Соңғы кездегі Тунис, Мысыр, Алжир, Судандағы шиеленісті оқиғалар шетелдік басылымдарда «Африканың оянуы» деген атқа ие болды. Біздіңше, тұтас Африкадан гөрі, «арабтық солтүстік Африканың оянуы» деген қисындырақ сияқты. Тунистегі төңкерістен 23 жыл билеген ел президенті Бен Әли қуылып, Сауд Арабиясын паналаса, Нілдің атырауындағы Мысыр елі нілдей бұзылды. Каир, Александрия, Порт-Саид, Суэц қалалары ереуілшілерге лық толып, қалың бұқара 30 жыл елді билеп-төстеп келе жатқан Хосни Мүбәрактың кетуін талап етіп жатыр. Тунистегі төңкеріс өзге араб әлеміндегі елдердегі тәртіпсіздіктерге түрткі болып, Мысыр, Алжир, Йеменде толқулар басталса, іргелес Сирия мен Иорданияда тұрақсыздықтың оты тұтануы мүмкін.
Билігі төңкерілген Тунис
Тунисте «жасмин төңкерісі» кезінде 80-нен астам адам қаза тауып, жүздеген жан жапа шекті. Елдегі дүрбелең салдарынан мемлекетке 1,6 миллиард доллар материалдық шығын келген. Бұрынғы президент Бен Али отбасымен Сауд Арабиясына қашып паналаған соң, Тунистегі билік тізгіні Конституциялық Кеңестің ұйғаруымен парламент спикері Фуад әл-Мабзаға табыс етілді. Туниске 22 жылдан кейін қайта оралған исламшыл «Ан-Нахд» партиясының серкесі, премьер-министр Рашид әл-Ганнушиге тез арада уақытша коалициялық үкімет жасақтау, алдағы сайлауға әзірлік жасау тапсырылды. Шетелдік басылымдар Тунис билігіне радикалды исламдық күштер келгенін жарыса жазып отыр. Еуроодақ Тунистің бұрынғы президенті мен оның зайыбының есепшотын құлыптады. Муаммар Каддафи билеп отырған іргелес Ливия елі бір кездері Тунисті өздеріне қосып алмақ болған. Бұдан ештеңе шықпады.
Судан екіге бөлінбек
Суданнан бөлінуге байланысты өткізілген референдумда Оңтүстік Судан тұрғындарының 99 пайызы жақтап дауыс берді. «Егер Солтүстік Суданның исламдану үрдісі күшті екенін мойындасақ, оның Мысырға атой салып, Халифат құруы ғажап емес», – дейді ресейлік саясаттанушылар. Мысырдың араб әлеміндегі өте ықпалды ел екенін ескерсек, ондағы тәртіпсіздіктің теріс салдары көп болмақ. Әсіресе, мұнайлы араб елдеріндегі тұрақсыздық әлемдік нарыққа кері әсерін тигізіп отыр.
Мазасыз Мысыр
Бір қызығы, араб елдерінің көпшілігін геронтократтар билеп-төстейді екен. Сарапшылар аузынан құрамы әртекті – ауылдық, қалалық тұрғындар, студенттер құрайтын ереуілшілердің басым бөлігі болып саналатын жастардың ондаған жыл ел билеген геронтократтық отбасылық кландарға қарсы реакциясы деген пікірлер айтылады.Мысырдағы тәртіпсіздіктен елдің ірі қалаларын қамтып, жанғыш бөтелкелерден талай ғимарат өртке оранып, дүкендер тоналып жатыр. Мысырдағы қарақшылар тобы Каир орталығындағы ұлттық мұражайға басып кіріп, перғауындардың екі мумиясына залал келтірген. БҰҰ деректеріне қарағанда, жаппай тәртіпсіздіктен 300 адам құрбан болған. Осындай үлкен толқу 1977 жылы нан бағасы қымбаттаған кезде болған екен. Елде коменданттық сағат енгізіліп, Каир көшелерін 20-30 мың полицей күні-түні күзеткенімен, мыңдаған ереуілші қатысқан толқудың толастар түрі жоқ. Керісінше, миллион адамдық шеруге ұласпақ. Азық-түліктің қымбатшылығынан, жаппай жемқорлықтан және жұмыссыздықтан ашынған жұрт «Хосни Мүбәрак биліктен кетсін, режим өзгерсін» деген талап қойып отыр. Мысыр телеарналарында сөз сөйлеген Хосни Мүбәрак жақын маңда саяси реформалар жасаймын деп