Кейінгі кезде «пәленше деген әнші түгеншенің әнін ұрлап алыпты» деген секілді жаңалықтарды жиі еститін болдық. Өзге елдің әндерін қазақшалап айтып жүрген кейбір әншілерімізді тіпті «қылмыскер» деп айыптап, олардың өздерін де, өнерін де жоққа шығарғымыз келетіндей. Алайда, біз сонша «ұрлықшы» деп кінәлап жүрген әншілеріміздің кейбірінің орындауы түпнұсқадағы орындаудан да сәтті шығып жатқанын да мойындау керек емес пе? Бүгін «Алаш айнасы» көшірілген әндердің ішінде ерекше сәтті шығып, хитқа айналғандарына шолу жасап көрді.
Күні кеше Қайрат Нұртас пен «Азия» тобының орындауындағы «Шағала қыз» деген ән көпшілікке тарады. Ән жастардың көңілінен шыққан секілді. Иә, бұл ән өз композиторларымыздың төл туындысы емес, армениялық поп әнші Лилиттің орындауындағы «GNCHU» атты ән екенін жұртшылық біледі. Музыкасы ойнақы, қазіргі заманға лайық өте жақсы әуен болғандықтан біздің әншілерімізге ұнаса керек, белгілі ақын Ринат Зайытовқа қазақша мәтін жаздырып, әп-әдемі етіп орындапты. Бірақ ешқандай сазгер бұл әнді мен шығардым деп меншіктеп отырған жоқ, армян әні екені көрсетілген.
Кайрат Нуртас & Азия тобы - Шагала кыз [New 2015] (Концерт Азия тобы)
Lilit Hovhannisyan Gnchu [HD] [OFFICIAL] 2013
Армян, түрік, өзбек ағайындардың әндерін орындап басы дауға қалған әншілердің бірі Ернар Айдар. Оның орындауындағы «Жарайма», «Бейкүнә жүрек», «Шәйхана» секілді әндер қазақ композиторларының туындысы емес. Дегенмен біздің тыңдармандардың көңілінен шыққанын, хитқа айналғанын мойындаймыз.
Ернар Айдар «Бейкүнә жүрек»
Сильва Акопян Де гна
Арай - Ак Курай
Lionel istrati - eu numai, numai [ official video ]
Бүркіт пен Аиша «Тау-тау сезім»
Farruh Komilov - Kel-kel | Фаррух Комилов - Кел-кел
Негізінен әншілердің бәрі өздеріне ұнаған шетелдік хит әндерге қазақша мәтін жаздырып орындайды. Мұның да өзіндік себебі жоқ емес. Әншілер өздерінің стильдеріне, дауыстарына келетін, өздеріне ұнаған әндерді іздейді. Алайда қазіргі кезде сазгерлердің күннен күнге көбейіп келе жатқан әншілердің көңілінен шығатын әндер шығаруға шамасы келе бермейді. Жалпы біздің қазақ эстрадасындағы әншілер ғана емес бүкіл әлем әншілері хит әндерді өңдеп, өз тілдеріне аударып орындайды. Өйткені әншілер үшін жақсы ән табу қиынның қиыны. Барлық әнші өздерінің орындауындағы әндердің хит болғанын қалайды. Бірақ бәріне бірдей хит қайдан болсын.
Қазіргі таңда біздің елімізде негізінен қырғыз, өзбек, түрік, армян әндері кеңінен орындалады.
Мамандардың айтуынша, музыкалық шығармалардың ұқсастығы 5 нотадан асқан жағдайда ұрланған, көшірме ән болып есептеледі екен. Ал біздің әншілеріміз шетелдік әншілердің орындауындағы әншілердің жарты нотасын да өзгертпей-ақ сол күйінде алады және олар өздерінің шетелдік хит әндерді қайталап орындайтындарын жасырмайды да. Ең бастысы әншілердің хит әндерді өз орындауында халыққа жеткізе білуінде емес пе?
Қазақ әндерін шетелдік әншілер орындап жатса қуанбасақ ренжімейміз ғой. Музыкада шекара жоқ екенін ескерсек, әншілеріміздің шетелдік әндерді қазақша орындап, тыңдарманына жеткізе алуы маңыздырақ секілді. Айналдырған жеті нотадан шыққан әуендер бүкіл әлемге ортақ және кез келген әуенге ұқсас әуенді іздей берсек табыла береді емес пе? Сондықтан әуен жетпей жатса амалдағанда тұрған ештеңе жоқ секілді.