Астанадағы «ҚазМедиа» орталығында кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен республикалық БАҚ-тардың Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған фестиваль-көрмесі өтіп, оған қатысқан өңірлік, республикалық газет-журналдар мен телеарналар өз өнімдері мен бағдарламаларын жұртшылыққа кеңінен таныстыратын жарнамалық ақпараттарын назарға тартты.
Бас редакторлар клубы ұйымдастырған осы фестиваль аясында өз ісінің үздігі ретінде танылған журналистердің бір шоғыры марапатталды. Атап айтсақ, «Әділет БАҚ МЕДИА» басылымының бас редакторы Қуанышбек Ботабеков – Қазақстанның үздік редакторы, ал Жетінші арнаның тілшісі Мирас Мұқашев пен «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Берік Көшербаев Қазақстанның ең үздік журналисі деп танылды.
Сондай-ақ «Жихан» агенттігінің өкілі Йылдыз Доған мен «Рейтер» агенттігінің қызметкері Дмитрий Соловьев «Еуразияның алтын қаламы» аталымы бойынша марапатқа ие болды.
Болат Қалиянбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы:
– Бұл фестивальға шамамен 30-ға тарта БАҚ қатысуда. Бұл үлкен жұмыстардың бастамасы деп ойлаймын. Өйткені еліміздің аймақтарында көптеген газет-журнал ашылып жатыр. Бірақ олардың өздерін, жеткен жетістіктері мен діттеген мақсаттарын барша жұртқа таныстыратын ортақ алаңдары жоқ. Сол себепті оларды оқырмандарға таныстыру үшін БАҚ-тардың осындай көрме-фестивалін ұйымдастырдық. Бүгін біздің медиа-нарығымызда 2700-ден астам бұқаралық ақпарат құралы бар. Демек, біздің медиа-нарық қалыптасты, әрі қарай дамып келеді.
БАҚ–тың фестиваль көрмесі ашылды
Последние статьи автора