Сүйінші халайық! Қазақ эстрадасының сері жігіттерінің бірі, сымбатты да, сырбаз әнші Әбдіжаппар Әлқожа келін түсірді. Өзіне, өнеріне ғашық ару қыздардың сұлулығына арбалса да, өмірлік жарын адаспай тапқан Әбжіппар отбасын құрып жан әпкесі Роза Әлқожаның үмітін ақтады. Шамшырағы інісінің болашағына қандай әпке алаңдамасын... Келінінің жүзі айдай, қылығы балдай, көркіне ақылы сай болғанын қалаған Розаның арманы орындалды.
«Алаш айнасы» оқырман назарына Әбдіжаппардың жары Мейіргүлдің ұзату тойынан және беташарынан эксклюзивті суреттерді ұсынады.
Көпшілікке мәлім, қазіргі кезде шоу-бизнесте жүрген әнші жігіттер өздерінің шаңырақ құрғандарын жұрттан жасырып, жарларын көрсетуден бас тартып жатады. Өздеріне жанарлары қадаулы мыңдаған сұлулардың жүрегін жаралағысы келмегеннен бе, әлде өздеріне деген қыздардың қызығушылығы азайып қалады дей ме, әйтеуір үйленгені туралы ақпаратты таратпауға тырысады. Қазақ эстрадасының еркесі Қайраттың балалы-шағалы екенін көпшілік білсе де, әншінің өз аузынан есту мүмкін емес. Сол сияқты көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған Төреғали Төрәлі де біразға дейін өзінің шаңырақ құрғанын жария етпей жүрді. Ал Әбдіжаппар басқалардай емес, жарының суретін өзінің инстаграм парақшасына жарияласа, әншінің әпкесі Роза Әлқожа да әлеуметтік желі арқылы інісінің отбасын құрғанын айтып, қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Әбжіппардың таңдаған жары Мейіргүл Өскемен өңірінің қызы екен. Өткен жылдың желтоқсан айында туған үйінен ұзатылған Мейіргүл Әбдіжаппардай әнші жігіттің жары атанды. Мейіргүлдің жасы 21-де.
Таяуда «Айтуға оңай» бағдарламасына арнайы шақырылған жас жұбайлар үлкендердің ақ батасын алды. Жастар үйлену тойын жазда өткізуді жоспарлап отыр. Біз де өз тарапымыздан жас шаңыраққа отбасылық бақыт тілейміз. Жұптарыңыз жазымасын, махаббатырыңыз мәңгілік болсын!
Айнұр СЕНБАЕВА