1916 жылғы көтерілістің осы күнгі Өзбекстан аумағындағы барысы туралы мәліметтерді біз сол кездегі Самарқан облысының әскери прокуроры көмекшісі Игнатовичтің Ферғана облысының әскери прокуроры Ивановтардың Ресей әскери істер жөніндегі министрінe бергeн мәлімдемелерінeн т.б. мұрағат материалдары арқылы білеміз. Мәселeн, Ферғана облысының әскери прокуроры Иванов 1916 жылғы желтоқсан айындағы мәліметінде бейбастақтықтар туралы 8 июльден 18-не дейінгіні тәптіштеп жазады. Онда 8-і күні Қоқан уезі Қайнар болыстығы Ауған елді мекеніндегі тізім жинаушыны халық тепкілеп, 3-4 жерінен пышақтап тастағанын, найманшы ауылында тізімшілерге көмекке келген орыс ұлтының әкімшілеріне тас атқылап, ауылдан қуған; 9-ы күні Қоқан уезінің Гаязы-яглык мекенінде болыс, оның көмекшілері мен жалпы 4 кісінің ұрып өлтірілгенін;
Шейхтер, Жаңақорған болыс-тықтарында үйлер өртеніп, болыстары қашқан;
10-ы күні ескі Марғұлан қаласында қала алаңы халыққа лық толып, әкім-шілік, театр үйі сияқты ғимараттар қиратылып, көтерілісті басу үшін Скобелев қаласынан қосымша әскер шақыртылып, 32 адам қамауға алынған;
11-і күні Файзы-Абад, Риштан, Яз-Яван, Яккатут сияқты болыстықтарда мыңдаған адамдар наразылықтарын білдіріп, әкімшілікті қоршауға алған, бірнеше адам өлген;
12-сі Наманғанда, Скобелев уезінің Шарихан ауылында қанды қақтығыстар орын алып, бірнеше казак жараланып, арты зеңбірекпен көтерілісшілер тарапына оқ жаудырылып, 20 шақтысы оққа ұшқан;
13-і, 14-і Әндіжан уезі болыстықтарында, Наманған уезінде осы оқиғалар қайталанып, 100-ге жуық басшы қамауға алынған;
17-сі, 18-і күндері тіптен күшейіп, ауыр артиллерия мен пулемет қолдану арқылы зорға ауыздықталған бұратаналардан 56 адам өлген, 109-ы жараланып, оның 28-і жарақатын көтермей өліп кеткенін, орыстардан бір адам өліп, біреуі жараланғанын, әкімшіліктегі істейтін туземдіктерден 34-і өлгенін баяндайды.
Самарқан облысындағы қозғалыстар жайлы мәлімет беруші, генерал-лейтенант Игнатовичтің шығыны Ферғанадан көбірек екенін байқаймыз. Әскери прокурордың көмекшісі Игнатович: Өз аумағындағы Ходжент, Самарқан уездерінде 4-і, 5-і күндері-ақ басталып, 11-і күні Түркістан орталығы Ташкентте бірнеше мың халықтың алаңдарға жиналып, наразылық айтқанын;
Көтерілістің басты ошағы Жизақ уезіндегі қалаймақаннан, Санзар аумағымен қоса есептегенде жалпы 43 орыс азаматы өлтірілгенін (16-ы бала), оның ішінде уезд бастығы Рукин мен пристав Затоглов бар;
Көтеріліс басшылары Әбдірахман Жұбашы Әбдіжаппаров (Жизақ), Тұрақұл Турабеков (Санзар) екенін;
1916 жылдың 20 желтоқсанына шейін сотқа түскен 53 істің 40-ы қаралып, 933 адамның ісі қаралғанын, 346-сы ақталып, 587-сі сотталғанын, 201-і өлім жазасына кесіліп, қалғаны әртүрлі жазаға тартылғанын айтады.
Жизақ қаласы көтерілісі жеке қаралып, ол іспен көтеріліс басшыларымен қоса 81 адам өлім жазасына кесілгенін атап көрсетеді.
Сол кездегі Жизақ уезі халқының 90 пайызы қазақ халқының құрамына кіретін қоңырат, найман, қыпшақ, қаңлы, әлім, шанышқылы сияқты рулардан құралып, көшпенді өмір салтын ұстанған халықтар еді. Жалпы, бұл жердің 1771 жылы Абылай Ташкентті соңғы рет қоқандықтардан азат еткен кездегі Қоқанмен екі ортаға шекара есебінде кесілген жер екенін айта кеткім келеді. Осы Жизақта сол кездері 20 мыңнан аса халық тұрып жатса керек. 3 тамыз күні генeрал-губернатор Куропаткин бұйрық шығарып, кілең баскесер тұратын қаланы тып-типыл етіп, жер бетінен жойылғанша зеңбірекпен атқылап, 6-сы күні бір-ақ тоқтапты.
Дәл осы 3 тамыз күні қанын ішіне тарта дем алып, бұл сұмдықтың өздерінде де болмай қоймайтынын түсінгендей, Жетісу халқы да көтерілісті бастап кеп жібереді.
Жетісудағы дүмпудің басы
6 Протокол (хаттама)
1916 ж. 4 тамызы
Уақытша, Верный уезінің бастығының көмекшісі, Лауазымды кеңесшісі қызметтерін атқарушы Хлыновский төмендегідей хаттама толтырады: Мен 1 тамыз күні майдан жұмысына жасақ жинау барысын қадағаламақ боп, Қызылбөрік болысындағы Жамбас шатқалына келдім. Уезд бастығының 22 шілдеде берген тапсырмасы 10 күн ішінде орындалу міндеттелгенін, бірақ әлі орындалмағанын сол жердің болысы Нұртай Бокин мәлім етті. Ол менің сұрағыма өзінің іске кірісіп, қанша тырысса да, ел ішінің іштей қарсылығына байланысты тапсырманы орындау мүмкін болмағанын айтты. Бұл мәлімдемеден соң, мен іле-шала ертеңгі күнге, яғни 2 тамызға құрылтай шақыртуды бұйырдым. Болыстық аймағының дәл орталығында тұрғанымыз себепті халық сол 1 тамыз түске дейін жиналып үлгеруі мүмкін еді, алайда 2 тамыз кешке де жиналған халықты көре алмадық. Ал ертесіне 3-күні болысқа жанына 2 солдат қосып беріп, қайта жұмсадым. Сағат он бірге таман ел жиналды. Мен жоғары мәртебелімнің 25-маусым жарлығы мен оның орындалу ережесін халыққа айтып түсіндірдім. Осындай бір сағаттық әңгімеден соң, Сәрсебай Сығаев деген шығып, патша жарлығы алғашында халыққа дұрыс түсіндірілмей, толқу болғаны рас екенін, дәл мен айтқандай болса, жасақ жинауды дәл қазір-ақ бастауға халық қарсы емес екендігін жеткізді.
Содан құрылтайға қатысу-шыларды бір алаңқайға отырғызып, тізім жұмысын бастады. Жұмыс тыныш-ақ басталған еді, бір кезде 2-3 әйелдің бізге қарай лағынет сөздер айтып, бізге қарата айғайлаған шарасыз ашу-ызаларын байқадық.Оларды біреулері ары қарай сүйрелеп әкетіп, тыныш-тандырмақ боп жатты. Бір кезде тау жақтан айыр, балта, таяқтармен қаруланған 1000-нан аса адамның бізге қарай келе жатқанын көрдік. Тобырдың науқанды болдырмау әрекетіне көшкенін біліп, мен және жанымдағы Зайцевск (Шелек) приставы Склюев екеуміз, егер қоймаса, қару қолданатынымызды айттық. Бірақ айтқанды құлағына қыстырған олар болмады. Олар “қойыңдар” деген кейбір құрылтайға қатысушыларды соққыға жыға бастады. Арасынан біреуі мылтық шығарып, гүрс еткізіп Зайцевск (Шелек) приставының сарбазы Георгий Ивановты ауыр жаралады. Осыдан кейін ғана тобырға қарай оқ атуға бұйырдым, онда да тек қару ұстағандарға. Ал олар бұдан кейін қашпақ түгілі, жан-жақтан қоршап, шабуылдауын үдете берді. Тобырдан құтылу әрекетімен Склюев, мен, статистикалық топтың басшысы А.А.Иванов тобымен бірге, Қызылбөрік пен Сөгеті болыстығының тілмаштары — бәріміз шегініп, қашуымызға тура келді. Жаяулап 25 верст жер қаштық, олар арттан қууын қоймады. Үш сағат қашып, әрең құтылдық. Сол жерде өлген Павел Гвоздевтің мүрдесін алып кете алмадық. Ауыр жараланған Гeоргий Иванов, Андрей Черепков, Андрей Четверкиндерді Шелекке әкеліп, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туды. Қолдағы жалғыз атпен ауыр жаралы Г.Ивановты алып жүрдік.
Киіз үйлерде жеке заттарынан басқа қалып қойған Қызылбөрік, Сөгеті, Мойынқұм, Үлкен және Кіші Алматы, Батыс және Шығыс Талғар, жоғарғы және төменгі Түрген, Шапырашты, Сарытоқым болыстықтарынан жиналған статистикалық мәліметтер, Верный дружинасы сарбаздардың мініс аттары, киімдері, ақшалары, тағы басқа асай-мүсейлерін тізіп шығады.
Сөгеті болыстығының жанұялық тізімдері: Шабуылдаған қазақтар арасынан 6 адам өлді, көптеген адам жараланды. Олар бүкіл Қызылбөрік болыстығының адамдары, Сөгеті болыстығының 6-шы 7-ші ауылдары. Андрей Черепковтың айтуынша, Павел Гвоздевті атып өлтірген Қызылбөрік болысы, 7-ші ауылының Мүсілім Керім Богозинг деген қазағы болса керек.
Бүкіл санақ мекемесінің Верный уезіндегі қазақ болыстықтарының меңгерушісі (қолы).
ИГА,Ф 61ок1 д3273-4соб
Бақытжан Мергенбаев
«Қазақстан-Zaman» газеті