Ғылымда этнотарих деген ұғым бар. Ол сүйекті зерттеу арқылы ұлттың тарихын, танымын анықтайды. Былайша айтқанда, мұны антропология деп те атайды. Осы антропологиямен айналысып, арғы қазақ пен бергі қазақты салыстырып жүрген, осы саланы терең зерделеген ғалым – Оразақ Смағұл. Сол кісінің жазбаларына қарағанда, осыдан төрт-бес мың жыл бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың популяциясын салыстырғанда, екеуінің ұқсастығы үштен бір пайыз ғана көрінеді. Сонда бір ұлттың заңды өкілінің өзінің ата-бабасына ұқсастығы үштен бір пайыз ғана боп қалған. Бұл деген – сұмдық трагедиялық жағдай. Гиббон деген маймыл бар. Сол маймыл мен адамның арасындағы ұқсастық та үштен бір пайызды құрайды. Біздің кешегі баба рухынан, баба тақылетінен қаншалықты алыстап кеткенімізге осы дерек бұлтартпас дәлел емес пе? Біздің түп-тамырымыздан бұлай алыстауымызға әсер еткен қандай факторлар?
Тарихта тәбәрікке жүретін бір өлшем бар. Ол – сөз. Уақыттың өкпек желі кез келген нәрсені оңдырады, тоздырады, қартайтады, тіпті өлтіреді. Яғни дүниеде уақыттың әмірі жүрмейтін нәрсе жоқ. Осы уақыт деген ұлы ұғымға шыдас беретін жалғыз дүние – сөз. Біз сөз арқылы ғана кез келген халықтың бұдан бұрын қалай өмір сүргенін, немен тыныстағанын біле аламыз. Тіпті, таудың да таусылып кеткен уақыттары болған. Осыдан үш-төрт мың жыл бұрынғы таулар бүгін орнында жоқ. Түрлі себептерге байланысты табиғаттың өзі өзгеріп кетеді. Өзгермейтін бір ғана нәрсе сөз болғандықтан, біз ұлттың кім болғандығын сөз арқылы танимыз.
Мәселен, Қазақстан жерінде мұхит жоқ, кит жоқ, мүйізтұмсық жоқ. Бірақ бұлар бұрын қазақ топырағында болғандығын дәлелдейтін сөздер бар. Қазақ «Піл ауыр ма, зіл ауыр ма» дейді. Бұл жерде «зіл» деп мүйізтұмсықты айтып отыр. «Жансыздың биігі қамыс болар, жандының үлкені балық болар» дейді. Бұл жерде «қамыс» деп «бамбукты», «балық» деп «китті» айтып отыр. Осындай кез келген сөздің астарында тарих бар, тағдыр бар. Мәшһүр Жүсіптің: «Қазақ тілі жұмбақ, не айтса, оның шешімі бар» дейтіні сондықтан. Біз бүгін сөз талдай алатын жағдайдан кетіп қалдық. Сөздің текстологиясын, хронологиясын түсінбейміз. Бұрынғының айтқан сөзінің бәрі ертегі, утопия боп қабылданатынының себебі, сөздің қырық жұмбағын ашатын ахуалдан айрылдық. Кейде сөз шорқақ, ой сүреңсіз болып, сөздің құдіреті жетпеген жерге жететін тағы бір дүние бар. Ол – саз. Сөздің алымы мен шалымы жетпеген жерге саз жетеді. Саз дегеніміз – сөздің кульминациясы. Яғни, сөз біткен жерде саз басталады. Сөз бен саз – ұлттың параметрі, анықтау факторы. Осы екеуі арқылы біз қазақтың сөзді қанып ішкен, көкжиегі керемет үлкен ұлт болғандығын бағамдаймыз. Арғы қазақтың пайымы сазды сөз етуге жеткен. Жошының өлімін Шыңғыс ханға сөзбен жеткізе алмаған кезде туған «Ақсақ құлан» күйі бұған дәлел. Біз қазір күй деген дүниеге қайғылы немесе қуанышты күй деп, екі-ақ өлшеммен қарайтын болдық. Ал бұрын кез келген сөздің шарықтау шегін сазға айналдырып және оны да түсіне білетін жағдайда болған едік.
