Ел арасында «Алаш гимні» туралы түрлі әңгіме бар. Өткен ғасырдың басындағы азаттық жолында барша қазақты тұтастырып, рухты биіктеткен әнұран дегенде, оған С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», Ғ.Қарашұлының «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», С.Дөнентаевтың «Азаттық күні», Н.Наушабаевтың «Алашордаға», Ә.Мәметовтың «Алашқа сәлем», Ж.Аймауытовтың «Әскер марсельезасы», «Ұран» сынды өлеңдері өзара таласқа түседі. Бұл ретте «Алаш айнасы» басылымы осы поэтикалық тарихи туындылардың Алаш қозғалысының саяси атрибуты ретіндегі маңызын терең зерттеген ғалым еңбегін жариялауды жөн көріп отыр.
Ән мәдениетімізде ел тарихының қилы кезеңінде туған «Елім-ай», «Ағажай, Алтай», «Туған жер» сияқты кейінгі ұрпақ ұмытуға болмайтын музыкалық ескерткіштер бар. Олардың мәтінінде де, әуенінде де аңырай көшкен жұрттың зары соншалықты дәл бейнеленіп, өткен оқиғалардан ақпар беріледі.
Отаршылдыққа, өз ішіндегі қанаушыларға қарсы күресте дәстүрлі музыка өнері мейлінше ширатылып, шыңдалып, көптің кегі мен мұңы азатшыл өнер саңлақтарының шығармашылығымен де өрілді. Өткен ғасырдағы азаттық жолындағы күрестің алғашқы белесіне тоқталар болсақ, ұлт өміріндегі аса маңыздысының бірі – 1917 жылы құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі еді. Ол қазақ әдебиетінде жан-жақты жырланды. «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің құрылуына байланысты оны құттықтаған, ұлт тәуелсіздігіне үлкен сенім артқан бірқатар өлеңдер шамамен бір мезгілде жарық көрді. «С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», Ғ.Қарашұлының «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», С.Дөнентаевтың «Азаттық күні», Н.Наушабаевтың «Алашордаға», Ә.Мәметовтың «Алашқа сәлем», Ж.Аймауытовтың «Әскер марсельезасы», «Ұран», (...) өлеңдері Алаш қозғалысының сипатын поэтикалық жағынан таныта аларлық тарихи туындылар болды»[1, Б.40-41].
Бұл жылдары жазылған өлеңдер туралы академик С.Қирабаев: «Сұлтанмахмұт Торайғыров (...) «Алаш ұранын» жазса, дербес қазақ мемлекетінің болашағын түрік халықтар ынтымағымен байланыстыра қараған Жүсіпбек Аймауытов:
Арғы атам-ер түрік
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл
Сарыарқа жеріміз.
...Ат мінсек, жел болып,
Дуылдап шабамыз.
Лап десек ерленіп,
Дуылдап жанамыз.
...Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз
Қаймығып еш жаудан
Қайтпаған бетіміз, –
деп, жаңа ұлт мемлекетін қорғарлық ерлік дәстүрлерді еске салды», – дейді [2, 14-б.].
Осы «Арғы атам ер түрік» деп басталатын өлең алашордашылардың әнұраны болғандығын Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова өмірбаяндық естеліктерінде жазыпты [3].
Аталмыш өлең төңірегіндегі ізденістерімізбен бөлісер болсақ, интернет беттерінде оның кейбір жолдары сәл өзгеріп, «Алаш маршы» деп аталып, авторы көрсетілмей беріліпті. Бұл интернет беттеріндегі өлеңді өзінің алғаш жарияланымымен салыстырып қарағанда, яғни, 1918 жылы «Абай» журналына (№ 7 саны) «Ғаскер өлеңі» деп жарық көрген түпнұсқада айтылмай жүрген біраз жолдары бар екенін аңғарамыз. Түпнұсқаға, толық мәтінге назар аударалық [Б.13-14]:
Арғы атам ер түрік
Біз қазақ еліміз,
Самал тау, шалқар көл
Сарыарқа жеріміз.
Сай сайлап мал айдап
Сайрандап иен жайлап,
Ерке өскен арқаның
Еркесі серіміз.
Біз жүрген алаштың
Шын кемеңгеріміз!
Егессек ел бермес
Еңіреген еріміз.
Бұғаудан босаған
Біз долы арыстан
Долданса болмайтын,
Жаңа дау періміз!
Ат мінсек, жел болып,
Суылдап шабамыз.
«Лап!» десек ерленіп
Дуылдап жанамыз.
Алаштың ақ туын
Қолға алып, ақырып,
«Алаш!» деп шапқанда,
Жауға ойран саламыз! Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан
Қайтпаған бетіміз.
Жаусын оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында
Жан қимақ – ниетіміз.
Біздерге сөз бе екен,
Жауыңның көп, азы!?
Өлсек хақ шаһитпіз
Өлтірсек біз қазы.
Жол болып жау [хауіп]
Сау қайтсақ боламыз
Қазақтың шын ұлы,
Қаһарман сабазы!