уәде етіп, үкіметті отставкаға жібергенімен, шерушілер көшелерді босатқан жоқ. АҚШ, Британия, Франция, Германия билігі Мысырдағы ахуалға алаңдаулы екенін мәлімдеді. Мысыр билігі заң жүзінде тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» партиясын елді арандатуға шақырғаны үшін, тәртіпсіздіктер үшін айыптайды. Мыңдаған тұтқын түрмеден қашып шығып, соның ішінде «Мұсылман бауырлар» ұйымының 34 серкесі де абақтыдан босады. Шетелдік басылымдардың сөз саптауына қарағанда, Израиль, жалпы батыс елдері Мысыр билігіне «Мұсылман бауырлар» ислам қозғалысының келуінен сескенеді. Негізі, мысырлық диссиденттер либерал-демократтар және исламшылдар деп бөлінеді. Либерал-демократтар тобының көшбасшысы МАГАТЭ-нің бұрынғы жетекшісі, Нобель сыйлығының иегері әл-Барадеи. Оның қолтығына су бүркуші ел – АҚШ. Келесі толқын – исламшылдардың діңгегі «Бауырлас мұсылмандар» партиясы. Мысырдағы аса ықпалды бұл партия 2005 жылғы парламент сайлауында 80 өкілін өткізе алған. Исламшыл қалың топ тұрғанда либерал-демократ әл-Барадеиге билікке қол жеткізу айға шапқанмен бірдей. Мысырда биыл күзде өтуі тиіс Президент сайлауына Мұхаммед әл-Барадеидің кандидатурасы ұсынылған еді. Қазір ол үйқамақта.
«Мысырдың соңғы перғауыны» деген атқа қалған Хосни Мүбәрактың ел билейді деп сенген мұрагер екі ұлы Лондонға қарай тайып тұрған сықылды. Хосни Мүбәрак көпшілік араб елдеріндегідей демократиялық монархияны сақтап, тақты ұлына қалдырғысы келген-ді. Мысырлықтар Хосни Мүбәрактың ұлы Гамальдің ел билегеніне наразы-тұғын. Хосни Мүбәрактың өзі кезінде Садаттың вице-президенті болған. Садат қайтыс болғаннан кейін президент атанған Хосни Мүбарак өзіне 30 жыл бойы вице-президент тағайындамай келді. Тек кеше ғана, 29 қаңтарда Мысырдағы толқулар барысында өзінің ізбасарларының бірі деп айтылатын Омар Сүлейменді вице-президенттік лауазымға отырғызды. Алайда елді дағдарыстан шығару жоспарын жария еткен сол вице-президент Мүбарактың биліктен кетуін талап етті. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, арнайы қызмет пен күштік құрылымдар Мысыр билігін алуы мүмкін. Бұл – тәжірибе жүзінде дәлелденген жағдай. Мәселен, Иорданияның королі бұрынғы коммандос, Сирияда билік тізгінін қолға алған Асадтар әулеті де бұрынғы жоғары шенді әскерилер, Алжирге әскери хунта иелік етеді, ал Мысырды Гамаль Абдель Насерден бері әскери элита билеп келеді. Бүгінгі президент Хосни Мүбәрактің өзі – әскери ұшқыш.
Мысырға іргелес Иордания мен Сирияның да (Азия елдері) тынышы кетті. Иордания оппозициясы мен кәсіподақтары үкіметтің кетуін талап етсе, иордан мұсылмандарының көшбасшысы Химам Саид жақтастарын билікке қарсы бір майдан болуға шақырды. Ереуілдерден сескенген Сирия президенті Башар Асад дереу көмекке мұқтаж отбасыларға 250 млн доллар қаржы бөлдіру жөніндегі жоспар құрды. Сириядағы 22 миллион халықтың бестен бір бөлігі – жұмыссыздар. Ливия көсемі Муаммар Каддафи режиміне қарсы толқулар болды.
Ой-тұжырым
Біреулер араб Африкасындағы тәртіпсіздіктер диктаторлық режимдерге қарсы демократияның бас көтеруі десе, енді бірі исламның саяси күшке айналуы деген дәйек келтіреді. Сарапшылар «араб елдеріне ортақ жайт – геронтократиялық әскери хунта және фундаменталды ислам» дейді. Ал оның саяси салдары ауыр болары сөзсіз.