Мамыр айынан бастап «Нұр Отан» партиясының бастамасымен мемлекеттік қызметкерлерді табыс декларациясын жариялауға шақыратын «Өзіңнен баста!» атты акция басталды. Негізінен, бұл бастама барлық шенеуніктерге қатысты болатын, алайда осы уақытқа дейін табысын жариялап жатқан шенеуніктердің басым бөлігі – орта деңгейлі мемлекеттік қызметкерлер. Дегенмен облыс әкімдерінің белсенділігі қуантады.
Осы уақытқа дейін жария етілген табыс декларацияларын сараптай келсек, облыс әкімдерінің арасында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің табысы ең көп болып шықты. Самат Ескендiровтің 2012 жылғы табысы 10 млн 697 мың теңгені құрады. Сонымен қатар әкімнің тұрғын үйі және аумағы 0,05 гектарды құрайтын жер учаскесі бар.
Сонымен қатар Павлодар облысының әкімі де «Өзіңнен баста!» акциясына үн қосқан болатын. Өңір басшысы Ерлан Арынның өткен жылғы табысы 7 млн 626 мың теңгені құрапты. Айлық жалқысы 635 506 теңге. Астанада төрт бөлмелі пәтері, Павлодарда төрт бөлмелі пәтері мен гаражы бар. Облыс әкімімен бірге оның орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов та табысын жариялаған болатын. Оның айлық жалақысы – 357 000 теңге. Алматыда үйі және Астанада пәтері, «Тойота Лэнд Крузер-100» және «Мерседес Гелендваген» автокөліктері бар.
Әкімдер арасында үшінші кезекке Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов лайық екен. Оның жылдық еңбек ақысы – 6 млн 738 мың теңгені құрайды. Жекеменшігінде Астана қаласында орналасқан жер учаскесі, «Тойота Лэнд Крузер-200» автокөлігі бар.
Қанағатшыл әкімдер де бар екен
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың табысы жоғарыда аталғандардан аз болып шықты – 5 млн 532 мың. Декларацияға сәйкес, облыс әкімі айына 461 мың теңге жалақы алады. Бес баланың әкесі атанған мемлекеттік қызметкердің басында жылжымайтын мүлік жоқ екен, қызметтік пәтерде тұрып жатыр.
Облыс әкімдерінің арасынан табысы мен тұрмысы ең қарапайым адам Қызылорда облысының әкімі болып шықты. Қырымбек Көшербаев өткен жылы 4 млн 950 мың теңге жалақы алған. Дегенмен мүлкі жөнінде ақпарат берілмеді. Бір қызығы, жылдық табысы жағынан әкімнен гөрі оның орынбасарлары бірнеше есе артық олжа көрген екен. Орынбасарлары Ғалым Әмреев – 17 млн 110026 теңге, Нұржан Әлібаев 12 млн 242 мың теңге табыс тапқан.
Облыс орталықтары әкімдерінің арасында екі қаланың әкімі ғана табысы жөнінде мәлімет берді. Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің орташа айлық жалақысы 387 667 теңгені құрайды. Сонымен қатар қала басшысының Павлодарда бес бөлмелі үйі бар. Оның басқа жылжымайтын және жылжитын мүлкі жоқ.
Ал Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбекұлының өткен жылғы кірісі 1,8 миллион теңгені құрапты. Айлық жалақысы 150 мың теңге. Оның жеке пәтері, оған қосымша жер телімі бар.
Министрлер неге табысын жарияламайды?
Министрлер арасынан табысы мен мүлкі жөнінде толыққанды мәлімет берген Серік Әбденов еді. Алайда енді оны экс-министр ретінде еске аламыз. Оның айлық жалақысы 600 мың теңгені құраған. Зейнетақы жинағында 3,5 млн теңге қаржы бар. Сауда және индустрия министрі Әсет Исекешев табысы жөнінде нақты мәлімет бермесе де, айлығы мен шайлығы экс-министр Серік Әбденовтікіне жақындайтынын айтқан болатын.
Үкімет маңындағы шенеуніктердің арасында мүлкі мен табысы жөнінде кеңінен ақпарат берген бір адам болса, ол – Қайрат Лама Шариф. Дін істері агенттігінің төрағасы: «20 жылдық мемлекеттік қызметімдегі жұмыс өтіліне орай, менің агенттік төрағасы ретіндегі мансаптық айлық жалақым 607 319 теңгені құрайды. Қолыма тиетін таза айлық жалақым 493 794 теңгені құрайды. Қазіргі таңда Халық банкінің зейнетақы жинақтаушы қорындағы жалпы зейнетақылық жинағымның сомасы 5 млн теңгені құрап отыр. Жекеменшігімде әрқайсысы үш бөлмелі екі үйім бар, біреуі Астанада, екіншісі Алматы қаласында, оны 1989 жылы тұрғын үй кооперативінің қатысушысы ретінде иеленгенмін. 2010 жылы шығарылған «Тойота Прадо» жеңіл автокөлігім бар», – деп жазды.
Шығыс Қазақстан облысының шенеуніктері жарады
Жалпы айтқанда, «Нұр Отан» партиясының «Өзіңнен баста!» акциясына барынша қолдау көрсеткен өңір – Шығыс Қазақстан облысы. Бұл аймақтағы шенеуніктердің 300-ге жуығы табыс декларациясын жариялап үлгерді. Екінші орында – Павлодар облысы. Мұнда 100-ге тарта мемлекеттік қызметкер табысын жария етті. Үшінші кезекте Оңтүстік Қазақстан облысын атауға болады. Табысын жариялаған қала әкімдерінің арасында Шымкент қаласының экс-әкімі көш бастап тұрған болатын. Өз еркімен қызметінен босаған Қайрат Молдасейітовтің кірісі 319 млн теңгені құрапты. Шындығын айтқанда, жұртшылық оның табысының көптігіне емес, мүлкі мен табысын жасырмай айтқанына таңғалып жүр. Біздің жағдайда мұны да кішігірім ерлікке балауға болады.
Түйін
Дегенмен қоғам өкілдері бұл мәліметтерді ресми мәлімдеме ғана, қыруар мүлік туыс-туғанның атына жазылады деп сенеді. Әрине, бұл – жалаң айыптау емес. Жалақысы 300-500 мыңды құрайтын шенеуніктің құны 100 мың доллардан жоғары бағаланатын көлікті қалай иеленгені – кімге де болса жұмбақ. Дегенмен «Өзіңнен баста!» акциясы уақыт өте келе нақты жемісін береді деп сенеміз.