Әлдекімдер Алтынбек Қоразбаев қайтыс болды деп жалған ақпар таратып, елді дүрліктірген. Мұны естіген жұртшылықтың мазасы қашып, композитордың мазасын әбден алған көрінеді, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы Сәкен Майғазиев желідегі парақшасында жазды.
"Құдайдан қорыкпағаннан қорық", деп қазақ бекер айтпайды. Осындай жалған ақпарат таратып, көкеміздің жақындарының жүрегін ауыртқанда "мүйіз" шыға ма?! Көкеміздің жағдайы жақсы, аман-есен. Таңертең де, қазір де хабарластық. Бұл жазбаны көкемнің өтініші бойынша жазып отырмын. (Телефонына тыным болмай жатқан көрінеді) Көке, жүзге келген тойыңызды тойлауды жазсын", - деді ол.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Ескендір Хасанғалиевтің де басынан өткен болатын. Белгісіз біреулер композитордың ауырып қалғанын пайдаланып, оның "өлімі" жайлы жалған ақпарат таратқан. Жаңалыққа қарапайым тыңдарманнан бөлек, сазгердің жақындары да сеніп, қайғыға батқан. Сондай-ақ, арам ниеттілер Роза Рымбаева мен Қыдырәлі Болмановты да айналып өтпеген.