Ұлттық ойындардың сөзжасам мәселелері

Сөздік қордың қай саласы болмасын өзінің құрамын сөзжасам арқылы толық­ты­рып отырады. Ұлттық ойын атауларының да сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалатыны ғылымда даусыз мәселе. Алайда, берілген тәсілдің біреуі өнімді қолданса, екіншісі өнімсіз сөзжасау тәсілі болып келетіні тілдік деректерден көрініс табады. Солардың кейбір тұстарына тоқталсақ.
Сөз байлығының толығу арнасы – тілдің сөзжасам жүйесі, оның ішінде сөз­жа­сам тәсілдеріне тікелей байланысты. Тілдің жалпылық жақтарын ескеріп, жи­нақтап үш түрлі тәсілді көрсету қазақ тіл білімінде дәстүрге айналып келеді. Олар ғылыми тілде айтар болсақ синтетикалық (морфологиялық), аналитикалық (синтаксистік) және лексика-семантикалық тәсілдер.
Алайда сөзжасамның бүгінгідей дәрежеге көтерілуі – талай жылдардың жемісі. Сөзжасам теориясының ғылымға енуі, тілімізде әбден қалыптасып, орнығып, жүйеленген салаға айналуы­на көптеген ғалымдар өз еңбектерін сіңірді. Ғалым Г.Абдрасилова қазақ тіл біліміндегі сөзжасам саласының даму жолдарын төмендегіше кезеңдерге бөліп қарастырады: XIX ғасырға дейінгі кезең. XIX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. XX ғасырдың I жартысы.
Ойын атауларының сөзжасамдық табиғатын анықтау мақсатында 1989 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі еңбектер қарастырылды. Себебі жеке ғылым саласы ретінде дамуы сөзжасамды түрлі қырынан қарастырылып, орныққан пікірлер мен тұжырымдардың берілуі осы кезеңге тиесілі. Сөзжасам саласы бойын­ша зерттеуші ғалымдар Н.Оралбаева, С.Исаев, С.Сәменова, Ы.Шакаман, Н.Есенова, Д.Қуандықова, Б.Досжанов, Ж.Сүйінжанова, Л.Нұржекеева, Ғ.Танабаев, С.М. Қарымбаева, Н.Алдашева еңбектеріне сүйене отырып, ұлттық ойын атауларының сөзжасамдық табиғатын ашып көрсетуге болады.
Атау беру – өнер. Қазақ халқы кез келген табиғат құбылысына атау бермес бұрын анық-қанығына жете отырып, мәнісін ұғынуға тырысқан. Ғалым С.Аманжолов кісі есімдерінің уәжділігіне байланысты еңбегінде балаға ат қоюда тоғыз түрлі уәж болатындығын көрсетеді. Олар өз кезегінде халықтық дүниетаным, ырым-тыйым, салт-дәстүрдің негізінде туатындығын айтады. Ал «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» атты еңбегінде Б.Қалиев: «Әрбір өсімдіктің өз басында көптеген ішкі-сыртқы мәнді-мәнді белгілері болады. Белгілі бір өсімдікке ат қоярда сол белгілердің адам санасында берік орнығып қалған ерекше біреуі таңдалынады. Яғни әлгі өсімдікке ат қою үшін, оның ең басты белгісі негізге алынады. Айталық, түйетікен деген атаудың қойылуына, бірінші кезекте, сол өсімдіктің тікен екендігі (ерекше белгісі), екінші кезекте, оны түйе малының сүйсініп жейтіндігі (шаруашылық маңызы) немесе бойы, көлемі жағынан оның «түйе сияқты» ірі болуы (бір нәрсеге теңеу) үлкен себепші болып тұр…» деп жазады.
Атау беру күрделі құбылыс болса, сол құбы­лыстың, яғни атаудың өзіндік жасалу жолдары мен тәсілдері болатыны сөзсіз. Сөзжасам тәсілдерінсіз ешбір атау жасал­майтындығы да даусыз мәселе. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінгі еңбектерде сөзжасамдық тәсілдердің үш түрі ажыратылады. Бұл сонау ежелгі дәуірден бас­тау алған құбылыс. Оған Орхон, Енесей бойында тасқа қашалып жазылған жыр мәтіндері дәлел.
Ойын атауларын зерделей отырып, олардың жасалуында аталмыш үш тәсілден өзге аралас тәсілдердің қолданылғандығын байқауға болады. Аралас тәсіл мәселесі бізге дейін де сөз болған.
Қазақтың сөздік қорын молайтуда басты маңызға ие жалғамалы тәсіл болғанмен, ойын атауларын жасауда басты сөз жасау жолдары ретінде танылмаған. Бұдан синтетикалық жолмен ойын атау­лары мүлде жасалмайды деген ойдан аулақпыз. Жинақталған ойын атауларының он беске тарта түрі осы тәсіл арқылы жасалғанын тілдік деректер айғақтайды. Мысалы, «Шертпек» сөзі шерт сөзіне -пек сөзжасамдық жұрнағының жалғануы арқылы жасалған. Шерт – саусақпен тырс-тырс еткізіп тырсылдату, -пек – сөзжасамдық жұрнақ.
Бастауын ежелден ала келетін сөз жасаудың бір жолы – аналитикалық тәсіл. Бұл көптеген тілдердің сөздік қорын мо­лайтудағы өнімді тәсілдің бірі. Қазақ тілі аглютинативті тілдер қатарына жататын­дық­тан сөзжасамның синтетикалық тәсілі ең өнімді ретінде саналады. Алайда бұл аналитикалық жолмен сөз жасау кенде қалған деген сөз емес. Ұлттық ойын атау­ларын жасауда, керісінше, аналитикалық тәсіл өнімді тәсіл ретінде саналады. Себебі жинақталған ойын атауларының басым көпшілігі осы жол негізінде жасалған.
