Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басқанда атқарылатын ұлық шаралардың бірі ретінде Алаштың арда қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлін туған топырағына әкеліп, жер қойнына тапсыру мәселесі туралы жиі айтылып жүр. Ұлт қайраткерінің туғанына — 110 жыл, өмірден озғанына 77 жыл толуы қарсаңында Мәскеудің «Донское кладбищесінде» сақталып келген С.Сәдуақасұлының денесінің күлін елге әкеліп, мұсылман ғұрпымен жерлеу рәсімін жүзеге асыру, сөзсіз, Тәуелсіздік тарихындағы зор оқиғалар қатарынан саналмақ. Дәл осы мәселе кешегі Мәжілістің жалпы отырысында біршама сөз болды. Сондай-ақ палатаның 2011 жылғы алғашқы отырысында депутаттар елорда орталығындағы бес ғасырлық тарихы бола тұра, қараусыз қалған қорымды ұлттық пантеонға айналдыру мәселесін де көтерді.
«Жүздеген жылдар бойы қазақ елінің бостандығы, ұлт Тәуелсіздігі үшін болған күрес толастамады. Өкінішке қарай, осындай күрестерде миллиондаған жан құрбан болды. Тәуелсіздіктің мерейтойы жылында біз осындай ұлы қайраткерлердің аруағына тағзым етіп, ұлылық танытып, қолымыздан келетіннің бәрін соларды ұлықтауға бағыттауымыз керек», – деп бастады Үкіметбасы мен елорда әкіміне жолдаған сауалында депутат Ирак Елекеев. Бұл ретте депутат соңғы кездері Мәскеу қаласы билігінің қазақ халқының қайраткер ұлы Смағұл Сәдуақасұлының кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйегінің күлін беру туралы шешіміне тоқтала келе, Астана қаласында ұлттық пантеон (қабірстан) құру туралы мәселеге ерекше назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, елордада әлгіндей пантеон құру жайында Мемлекет басшысының мәдениет министріне берген тапсырмасы да бар көрінеді. «Астананың дәл ортасындағы Жастар шағын ауданында бірегей мұсылман зираты орналасқан. Мұның 500 жылға жуық тарихы бар. Онда біздің ұлтымыздың ұлы қайраткерлері, әртүрлі этнос өкілдерінің сүйектері жерленген. Сондықтан да бұл орынды тарихымыздың өзіндік бір ескерткіші болып табылатын «бауырластар зираты» деп атаса да болады. Зиратқа жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ сарбаздары, атақты Кенесары ханның қол бастаған батырлары да жерленіпті. Мұнда 1920-30 жылдардағы ашаршылықтың құрбандары да, Қазақстанға тағдыр тәлкегімен келіп, сталиндік қуғын жылдары атылған түрлі ұлттардың қайраткер ұландары да жатыр. Өкініштісі, осындай шынайы тарихи зират-кешеннің бүгінгі көрінісі адам айтқысыз», – дейді депутат. Сондай-ақ И. Елекеев жақында бірқатар әріптесі, тарихшы-ғалымдармен, елорда сәулетшілерімен бірігіп, осы қорымда болып қайтқанын еске салды. Зират басына жиналудағы мақсат ата-баба қорымының жағдайымен танысып қана қоймай, оны алдағы уақытта пантеонға айналдыру мәселесі ретінде қарастыру болса керек. Бұл ретте Ирак Қасымұлы пантеонға қатысты әлемдік тәжірибелерді де алға тартады. «Ірі мегаполистер астанасында өркениетті, өскелең ұрпақ пантеондарды сақтап қалуға ғана емес, оны абаттандыруға да бар күш-жігерін салады. Бізде де мұндай қадамдар жасалуы керек. Үкімет елорданың орталығындағы ескі қорымды абаттандырып, оның төңірегін таза ұстап, ұлы бабаларымыздың жатқан жерлерін мемориалдық саябаққа айналдыруға күш салса игі. Астананың бұған дейінгі әкімдері жұртшылықпен кездесу барысында дәл осы мәселеге қатысты уәде берумен ғана шектелгені белгілі. Алайда еш нәтиже жоқ, тіпті олардың кейбіреуі ескі зиратты көшіріп, оның орнына ойын-сауық кешенін салуды ойластырғанын білеміз», – дейді депутат. Мұндай мемориалды саябаққа Отанынан жырақта жатқан қазақ халқының ұлы қайраткерлерінің сүйегін әкеліп жерлеуге де болатынын алға тартады. Әлгі Мәскеу билігі беруге келіскен С.Сәдуақасұлының сүйек күлін дәл осы зиратта жер қойнына тапсырудың орындылығын да дәлелге келтіреді депутат. «Біз Үкімет пен Астана қаласының әкімдігі қоғамның қатысуымен С.Сәдуақасұлының сүйек күлін жеткізу мен оны салтанатты қарсы алуды лайықты деңгейде өткізеді деп сенеміз. Бұл ғана емес, алдағы уақытта Кене ханды да жер қойнына арулап тапсырып, Абылай ханның 300 жылдығын да лайықты тойлауды ойластыруымыз керек», – деп аяқтады сөзін И.Елекеев. Депутаттың ұсынысын бірқатар әріптесі де қолдады.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ:
– Астанада пантеон болғаны дұрыс, өркениетті жұрттың біразында мұндай жерлер бар. Біздің қазақ даласында да осындай киелі орындар болған. Мәселен, мұның бір дәлелі – қазақ хандарының, ұлт батырларының бір орталықта, Түркістан қаласында, ұлтымыздың рухани ордасына жерленуі. Сондықтан бұл қазақ үшін еш жаңалық емес. Сол үшін елордадағы зиратты өркениетті үлгіде дамытып, абаттандыру жайтын қарастыруымыз керек.
Астанадағы зиратты ұлттық қабірстанға айналдыру қажет
Последние статьи автора