Қазақстандық әнші Батырхан Шүкенов 52 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Super.ru басылымы. Алдын ала мәлімет бойынша, А'Студио тобының бірінші солисі жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болды.
Әлеуметтік желілерде Шүкеновтың өліміне байланысты Кети Топуриия, Алсу, Полина Гагарина, Мейрамбек Бесбаев және тағы да басқа өнерпаздар көңіл айтты. "Почему нас покидают лучшие из лучших? Батыр, ты навсегда в наших сердцах.. R.I.P", - деп жазды Алсу.
Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Мансап жолын ол белгілі әнші Роза Рымбаеваның саксофоншысы ретінде бастаған. 1988 жылы өзі құрған А'Студио тобының фронтменті болады, ал бір жылдан кейін "Джулия" деп аталатын хит әні шығады. Танымалдылық бұл топқа Алла Пугачевамен бірге "Рождественские встречи" байқауына қатысқаннан кейін келеді. Батырхан Шүкенов А'Студио тобынан 2000 жылы кетіп, жеке өнер көрсете бастайды.
Батырхан Шүкеновтің денесі Алматы қаласына жеткізіледі, бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне жедел хабарды естіп, Мәскеуге ұшып кеткен ағасы Бауыржан Шүкенов хабарлады. Еске салайық, әнші 29 сәуірге қараған түні өз пәтерінде жүрек талмасына ұшырап, көз жұмған еді.
Ол Батырхан Шүкеновтің соңғы уақытта денсаулығы нашарлағанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жерлеу рәсімі мәселесі шешіліп жатыр. "Қазір бұл сұрақпен айналысып жатыр. Осында әкелеміз, бірақ әзірше қалай болатынын білмеймін. Оқиға оның пәтерінде болды, директорының да сол үйде тұрып жатқаны дұрыс болған. Жедел жәрдем шақырды, енді міне (...) Шаршаған болар, соңғы уақытта денсаулығының әлсірегенін айтқан еді", - деді ол Алматыдағы әуежайда көзінің жасын тия алмай.