Үшінші некесі сәтсіз аяқталған Ақбота Керімбекова жеке өміріне қатысты көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Ол бұл өмірде үш рет тұрмыс құрамын деп ойламағанын айтты. Бала күнінде ата-анасының айырылысқанына куә болған Ақбота өз отбасының берік болатынына сенген.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Алматы” арнасының “Әңгіме болсын” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Күйеуден бағым жанбаған шығар, енді не істейін? Өлейін бе? Болмады, болды, өтті кетті. Өткен парақтарды қайта ашудың қажеті жоқ. Біз кез келген сынаққа мықты болуымыз керек”, – дейді Керімбекова.
Бүгінде халық арасында үшінші күйеуімен де айырылысқаны үшін Ақботаны кінәлайтындар көп көрінеді. Ондайларға әншінің берер жауабы дайын.
“Пікір әртүрлі ғой. Біреулер кінә өзінен деп айтып жатады. Кінә екі жақтан да болады міндетті түрде. Өйткені ер азамат іс-әрекетімен өзінің іс-әрекетін дәлелдемегеннен кейін әйел затында міндетті түрде шығады. Ол – заңдылық. Ол – жалғыз менің басымда емес, қоғамда, әрбір отбасында болып жатқан нәрсе”, – дейді Ақбота.
Махаббаттан үмітін үзбеген әнші не себепті үшінші рет тұрмысқа шыққанын да айта кетті.
“Әлсіз болайыншы, кішкене арқа сүйейінші деген мақсат болды. Болмаса 5 байға тиіп, 10 байға тиіп, абырой жинау – тәрбиемде, санамда жоқ нәрсе. Кішкентай кезімде әке-шешем ажырасқан кезде өзіме ылғи да: – Бір рет қана тұрмысқа шығамын, бала-шағамның бәрі бір әкеден болады, – деп айтатынмын”, – дейді Керімбекова.
Сондай-ақ, өнер иесі бұрынғы күйеулерінің ешқайсысына да өкпелемейтінін, оларға бақыт тілейтінін жеткізді.
Stan.kz