Алаштың аруағы
Жебесін, қолдасын!
Ақсақал тілей гөр,
Сапарды оңдасын!
Жасаған жар болып,
Қазақтың еліне
Жасатсын, сақтасын
Алаштың ордасын!
Жүсіпбек Аймауытовтың осы «Ғаскер өлеңін» зерттеуші Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» атты ғылыми монографиясында түрік халықтарының отаншылдық, елшілдік өлеңдерімен үндестікте қарастырған. Ғалым Алаш милициясының гимні әрі маршы дей келе:«Ең бастысы, большевизмге қарсы құрылған Алаш милициясының іс-әрекетін тарих алдында ақтап алатын жанды сөз бар. Большевиктік төңкеріске қарсы тұрып, ақпан өзгерісінің федерация идеясына адал болып қалған Алаш қозғалысының ізгі мақсаты Ж.Айматуытұлының «Ұран» атты өлеңінде де көрініс тапқан», – деп төмендегі шумақты да ұсынады:
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару от,
Аллалап алға бас, ал, Алаш! [4, Б.317-318].
Д.Қамзабекұлы осы монографиясында Алаш әнұранына байланысты мынадай ақпаратты та берген: «Кейбір зерттеушілердің (мысалы, марқұм Б.Байғалиев) пікірінше, Жүсіпбектің «Ұраны» да Алаш гимні есебінде орындалған [4, 318-б.]. Яғни, Ж.Аймауытовтың «Ғаскер өлеңі», «Ұран» өлеңдері алашордашылар аузында болған.
Отандық мерзімді баспасөз беттерінде «Арғы атам ер түрік» деп басталатын жоғарыдағы өлеңнің авторлығына қатысты бірқатар пікірлер кездеседі. Бірде өлең авторы М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Майлин десе, келесі бірінде осы үшеуі бірігіп жазған делініп жүр. Ал Алаш қозғалысының әнұранына айналған өлеңнің музыкасына келсек, ол төмендегідей мәліметтерді саралаудан тұрады.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақтың азаттығын аңсап, оның жарқын болашағы үшін қызмет еткен білімді тұлғаларды «алашордашы», «ұлтшыл» деп қуғын-сүргін құрбаны еткені мәлім. Саяси қысыммен жақын шекаралас елдерге ауа көшкен, онда да бейбіт өмір сүре алмай тағдыр тауқыметін тартқан қандастарымыздың пана іздеп алыстағы Түркияға дейін барғаны да тарихтан белгілі. Олардың жадында азаттықты арман еткен қайраткерлердің шығарған, бас қосқан кезде орындаған әндері әнұран (гимн), марш, өлең деп сақталған. Мәселен, жоғарыдағы, ғалымдар Ж.Аймауытовтың өлеңі деп көрсеткен «Ғаскер өлеңін» Стамбул қаласының тұрғыны Мәдәлім Байқонақұлы (1922 ж.т.) «Алаш маршы» деп орындап берді. 1950-жылдары Түрік жеріне көшкен Мәдәлім қажы Шығыс Түркістандағы Манас Сауанда дүниеге келген. Әннің музыкасы мен поэтикалық мәтінінің авторлығы жөнінде білмейтінін айтқан информатордың жадында бұл шығарма жас кезінде үйреніп, өзі орындағаннан кейін сақталыпты.[i] М.Байқонақұлы орындаған маршты Стамбулдағы қандастарымыздың орта буын өкілдері де осы әуенімен орындайды.
«Алаш маршы» – тақырыбына сәйкес, бірқалыпты, бастан аяғына дейін 2/4 өлшемінде жүріп, марш екпінінде батыл, көтеріңкі орындалады. Әннің өне бойындағы дыбыс пен буын синхрондыбайланысып, марш жанрының табиғатын аша түседі. 6-буындық (3+3) жолдардан құрылған шумақ төрт түрлі музыкалық мелотармақтан құралып, әр шумақта өзгеріссіз қайталананып отырады. Бұл әннің әуеніне орыстың халық мелодиясы алынған.
Осы өлеңді Ж.Құжиманов «Ғаскер әні» деп атап, әуенін Мәдәлім Байқонақұлының нұсқасынан өзгеше орындайды. Әншіге осы туындыны және тағы бір Алаш тақырыбындағы әнді сазгер И.Жақанов (1994 жылы) магнитофон таспасына шет елден келген қандасымыздың орындауынан түсіріп берген. Таспаға жазылған мәліметте шет елдегі қандасымыз «Арғы атам ер түрік» деп басталатын өлеңге бастапқыда орыс әнін пайдаланып, кейіннен оған ұқсас марш екпініндегі жаңа әуеннің шығарылғандығын айтқан екен. Сонымен, Ж.Құжиманов шетелдік қандасымыз айтқан соңғы шығарылған әуенді айтып жүр.