ХV ғасырдағы қазақтың ахуалын көрсететін мынадай сөздер бар. «Мұз үстіне от жаққан, бұзбай бұлан пісірген», «Бидайықтың көл шайқаған жалғызы», «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірім өзі біледі ажалыңыз қайдан дүр». Қандай асқақ, қандай алапат сөздер. Елшілдігін қараңызшы, «Құлым бір ұлдай киінсе, көргендер көзі сүйінсе» қандай гумандық көзқарас. Біз осы ұғымға жете алдық па? «Құлым ұлдай киінсе» дейтін дәрежеде ме бүгінгі қазақ? Қазақ халқы орыс отарына айналғаннан кейін осындай ұлы қағидаттардан айрылды. Қазақ қанында тектілік жоғалды, дегдарлық әлсіреді. Отарлық үлкен сүзгі біздің ұлттың рухын ұн қылып үгітіп жіберді. Осындай жағдайға түскен ел өзінің бұрынғы үлкен дүниетанымын ертегі, утопия деп қарайтын жағдайға жетті. Яғни өзінің мүгедек миы қорыта алмаған дүниенің барлығын қиялға балады. Қазақ судың да, шөптің де, құстың да, аңның да тілін білген халық. Түрік топырағынан шыққан әл-Фарабидың «Табиғат мәтфуғат» деп кітап жазуы тегін емес. Мысалы, бәріміз мектепте оқыған Жиренше шешеннің әңгімесін алып қарайық. Ханмен бірге келе жатқан Жиреншені іші пысқан хан: «анау қаңбақ қайда бара жатыр екен, біліп келші», – деп жұмсайды. Сондағы Жиреншенің «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» деген жауабын біз жай ғана қабылдай салдық. Ал тереңірек үңілсек, бұл сөзде үлкен мән жатыр. Егер қаңбақта тіл болатын болса, тура осылай жауап берер еді. Яғни қаңбақтың өмір сүруінің нақты мәнін ашып берді. «Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі, екі қоян, үш түлкі, шеше алмасаң бұл күлкі» деген жұмбақ бар. Мұнда қайсысының қанша айда төлдейтінін айтып отыр. Қазақ о баста-ақ төрт түлікті былай қойғанда, қоян мен түлкінің қанша ай құрсақ көтеретінін білген ғой. Осындай сөздер арқылы қазақтың табиғаттың ырғағын, гармониясының еркін түсініп, бағамдағандығын білеміз.
Поляктың саяси қайраткері А.Янушкевич сапарнамалық күнделігінде Құнанбайдың қайраткерлік тұлғасы туралы: «Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман» деп жазады. Біз қазір бұл ұғымдардан айрылып қалдық. Бүгінгі қазақтың бұрынғы қазақтан айырмашылығы осы ма деп ойлаймын. Төл болмысынан айрылған халық өзінің кез келген дүниетанымына мұрын шүйіре қарайтын, тіпті ертегі санап, қабылдай алмайтын жағдайға жетеді. «Абай жолы» романындағы Қодар мен Қамқа өлімін тұрпайы, анайы, надандық ретінде қарайтындар бар. Ал Құнанбай оны ойынан шығарған жоқ. Бұл байырғы қазақ дүниетанымындағы сақталып келе жатқан қағидаттардың бірі. Ол қазақтың өмір сүру конституциясы. Біздің ұлтты ұлт ретінде сақтап келген осындай қағидаттар еді. Егер бүгін бұрынғы «Жеті Жарғы» қайтадан орын алып, зинақорлық жазаланатын болса, ар алдында ашығын айтқанда, бізде тек кемпір мен шалдар және жас балалар ғана қалған болар еді. Осылайша құрсағын пәктеу арқылы, тиымдар арқылы ғана ұлтымыз бүгінгі күнге дейін аман қалды. Ал бүгін осы ұлы ұғымдардың барлығы күлкілі жағдайға айналды. Белгілі қағидаттардың бұзылуы көп ұғымдардың, олардың түсінігінің өзгеруіне алып келді.
Біз қазір әдебиетті ана лирика, мына лирика деп түрлі топтарға бөліп жатамыз. ХV–XVI ғасырларда бабаларымыз ондай жанрларды қайдан білсін. Олар тек шындықты жырлайтын. Біздің бұрынғы әдебиет шындықтың әдебиеті еді. Әрбір сөзі дәлдікпен болатын. Біз алдық та әдебиетті қиялға, мифке айналдырып, өмірден алыстатып жібердік. Теңеу, шендестіру, асқақтату, салыстыру деген сияқты түрлі ұғымдарға салып, қазақтың түгел жадын сөндіріп тастадық. «Қара жерге қар жауар, қарды көр де етім көр, қар үстіне қан тамар, қанды көр де бетім көр» деген ешқандай да шендестіру емес, кешегі қазақ қызының бейнесі. «Бұдырайған екі шекелі, …айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені» деген қазақ азаматының бейнесі болатын. Біз болсақ, теорияға салып, ұлттың өз танымын өзгеше ғып жеткізетін жағдайға келдік.
Қазір бақыт туралы, дүние туралы, өмір сүрудің мәні туралы түсініктеріміз өзгеріп кетті. Әлемде дүниеге дәл анықтама берген қазақтан өзге ұлтты көрген жоқпын. «Иттің қылшығынан тұнған қылаудай жалт-жұлт еткен дүние», «қамшының сабындай қысқа дүние», «жалған дүние», «о дүние» деп әрқайсысына анықтама берген. Бұл қазақ қауашағынан сау болған кезіндегі ұғымы болатын. Дүниеге дәл анықтама берген халық отаршылдық езгіге түскеннен кейін сол түсінік-танымнан тып-типыл айрылып қалды. Біз өмір сүру үшін тамақ ішетінбіз. Сол ұлы ұғымның мағынасы майысып кеткен кезде, біз тамақ ішу үшін өмір сүретін жағдайға жеттік. Қазақ үшін дүние деген бір құрал еді, Құдай ғана Құдай еді. Біз Құдайға ғана құлшылық ететінбіз. Ал қазір құралға құлшылық қылып кеттік. Яғни ұғымдардың мағынасы өзгерді. «Самал тау» деген ән бар. Сол әнді тыңдағанда әлемтапырақ хал кешем. «Самалтау, қайран жерім, адасқан өрісінен біз бір үйір» дейді. Шынында да біз өрісімізден, ортамыздан айрылып қалғандаймыз. Маған бүгінгі қазақ қазақтың арасында жүрмеген секілді көрінеді. Себебін іздесек тағы да отарлық саясат еске түседі.
Мәселен, тіл мәселесі. Кез келген халықтың тілі өзгеретін болса, түрі өзгеріп кетеді. Бір әріптің өзі бір ұлтты өзгертіп жібереді дейді. Қазақтың төл ұғымында жиырма алты әріп болатын. Оған он алты әріп қосылып, қырық екі болды. Әріпті дыбыстаудың өзі адамның бет-пішінін өзгертеді. Сөйлей-сөйлей адамның жақ пішіні қалыптасады. Сөз арқылы адамның өңі, түрі шығады. Яғни, бүгінгі қазақ кешегіге түрімен де, тілімен де келмейді деген сөз. Осындай ұсақ-ұсақ факторлардың барлығы бізді өзгертіп жіберді. Бізге он алты әріптің зардабының өзі аз болған жоқ.
Біз қазір бақытты, текті адам деп кімді айтып жүрміз? Жуырда тойға бардым. Сонда бір депутаттың қызын бәрі шеттерінен «текті жердің қызы» деп мадақтап жатты. «Би болу, болыс болу өнер емес» дейді Абай. Қазақ еш уақытта тектілікті байлықпен, билікпен бағаламаған. Ол құрсақтың пәктігімен, адал еңбекпен, адал ризықпен өлшенеді. Салих адамдарды ғана біз текті дейміз. «Бай, ұлық жуандарды бақты көрмек, ол мисыз шолақ оймен баға бермек. Анық бақ деп айтарлық, үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» дейді Шәкәрім. Ал біз бақытты дүниемен өлшейтін дәрежеге жеттік. «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» – қандай керемет ұғымдар. Міне, қазақтың бақ өлшеміндегі ұғымы осындай болатын.
Қазақ болмысын бұзу процесі ХХ ғасырда үдей түсті, ырғағы күшейіп, бояуы қалыңдады. Одан бұрын да отарлық сана, отарлық айналым халықты рухани тамырынан майдан торта айырғандай ақырын-ақырын ажыратып келе жатты.
Мен былай дер едім, қазақ тарихында «1932», «1938» деген екі трагедиялық фильм бар. Бұл фильмдердің сценарийін Ленин жазды. Режиссері – Сталин, көркемдік режиссері – Голощекин болды. Ал әртістері – қазақтар еді. Сөйтіп, халықты жою туралы сценарий жасап, қан қасап қылды ғой. 1932 жылы мешел халде тұрған халықты 1938 жылы жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Бүгінгі қазақ әлі күнге дейін жан сақтау бөлімінде жатыр. А.Байтұрсыновтың «Қазақ мәселесі бүгін өлі мен тірінің мәселесі» дейтіні сондықтан. Біздің әлі күнге дейін өз тілімізде сөйлей алмайтындығымыз, сол жылдары алған үлкен жарақатымыздың салдары. Былайша айтқанда, қазақ талып қалды. Бізге рухани вакцина керек. Бұл мүмкін шеттегі қазақ шығар. Бүгінгі біздің ахуалымыз осындай.
Біз бүгін азаттық арқылы жоғымызды түгендей бастадық. Көмескіленіп кеткен көп дүниелер қазаққа қайтадан қайрылыс берді. Осы мәселенің өз орнына келуі үшін екі нәрсе – әуелі уақыт, екінші – тыныштық керек. Мен қазір жаңа қойылған сәби есімдеріне қуанамын. Бізде қайтадан Ақтамберді, Қазтуған, Алаш қайраткерлері дүниеге келе бастады. Елімізде тыныштық болса, уақыт бәрін өз орнына келтіреді, қазақ өзінің төл болмысына келеді деп сенемін.
Дайындаған Айнара АШАН,
Дереккөз: “Қазақ әдебиеті” басылымы