Ұлттық тарихсыз ұлттық рух болмайды

Қазіргі таңда дүние жүзінде 200 миллионнан астам түркі тілдес, туыстас халықтар бар. Олар сонау алыс Сібірден Қара теңіз бойы мен Еуропаға дейінгі аумақта өмір сүріп жатыр. Осы түркі халықтарының арғы бабалары сақтар мен ғұндар, қыпшақтар мен оғыздар Еуразияның байтақ даласында небір ұлы қағандықтар мен хандықтар құрып, елі мен жерін, тілі мен тарихын және салт-дәстүрі мен ата заңын қалыптастырған. Тарихтың небір аласапыран жылдарында, бір-бірінен ажырап кеткен туыстас түркі мемлекеттері мен түркі халықтарының бүгінде бастары қайта бірігіп, мәдени, экономикалық және саяси интеграциялары қарқынды дамуда. КСРО тарап әр ел тәуелсіздігін алғалы бері түркі мемлекеттерінің бірнеше саяси-экономикалық, рухани-мәдени бас­қосулары іске асырылып келеді. Әсіресе, Қазақстанның Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан Республикалары арасындағы рухани-мәдени және білім-ғылым мен экономика саласындағы байланыстары жақсы жолға қойылды. Егемендігімізді алғаш болып таныған да осы бауырлас Түркия еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Елбасының арнайы тапсырмасымен Түркияға іссапармен барған сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің «Міне, бүгін мың жылдық аңсаған арманымызға жеттік!» деген жалынды сөздерін түркі телеарналары мен баспасөздері жарыса жариялады. Бұл – шынында да, түркі халықтарының мыңжылдықты артқа салған сағынышты қауышуы еді. Сол уақыттардан бері түркі мемлекеттерінің рухани-мәдени және саяси-экономикалық байланыстарына қатысты іс-шаралар үзілген емес. Мысалы, 2001 жылы бұрынғы Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің және сол жылдары ректор болып қызмет атқарған Мырзатай Жолдасбековтің бастамасымен Еуразия ұлттық университетіне «Күлтегін» көшірмесі әкелініп, «Байырғы түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Сонымен қатар, 2011 жылы Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің І саммиті өтсе, кейіннен Түркия, Қырғызстан және Әзербайжан Республикаларында түркі мемлекеттерінің бірнеше саммиттері мен конференциялары өтті. Ал, 2012 жылы Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланса, Венгрияның Бугац қаласында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Тұран халықтарының құрылтайын» түркі халықтарын рухани тұрғыда біріктіретін айрықша шара деп айтуға болады. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан мұндай іс-шаралар мен басқосулар туыстас халықтардың ерте замандарда бір тудың астында болып, түп-тамыры сонау сақтар мен ғұндардан бастау алатындығының және тарихымыздың ортақтығының айғағы. Қазіргі жаһандану заманында өздігімізді, тегімізді жоғалтпас үшін ортақ тарихымыз бен ортақ құндылықтарымызды үнемі дәріптеп, жастарымызға насихаттауымыз керек. Ұлттық тарихты білмеген ұрпақта ұлттық тәрбие, ұлттық рух болмайды.
Қазіргі таңда біздің тарихымызға әлем ғалымдарының да қызығушылығы артып отыр. Түркі халықтарының мәдениеті мен тарихын зерделеу ғасырлардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Тіпті, тарихқа жүгінетін болсақ, түркі қағандарының ордасында қонақта болған орта ғасырлық Қытай, Византия, араб тарихшылары мен саяхатшылары қағанның салтанатты ордасы мен бірлігі жарасқан мемлекеті туралы жазған деректерін кезіктіреміз. Мысалы, қытай деректерінде «түркілер досқа адал, дұшпанға қатал болып келеді» десе, Грек-рим, Византия тарихшылары сақтардың алтын бұйымдарынан бастап, олардың мұрагерлері түркі қағандарының алтын шатырлары мен алтын бұйымдарына дейін тамсана жазып, тарих беттерінде қалдырды. Бүгінде мемлекеттілігіміздің тарихи символы болып отырған «Алтын адам» мен Астана төрінен орын алған «Қазақ Елі» монументіндегі «Алтын Самұрық» та, ғұндар мен түркілерден жеткен «Мәңгілік Ел» идеясы да, осынша жерді мұраға қалдыруы да бұрынғы бабаларымыздың тек қана көшіп-қонып жүрмей, мемлекеттің негізгі формалары мен жүйелерін де нықтап құрғандығын дәлелдеп отыр.
Ежелгі дәуірлерде мәдениеті дамып, өркениетке қол жеткізген халықтар санаулы болған. Солардың бірі ежелгі түркілер. Түркілердің жоғарыдағы жетістіктерінен бөлек ауыз әдебиеті мен жазу мәдениетін мақтанышпен айтуымызға болады. Бүгінде «Орхон-Енесей жазуы», «руна жазуы» деп аталынып жүрген жазуды бабаларымыз «түрк бітіг» деп атаған. Қытайдың сол­түстігінен Еуропаның солтүстік шығы­сына дейінгі ұлан-ғайыр жерді мекендеген туыстас тайпалар осы көне түркі тілінде түсінісіп, хат алмасқан. Оған дәлел – Еура­зияның әр тарапынан табылып жатқан жазба ескерткіштер, ондағы мағыналы жырлар мен даналық сөздер. Қаған мен халық та осы тілді пайдаланған. Егемендігімізді алғанға дейін өз тарихымызды өзгелер жазып, еуроцентристік ғалымдар ерте, орта ғасырларда ақсүйектер мен қара халық әр тілде сөйлеген, қағанат тұсында түркі тілі дамымаған, соғды жазуы немесе қытай жазуы ортақ жазу ретінде пайдаланылған деп шындыққа жанаспайтын болжамдар айтып келді. Дегенмен, Сәрсен Аманжолов, Ғұбайдолла Айдаров, Әбжан Құрышжанұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Алтай Аманжолов, Қаржаубай Сартқожаұлы секілді қазақ ғалымдарының қажырлы еңбектерінің нәтижесінде көне түркі тілінің мемлекеттік тіл болғандығы және тіліміздің сол дәуір­лерде кеңінен таралғандығы, өзіндік алфа­виті мен тілдік заңдылықтарының болғандығы дәлелденіп отыр. Өткен жылы Қазақстан Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» болып белгі­­лен­ді. Мұны, Үкіметтің баба тілімізге, тарихы­­мыз­ға деген жанашырлығы, құрметі деп білеміз.
Атақты Бумын негізін салған түркі қағанатының ізімен тарих сахнасына Батыс түркі қағанаты келді. Бұл қағанат қазақ тарихында аттары алтын әріппен қалатын Естеми, Тон Жабғу, Тарду қаған­дар­дың құрған мемлекеттері еді. Батыс түркі қағанатының негізінде Түргештер, Қарлықтар, Қарахандар мемлекеті құрылып, өз дәуірінде Қарахан баба, Айша бибі, Мах­мұд Қашқари және Жүсіп Баласағұн секіл­ді тұлғаларды дүниеге әкелді. Бұл қаға­наттардың ізін ала қазақ рулары мен басқа да түркі руларының басын құраған Жошы ұлысы, Алтын Орда, Ақ Орда және төл мемлекетіміз Қазақ хандығы құрылды. Бұлардың бәрі далалық әскери-демокра­тиялық жүйе негізінде құрылған ежелгі Ғұн, Үйсін, Түркі мемлекеттерінің жалғасы еді.
Байырғы түркілер далалық өркениетті ғана дамытып қоймай, қала мәдениетін де өркендете білді. Б.з. VI-VIII ғасырларында Орталық Азиядағы Ұлы Жібек жолының тізгінін қолына алған түркілер ешкімге жалтақтамай өз саясатын жүргізіп отырды. Бүкіл Шығыс пен Батыс солармен санасты. Жібек жолының бойында көптеген қалалар мен керуен сарайлары қалыптасып, дамыды. Солардың бірегейі Тараз, Сайрам, Баласағұн, Қойлық, Меркі және сол секілді толып жатқан ортағасырлық қалаларды мысал ете аламыз. Осындай бес мың жылдық тарихымызды қамтыған алтын ғасырларда ел үшін, жер үшін небір ұлы жорықтар мен шайқастар, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысы болды. Осы айтылған деректер мен мұраларды зерттеу, зерделеу – бүгінде түрколог, тарихшы, филолог, археолог, этнограф ғалымдарға үлкен міндет. Осы мақсатта Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ­бастамасымен Астанада халықаралық ­Түр­кі академиясы құрылған еді.
Қазіргі кезде түркітану ғылымына АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Жапония секілді елдер де қызығушылық білдіріп, белсене атсалысуда. Халықаралық Түркі академиясынан бөлек елімізде бірнеше түркологиялық бағытта жұмыс атқаратын бірнеше орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары бар. Сондай-ақ, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қыр­ғыз­стан мемлекеттерінде түркі ынтымақ­­тас­ты­ғы мен бірлігіне қызмет атқаратын «Түркі кеңесі», «Түрксой», «ТүркПА» «Ақса­қал­дар кеңесі», «Түркітілдес мемлекеттер­дің сыртқы істер министрлерінің Кеңесі», «Халықаралық қазақ-түрік университеті» секілді маңызды ұйымдар құрылып, нәтижелі жұмыстар амалға асуда. Осыған орай, заманауи түркітанушылардың атқарар міндетіне тек тарихи-лингвистикалық және археологиялық, этнографиялық мәселелер ғана емес, қазіргі түркі халықтарын саяси-интеграциялық және этномәдени тұрғыдан біріктіру жолындағы жан-жақты зерттеу, сараптау қызмет түрлері де кіріп отыр. Яғни, қазіргі кезде уақыт талабына сай мұндай халықаралық интеграциялар мен байланыстарды нығайтуға қызмет ететін әлемдік ауқымдағы кәсіби мамандар үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтқымыз келеді. Ол үшін түркі халықтарының тілі мен тарихын, этнографиясы мен мәдениетін және әскери өнері мен саяси ахуалын да толықтай меңгеру қажет. Республикамызда осындай түркітанушы мамандарды даяр­лайтын бірнеше ЖОО бар. Солардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетіндегі «Түркітану» кафедрасы. Кафедра белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің басшылығымен 2010 жылы құрылған болатын. Түркітану кафедрасында Қойшығара Салғараұлы, Шәкір Ибраев, Нурила Шаймердинова, Абай Қайыржанов, Сатай Сыздықов, Сауле Тәжібаева және Мағрипа Ескеева секілді белгілі ғалымдар жұмыс істейді.
Түркітану кафедрасында үш деңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім жүйесі бойынша ерте, орта ғасыр жазба ескерткіштері терең оқытылады. Білім берудегі басымдылықтың бірі түркітанушы студенттерімізге филологиялық, тарихи-археологиялық тұрғыдан жан-жақты дәрістер жүргізіліп, қазіргі түркі тілдерін, оның ішінде Түркия түрік тілін академиялық дәрежеде оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған.
Кафедрамыздың халықаралық байланыстары да кең. Ынтымақтастық жасайтын университеттердің қатарында әлемге танымал Германияның Берлин қаласындағы Бостандық университетінің Түркітану институты, Гете атындағы Франкфурт университетінің Эмпирикалық лингвистика институты, Венгриядағы Сегед университетінің Алтайтану кафедрасы, Түркияның Гази университетіндегі Қазіргі түркі тілдерін зерттеу институты, Ыстамбұл университеті, Мимар Синан атындағы көркемөнер университеті, Егей университетінің Түркі дүниесін зерттеу институты, Измир университеті, Кожаели университеті, Эрджиес университеті, Юнус Эмре институты, Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университеті, Новосібір қаласындағы Ресей Ғылым Академиясы­ның Сібір бөлімі, Уфа қаласындағы Башқұрт мемлекеттік университетінің Түркітану кафедрасы, Арменияның Ереван мемлекеттік университетінің Түркітану кафедрасы, Манас атындағы Қырғыз-түрік университеті және Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеттерін айрықша атауға болады. Жоғарыда аталған ЖОО-дан арнайы шақыртылған профессорлар кафе­дра­мызда ғылыми дәрістер оқыса, өз кезегінде ондағы ғылыми орта да студенттер мен магистранттардың, докторанттар мен оқы­тушылардың тәжірибе алмасатын ғы­лыми практикалық базасына айналып отыр.
Жалпы түркітану ғылымы – түркі халық­тарының тілін, әдебиетін, тарихын, мәде­ниетін, этнологиясын, археологиясын, сая­сатын, экономикасын, әскери құрылымы мен олардың халықаралық байланыстарын зерттейтін кешенді сала. Осындай өте ауқымды салаларды қамтитын түркітану ғылымы бүгінде бүкіл әлем ғалымдары назарын тіккен өзекті әрі келешегі зор ғылым­ға айналып отыр. Аталмыш ғылымның негізін қалаушы Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ұлы бабаларымыз түркі халықтарының тілі мен тарихын, мәдениетін зерттеп, есімдері әлемге танылды. Өткен ғасырлардан бастап түркітану ғылымымен әйгілі В.Томсон, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, С.Е.Ма­лов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан Л.Н.Гу­милев, А.Аманжолов, Ғ.Айдаров, М.Жолдас­­­бе­ков және Қ.Салғараұлы секілді белгілі түркі­­танушылар айналысып, түркі халық­тарының өркениетін, әдебиеті мен мәдение­тін дүние жүзіне паш етті. Осыған орай, жоғарыда аталған тұлғалардың ізін жалғас­тыратын және тәуелсіз Қазақ Елін дамыту мен түркі халықтарының ықпалдасуы жолын­да қызмет атқаратын түркітанушы маманның айрықша маңызды мамандық екенін айтқымыз келеді.

Баубек СОМЖҮРЕК,
ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы,
Нұрболат БӨГЕНБАЕВ,
ЕҰУ халықаралық
қатынастар факультетіндегі,
түркітану кафедрасының PhD докторы.
etjendi.egemen.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста