсырма беруі – жұмыстың мәнін түсінетін кісінің ісі. Қай сала техникалары болсын өндірісте, ауылшаруашылығына алынатын қондырғылардың түр-түсін, маркаларын, оның қабілетін, жұмыс істеу қарымын, жер жағдайына қарай қалай қолданылуын жете білуі – нағыз шаруашылық адамы екендігінің тағы бір дәлелі.
Оған қоса біздің мамандардың сол техникаларды білуі, игеруі, жұмыс істей алуы, адам факторы, ресурс факторы, табиғат жағдайын ескере отырып жұмыс істете білуі тек, басшы, әкім ғана емес, білікті ұйымдастырушы, білгір маман екендігін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, Шығыс Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының басшылары көбінеки басқа ұлттың өкілдері. Олар бұл күнге дейін өздерінің ішкі дүниесіне өзгелерді кірістірмей, бер жақтан сырғытып шығарып салатынын білеміз. Ал, дәл Даниал Кенжетайұлының білгірлігіне бүгінде осы басшылардың сескенетіндігін жасыруға болмайды.
Ол кісінің басшылығымен облыс аумағында жұмыс жасайтын құрылыс компанияларының сапалы жұмыс істеуіне баса назар аударып, жергілікті жерге салық түсіруді дұрыс жолға қою ісі жанданды.
Облыс бойынша ауылшаруашылығы, оның ішінде сүт өндіру кәсібі мықтап қолға алынды. Сүт жинақтаушы орындар ашылуда. Дегенмен, бұл фермалар сүт өндірмейтінін, тек жинақтайтынын жақсы түсінеді. Осыған орай әрбір ауданға суармалы жерлерді мейлінше пайдалана отырып, азық қорын дайындау, сауын сиырлардың, асыл тұқымды сиырлардың санын көбейтіп, сүт сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарға тапсармалар берілді. Бүгінгі таңда осы бағытта табандылықпен жұмыс істеуде.
Хәкім Абайдың «Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік...» деп келетін сөзіндегі қасиеттер Даниал Кенжетайұлының табиғатынан осы тұста анық байқалады. Бізге тек қолынан іс келетін адамға тірек болып, қолдау көрсету керек деп ойлаймын.

Құс жолы

Тағы да түнгі аспанды көз алдымызға елестетіп көрелікші. Қара түнек көк жүзін көлденеңдей көмкеріп, шұғылалы сәуле шашқан Құс жолы жатыр-ау. Дәл маңдайыңда жарқырап, «оң-солыңды айрып ал» деген ниетпен жол нұсқап тұрғандай. Бүгінгі Алаш жұртының «құс жолын» кесіп-пішіп берген Елбасының сарабдал саяси көрегендігінің арқасында елімізде жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл тұрғыдан алғанда Шығыс өңірінің ділі тіптен ерекше. Кейбір аудандардың 60-80 пайызын өзге ұлт құрайды. Ендеше бұл өңірге іскерлілік пен біліктілік аздық етеді. Сарабдал әрі сұңғыла саясаткерлік қимылсыз істің қыбын табу қиындау. Қаншалықты жүректі, қаншалықты ұлтжанды бола тұра әсіре іске бару ағаттық болар еді. Дәл осы тұста Абайдың «Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі  екен, соны  көрдім»-деген сөзі еріксіз ойға оралады. Әрине, саясаттың сүйегінен түйме түйген Ахметов бұл тұжырымның мән-мағнасын жақсы түсінеді. Егер басшысы сол елдің жанын, руханиятын, мәдениетін, дінін, ділін бөліспейтін адам болса, білімсіз тірліктен бірлік іріп жатса экономикалық-әлеуметтік жағдайдың өркендемейтіні де жадында жүргені анық. Сондықтан болар, іс басында жүрген азаматтардың сол елмен біте қайнасуы, жоқ жерден ши шығарып алмай абыройлы қызмет етуі облыс әкімін қатты алаңдатады. Кадр мәселесінде көздің түсіне қарай бөлінушілікке қаны қас. Оның санасындағы басшы Отанын сүйетін, мемлекетшіл, өз ұлтына табынатын, өзгеге сыйластықпен қарайтын адам. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой» деген сөз облыс басшысының ел басқарудағы принципін анықтап тұрғандай. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» сөзін мықтап жадына тұтқан Ахметов үшін негізгі мақсат елдің әл-ауқатының дамуы. Осы жолда өзіміздің «қаракөздерге» нақты талап қойып, бар күш-жігерімен жұмыс істеуге, өзгелерді бауырына тартуға шақырады. Ұлтжандылық қай заманда болмасын қайраткер азаматтардың ұлы қасиеті. Ұлт тағдыры, ел намысы үшін Ахметовтың аянбайтынын, қолдан келетіннің бәрін жасайтынын біреу білсе, біреу білмес.

Елдің ертеңгі иесі де, киесі де бүгінгі ұрпақ екендігі бес енеден белгілі. Ендеше мемлекетіміздің ертеңі үшін бүгін ұрпақ тәрбиесіне, мәдениетке, руаниятқа, өнерге айрықша мән беру заманауи саясаттың көкейтесті мәселесі. Шығыс әкімі бұл мәселені де назарда ұстап отыр. Облыста биылғы жылы бірнеше жыл өткізіліп келе жатқан «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық шарасы, «Алтын Алтай» халықаралық ән фестивалі, «Халықаралық археологтар форумы» және Ұлы Абайдың 170 жылдығы секілді бірқатар мәдени шаралар өткізіледі. Ахметовтың басшылығымен тарихта алғаш рет облыс бойынша олимпиадалық спорттың 6 түрінен мектеп ашылып, қаражаты шешілді. Шалғай ауылдарға, аудандағы балалар спорт мектебі базасынан бассейн салуға тапсырма берілді. Спорт емханасы, Футбол академиясы салынбақ. Семейде балалар спорт интернаты, Аягөз, Үржар аудандарында жабық мұз айдындарын салу жаспарлануда. Балуанның бағын ашатын бапкер болса, білікті жаттықтырушыларды шет елдерге жіберіп, тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік ашылғанын естіп марқайып отырғанымызды несіне жасырайық?! Жырақта жатқан Абай ауданындағы қара табан жасөспірімдерге бассейн салып бермекші екенін естігенде ауылымызда қуанбаған жан жоқ шығар?!

Айдың арғы беті

Түпсіз, түсініксіз аспан әлеміндегі адамға ең жақыны Күн мен Ай десек те, осы екеуінің құпиясын әлі аша алған жоқпыз-ау. Түн баласында тостағандай төңкеріліп жатқан Айға қанша телміріп қарасақ та, оның арғы бетінде не құпия барын қайдан білеміз?! Адамдар да солай. Бет-жүзіне қарап болмысын дөп басу мүмкін емес. Ахметовтың де тұңғиығы терең. Дегенмен оның мінезіндегі сабырлылық пен біліктіліктен басқа білеріміз, ол талапшыл адам. «Адам баласының ең жаманы - талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді...» дейді данышпан Абай.

Әрине, талап қылушылардың да түр-түрі бар ғой. Дегенмен жұмыстың жүйесін түсіндіріп, істің мәнісін айқындап, жол нұсқап барып бүкпесіз талап қою – ол кісінің адами қасиеті. Біздің білуімізше осы уақытқа дейін ол кісі айналасындағыларға адами қасиетпен қарап келді. Әрине, «талаптың тұлпарына мініп, тас қияға өрлемегендікті» байқаса шарт кетуі мүмкін. Сондықтан облысымыздағы барлық әкім қаралар мен басқарма басшылары мұндай жағдайға жібермеуі керек, нақты жұмыспен айналысуы керек. Тегінде өзінің білімі төмен адам өзінен білімді адаммен жұмыс істесе жалтарып, толық қабылдамай, істің бітпеуіне сылтау іздейді. «Осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады...» деп Абай атам айтып кетті емес пе. Ендеше бүгінгі заман талабы бұндай әрекеттерді көтермейді. Ал Ахметовпен бірге жұмыс істейтін «ақ жағалылар» өз уақыттарын бос сөзбен, сылтау іздеумен өткізбей, нақты жұмыс жасап, қарымды қызмет істеуі керек. Талап сондай. Дегенмен Даниял Кенжетайұлының адамдығын айқындап тұрған жағдайлар баршылық. Кісілікті кішілікпен үндестірген басшыға халық көңілі көлдей шалқитыны рас.

Таразы

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың...» Бұл да Абайдың сөзі. Біздің пайымыздағы Даниал Ахметов адамдық борышын адал атқаратын, халыққа болса, ел игілігіне берілсе деген тілекпен жұмыс істейтін қайраткер тұлға. Бұл мақалада айтылғандар облыс әкімін жалған мақтау, мадақтау үшін жазылып отырған жоқ. Оны айтып дәріптеуді өзі де жек көреді. Бұл ол кісінің кемшілігі деп білеміз. Себебі ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған жаһандану заманында ол кісі көбінеки қарапайымдылық қасиетінен танбай, дабыра қылуды жөн көрмейді. Әрине бұл да керек шығар, дегенмен нақты істелген істі қарапайым халық білуі керек деп есептейміз.
Адамзаттың асыл қасиеттерін оймен шолу, көңіл таразысына салу, зерделі пікір, зерлі сөз айту үшін алдымен Абайға қарайтынымыз белгілі.  «..Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым..» деп ұлы ғұлама айтқандай бұл мақалада біз Ахметов кәсібилігін Хәкім сөздерімен жүйелеп көрдік. Дұрыс-бұрыстығын өздеріңіз таразыларсыздар...

М.Дүйсембаев

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста