Қазір көптеген елдерде ерекше маңызды шаралар волонтерлердің араласпауынсыз өтпейді. Кез келген айтулы шараның басы-қасында қоғам игілігі үшін барын салып, әр іске үлес қосуға дайын тұратын альтруист азаматтар жүреді. Бойында патриоттығы бар, ел дамуына үлес қосқысы келетін азаматтар Қазақстанда да бар. Алайда, өкінішке қарай, олардың ұйымдасуы, жұмыс жасау механизмі әлі жолға қойылмаған.
Қазақстанда волонтерлер бар ма деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, екіұшты жауап беруге болады. Бір жағынан белсенді азаматтар бар, алайда олардың ұйымдасуы – өте нашар деңгейде. Қазақстандағы волонтерлердің нақты саны да белгісіз. Олардың қызмет ету аясы мен шоғырланған саласы туралы нақты ақпарат жоқ. Оған қоса, волонтерлік ұйымдардың басым бөлігі өз әріптестері туралы білмейді, өзара байланыс жоқ. Оның үстіне, дәл қазір Қазақстанда волонтерлік қызмет ұғымы өзгешелеу мәнде қарастырылып жүр. Оның себебі 2009 жылғы халық санағын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ саяси сайлауларды насихаттау шараларында, 2011 жылы қысқы Азиада ойындары барысында қонақтарды қабылдау үшін «волонтерлер» деген атпен жастар іске көптеп тартылды. Оларға азды-көпті ақша төленіп жатты. Қысқасы, бұл волонтерліктен гөрі, уақытша жалдамалы жұмыскерді көбірек еске түсіреді. Ал кеңес кезінде еріктілерден құралған сақшылар тобы (дружинник) болды. Алайда ол, негізінен, қоғамдық тәртіп мәселесіне ғана қатысты болды.
Ал кең мағынадағы волонтерлік мұндай саяси науқан кезінде ғана төбе көрсетіп, артынан жоғалып кетпейді. Волонтерліктің қарапайым тілдегі баламасы – ұйымдасқан түрде қайырымдылық жасау. Ендеше ол тұрақты болу керек. Дәл қазір волонтерлердің ұлттық жүйесін қалыптастыру маңызды болып отыр. Сол арқылы Қазақстандағы еріктілердің қызметін реттеп отыруға болады. Мәселен, белгілі бір кәсіпкер немесе саудагер азамат бос уақытында қоғамдық істерге араласып, қайырымдылық шараларға үлес қосып, елінің дамуына өз қолымен еңбек сіңіруді қалайды. Алайда оны қалай жүзеге асыру керектігін біле бермейді. Оның үстіне «жалғыздың үні шықпас» деген бар. Сондықтан дамыған шетелдерде әр істегі қайырымдылық шараларын жүзеге асыратын волонтерлер топтасып, бір-бірімен байланыс ұстап отырады. Қажетті жағдай туа қалғанда бір кісідей атсалысып, кез келген жүкті жұмыла көтереді.
2010 жылдың наурыз айында Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында болған сел апаты әркімнің-ақ есінде. Бір ауылды су алып, балалар аш-жалаңаш күйде түнейтін жер таппай жүргенде оларға қол ұшын бергісі келетін қазақстандықтар аз болған жоқ. Соған қарамастан алғашқы күндері үйсіз-күйсіз далада түнегендер болды. Мұның жалғыз ғана себебі бар: бізде қайырымдылық көрсетудің дәстүрі, жүйесі, жолдары қалыптаспады. Зардап шеккендерге көмек көрсету шараларын тез арада қолға алатын мекеме табылмады. Ал ерікті азаматтар бір-бірін іздеп таба алмайды. Яғни жүйесіздік көрініс беріп отыр. Сондықтан бізге волонтерлердің ұлттық жүйесін қалыптастыру қажет. Өз мүмкіндігіне, икеміне қарай қоғамға пайдасын тигізуге дайын тұратын азаматтар, әсіресе жастар қауымының тізімі жасалып, бір мекеменің серверінде сақтаулы тұрсын. Волонтерлікті міндетті түрде мемлекеттік мекеме жүзеге асыру қажет деген талап жоқ. Бұл міндетті қоғамда беделі бар Үкіметтік емес ұйымдар да жүзеге асыра алар еді. Осы бағытты көздейтін арнайы ұйымдар құрылып жатса, мемлекет тарапынан қолдауға ие болғаны жақсы.
Әрине, бұл мәселеде қатып қалған бағыт болмайды. Қоғамға пайдасын тигізуді қалайтын азаматтар өз мүмкіндігіне, шеберлігіне қарай кез келген салада үлес қоса алады. Волонтерлік дәстүрі мықты қалыптасқан Британияны мысал етсек, бұл елде еріктілер тобы ең алдымен қайырымдылық мақсатта қаржылай және заттай көмек жинауға атсалысады. Екіншіден, түрлі пайдалы шараларды, сенбілік, ағаш отырғызу, жастар арасында спорттық ойындар өткізу сияқты бастамалар көтереді. Жастар арасындағы волонтерлік істерге белсенді араласып, жиі бастама көтеретіндерге ақшалай сыйақы, ынталандыру сыйлықтары да беріліп жатады. Яғни адамдары ізгілікті ұмытпаған әл-Фарабидің «Қайырымды қаласына» айналу үшін де осындай риясыз еңбектің дамуы – маңызды қадам.
Замир Каражанов, саяси шолушы:
– Волонтерліктің дамуына кедергі болып отырған екі мәселе бар. Алдымен, заңдық тұрғыда кедергі жасап тұрған жайттар кездеседі. Екіншіден, жергілікті менталитетті де ескеру керек сияқты. Волонтерлік дамуы үшін қоғамдағы әртүрлі таптардың арасында бір-біріне деген сенім болу керек. Волонтерліктің дамуына қоғам жауапты. Оған мемлекет көп араласа алмайды. Қазір қайырымдылық жасауға дайын отырған азаматтар жоқ емес. Мәселен, теледидарда біреулердің қиындық көріп жатқаны айтылса, оған демеуші болуға ниет танытатын азаматтар табылып жатады. Осының өзі – жетістік. Алайда сол азаматтар белгілі бір бастаманы көтеріп шыққан жұмыс тобына сенбейді. Сондықтан бұл мәселені қоғамның рухани дамуының деңгейімен байланыстыру керек. Тек әлеуметтік мәселелерді ғана емес, экология, тазалық мәселесіне де бастамашылдар көп болғаны жақсы. Біздің қоғам, жеке азаматтар өзінің жауапкершілігін әлі толық түсінбейді. Екінші жағынан, үкіметтік емес ұйымдар да белсенділік таныта алмай отыр. Мемлекет волонтерлікті дамытқысы келсе, осы үкіметтік емес ұйымдар арқылы әсер ете алар еді. Мемлекеттік тапсырыстар арқылы көптеген проблеманы қоғамның өзі шешуіне мұрсат беру қажет.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Волонтерлікті дамыту тақырыбы 90-жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл бағытта арнайы жобалар да болған. Менің ойымша, Қазақстандағы волонтерліктің дамымауының басты себебі – тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен байланысты. Себебі адамдардың әл-ауқаты жақсарған сайын олардың қолдары босай бастайды. Сонда олар да ерікті түрде қоғам дамуына үлес қосқысы келеді. Жеке идеяларын жүзеге асырғысы келеді. Ондай мүмкіндігі жоқ адамдар күнделікті тіршілігінен ары істерге бара алмайды. Ал заңдық тұрғыдан ешқандай кедергі көріп отырған жоқпын. Мәселен, «Ұлт тағдыры» қозғалысы ата-аналарға балаларын қазақ мектебіне беруге үгіттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сол кезде біз еліміздің аймақтарын аралап А.Байтұрсынов, Б.Момышұлы сынды қайраткерлердің насихат сөздері жазылған плакаттар тараттық. Бірақ соны іліп шығуға еріктілер өте аз болды. Яғни мұны бір жағынан азаматтық қоғамның дамуымен байланыстыру керек.
Қазақ баласын қайырымдылыққа шақыратын волонтерлер керек
Последние статьи автора