Ж.Құжиманов репертуарындағы екінші ән – «Зар заман». Оның сөзі М.Дулатовтікі. Ал әуені халықтық «Заман-айдың» мелодиясымен орындалады. Бұл әнді орындаушы нотаға түсіріп, 2003 жылы «Қазақ ордасы» журналына жариялады (№ 1-2).
«Алаш маршы» туралы тағы бір ақпарат көздерінде: «...ел ішінде Дихан Әбілов айтты делінетін, әнші Жоламан Құжиманов орындайтын, Торғайда және Батыс Алаш ордада айтылды делінетін түрлі нұсқалары да жетерлік» [5], – деген мәлімет келтірілген. Яғни бұл мағлұматтардан Алаш маршы немесе ұраны деп қазіргі уақытқа бірнеше нұсқалардың жетіп отырғанын түсінеміз.
Деректерге сүйенер болсақ, жоғарыдағы келтірілген, әуенімен нотаға түскен үш ән де (Ж.Аймауытов, М.Дулатов өлеңдерімен айтылып жүрген) Алашорда қозғалысының тарихындаайтарлықтай орын алған. Дегенмен, Алаш әнұраны ретінде алдыңғы, Мәдәлім Байқонақұлы нұсқасының маңыздылығы жоғары болған сияқты. Өйткені, ол – өзі дүниеге келген кезеңінің музыка мәдениетіне тән құбылыстармен нақтыланып отыр. Бұл жерде өлеңнің бастапқыда орыс әуенімен айтылып, кейіннен басқа әуенге бейімделгенін тарихи дерек ретінде назарда ұстауымыз қажет. Осы пікірімізді 1920-30 жылдардағы қазақ ән мәдениетін зерттеген Б.Ерзаковичтің:«Большое влияние на возникновение казахских революционных песен оказали «Интернационал», «Варшавянка», «Смело, товарищи, в ногу», а также русские народные песни, такие, как «Эх ты, доля» и многие другие. Эти песни еще до революции были занесены в Казахстан русскими рабочими, переселенцами, ссыльными, а с первых лет Советской власти получили повсеместное распространение» [6, с.233], – деген түйіні нақтылай түседі.
Еуропалық музыкалық жанрлардың тың үрдісі ән жанрында ғана емес, қазақтың күйлеріне де ене бастады. Мәселен, өткен ғасырдың басында ұлттық саз өнеріне тың тақырып пен жаңа мазмұндағы әндердің дүниеге келуімен бірге марш, вальс секілді жанрлар енді. Отандық музыкатану саласында осы кезеңдегі тәуелсіздік, азаттық тақырыбында туған домбыра күйлерін музыка теориясы тұрғысынан арнайы қарастырған зерттеуші А.Қазтуғанова авторлық шығармалардағы марш өлшемінің айқын сезілетіндігіне назар аудартады. Зерттеуші осы кезең күйлерін қарастыра келе, Сейтектің «Қызыл сұңқар», «Еркіндік» күйлерімен қатар «Марш» туындысын талдай келе: «Күйдің ырғақ ерекшелігінде еуропа музыкасында қалыптасқан марш жанрына тән нышандар сақталған, яғни бірінші үлесте бір сегіздік екі он алтылық, ал екінші үлесте екі сегіздік берілген. Туындының алғашқы дыбыстардың басталуынан рухты биіктетін серпіліс пен патриоттық сезімді күйшейтетін үн байқалады», – дейді [7].
Ән мәдениетінде «Амангелді сарбаздарының әні», «Амангелді маршы», «Партизан әні» және т.б. марш формасындағы әндер пайда болды. Жаңа жанрлардың айқындаушы белгілерінің нышаны негізінен өлшемдерінде болды – вальс ¾ ырғағымен, ал марш 2/4 және 4/4 ырғағында өзгермей жүруі заңдылық. Дәстүрлі ән мен күйлерімізге өлшемдік жиі ауысулар тән болғандықтан бұндай біртекті ырғақтық формулалар бірден еніп кетпеді. Сондықтан да азаттық жолындағы күреске елеулі үлес қосқан ұлт зиялылырының орыс әнімен айтылған «Алаш маршы» («Ғаскер өлеңі») секілді, ақын С.Сейфуллин де 1917 жылы жазылған «Жас қазақ марсельезасына» орыстың революциялық «Отречемся от старого мира» әнінің мелодиясын пайдаланды. «Ақынның «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» өлеңі сол кездегі қазақ ауылдарында революция гимні қызметін атқарды. ... «Жас қазақ марсельезасы» ұран стилінде жазылған» [2, 263-б.].
Бұл әндердің қайсысын алсақ та, тәуелсіздік жолында күрескен топтың әнұраны болып, кейін жалпыхалықтық сипат алған маршқа айналған, қазақ музыка мәдениетіндегі отансүйгіштік рухтағы тарихи туындылар деп танимыз.
Бақыт Тұрмағамбетова,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының аға
ғылыми қызметкері, өнертану
ғылымдарының кандидаты
(Автор материалы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ағымдағы мұрағатынан алынды)