Бұл туралы Мақпал Жүнісова Hit-TV арнасына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды Stan.kz.
“Күйеуім менен 20 жас үлкен болды. Басында өзім де шошыдым, бұл кісімен қалай тұрамын деп ойладым. Бірақ кейіннен жарасып кеттік қой. Ол кісі жасара бастады, ал мен қартая бастадым”, – деп күлді Халық әртісі.
Мақпал Жүнісова отбасын құрған бастапқы жылдары күйеуіне әкесі сияқты қарағанын айтады. “Біраз уақыттан кейін үйренісіп кеттік”, – деген әнші Заманбек Нұрқаділовтің өзін қалай баурап алғанын айтып берді.
“Сені жақсы көріп тұрған адамның махаббатын бірден сезесің ғой. Ол кісінің хаты арқылы түсіндім. Неше түрлі әдемі ашық хаттардың артына: Шәкәрімнің тұқымдары я болмаса Азамат деген лақап атпен хат жолдайтын. Басқа атпен сыйлықтар жіберетін. Ол кезде қала басшысы болды ғой, сол үшін есімін жасырын ұстайтын деп ойлаймын.
Менен 20 көйлек бұрын тоздырған адам. Көп оқыған, көп біледі, салмақты. Сол оқығаны, ой тоқтатқаны, көп дүниені білетіні маған ұнады. Ал ол кісі маған ессіз ғашық болып қалған. Кейін ғашық болуға лайықты азамат екенін сезгеннен кейін мен де құладым, аялай білдім. Ол кісінің суығына бірге төзіп, жақсылығына қуандым”, – деп еске алды Халық әртісі.