Өзбекстан Президенті И.Каримовтің үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген келісімдер екі елдің қарым-қатынасының барлық саласына серпін беріп жатыр.
Мұндай пікірді кеше Алматыда болып өткен «Қазақстан-Өзбекстан: дипломатиялық қатынастың орнауына – 20 жыл» атты халықаралық ғылыми конференцияда Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Алишер Салахитдинов айтты. «Қазақстан біз үшін – ең жақын бауырлас ел. Уақыт сынынан өткен дос және сенімді серіктес. Қазақ, өзбек халықтары – бір бәйтеректің қос бұтағы іспеттес көп ғасырлық тарихы мен төл мәдениеті тамырлас елдер. Қазір екі жақты қарым-қатынас мемлекет басшыларының саяси еркінің нәтижесінде өз дамуының жаңа кезеңінде тұр», – деді А.Салахитдинов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан Премьер-министрі Серік Ахметовтің Өзбекстанға ресми сапары жоспарлануда. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық және халықаралық саясатта біртұтас ұстанымда және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, тұрақтылық пен орнықты дамуда және Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалануда ортақ пікірде. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық ұйымдарға белсенді қатынасып, бір-біріне өзара қолдау көрсетеді.
Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы дамуда
Последние статьи автора