Ұлттық ойын атауларының ішінде нақты бірігу тәсілі арқылы жасалған түрлерін ажырату қиынға соғады. Ол ойын атауларының жазу емлесінде бірізділіктің болмауынан туындайды. Мысалы, Е.Сағындықовтың «Қазақтың ұлттық ойындары» еңбегінде «айдап сал» атауын тіркес ретінде көрсетсе, «Қазақтың той ойындары» кітабында «айдапсал» біріккен сөз болып беріледі. Ал дұрыс жазу емлесін көрсететін қазақ тілінің «орфографиялық сөздігі» болсын, қазақ сөздерінің он томдық түсіндірме сөздіктерінде болсын аталмыш ойын атауы мүлде берілмеген. Бұл, әрине, ойын атауларының сан түрлілігі, ел аузынан хатқа түспеген талай ойындардың әлі де бар екендігінен хабар береді. Немесе 1 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 143 бетінде көрсетілген «Бөріктеппей» атауы біріккен сөз деп көрсетілсе, балалар ойынына жататын бұл ойын Б.Кәмәлашұлының «Қазақ халқының дәстүрлі той – мереке, сауық-сайран, ұлттық ойын тамашалары» еңбегінде «бөрік тебу» деп берілген.
Ғалым Ж.Манкеева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негізі» атты еңбегінде және 1 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «бөріктастамақ» атауын біріккен сөз ретінде таниды. Дәл осы атау «Қазақтың той ойындары» кітабында «белбеу тастау» деген тіркес ретінде берілсе, ал орфографиялық сөздікте атау біріккен сөз санатында алынған.
Бірігу арқылы жасалған ойын атаулары­ның барлығы дерлік осы үлгіде жасалады. Екі мағыналы сөз бірігіп үшінші бір атауға, ойын атауына негіз болады. Алайда біріккен сөз компоненттеріне әр түрлі сөз табы қатысады. Бұл жағынан алып қарағанда барлығы бір үлгіде жасалады деу қиын. Жұмыста біріккен ойын атаулары қандай сөз таптары арқылы жасалғандығына қарай төмендегідей үлгілері бар екендігі анықталды. Мысалы, айдапсал, айқұлақ, бурақотан, лекжалау, топаяқ, қолтұзақ, тасқала, шымбике, қанкөбелек; қырықаяқ, алтыбақан; ақбұзау, қарақұлақ, қарамырза, соқыртеке, құжтеке; бөріктастамақ.
Тағы бір мысал ретінде «Айгөлек» атауын алуға болады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиялық жинақта жоғарыда көрсетілген мазмұндағы екі-үш ойын атауы берілген: Айгөлек; Ақ серек пен көк серек және т.б. «Ай керек» атауы бертін келе «Айгөлек» болып өзгер­ген деген пікір қалыптасады. Ойындарды жи­нақтау барысында кездескен тағы бір қызықты жайт осы атау төңірегінде болды. Х.Әбішевтің «Аспан сыры» атты астроно­миялық атауларға байланысты аңыз, әңгімелер жинағында «Ай көбелек» ойыны жайында сөз етіледі.
«Айгөлек» атауының «Ай керек» немесе «Ай көбелек» атауынан бастау алсын, бізге керегі оның екі сөз арқылы кіріге біріккен атау екендігінде. Қос сөз деп екі сыңардан тұратын, сыңарлары бір сөздің қайталануынан немесе бір тектес синоним я антоним сөздерден жасалып, бір ырғақпен тұтаса айтылатын сөздер аталады. Қосарлану жолымен жасалған ұлттық ойындар аса көп емес. Жиналған ойын атауларының қос сөз түрінде кездесетін бес түрі берілді. Оларға жеке-жеке тоқталып, қандай заңдылықтар арқылы жасалғандығы анықталды.
«Орамал-телпек» – қазақтың ұлттық ойыны. Бұл атауға негіз болған екі сөз «орамал» және «телпек». Яғни атау оның құрамындағы сыңарларының бір-біріне мағыналық қатысы жағынан қосарланып жасалған. Ғалым Н.Оралбаева бұл жөнінде: «ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қос сөз жасай алмайды» деп санайды. Орамал да, телпек те бас киім атаулары. Ойында қолданылатын болғандықтан атау да сәйкесінше алынған.
«Ұжымақ-тозақ» – ұлттық ойын атауы. Бірінші мысалда берілген қос сөз мағыналас келсе, бұл қос сөз компоненттері бір-біріне қарама-қарсы мағынада алынған. Қос сөз жасаудың бұл тәсілі берілген сөздерді бірін-бірінен анықтап ажырату мақсатында қолданылады. Осы сынды «Сұрақ-жауап» ойынын атауға болады. Түбір сөздердің қайталануы арқылы: Бақ-бақ, Етек- етек, Жылдырт-жылдырт, Жым-жым, Мүйіз-мүйіз, Түйе-түйе, Мырыш-мырыш, Көрші-көрші ойындарының атаулары пайда болған. Бұл орайда тіркесу арқылы жасалған ойын атаулары кездеседі. Мәселен, Асау мәстек, Ақ аю, Ақ байпақ, Ақ боран, Ақ сандық, көк сандық, Ақ сүйек, Арынды арқан, Ақ терек, Аламан бәйге, Алты атар, Алты бақан, Алтын қабақ, Арқан аттау, Арқан бишілері, Арқан керу, Арқан тарту, т.б.
Қорыта келгенде, ұлттық ойын атаулары тіл білімінің сөзжасам саласының сара жолында қалыптасқан тәсілдерінің барлығы арқылы жасалғандығын көрдік. Талай ғасыр жемісі іспетті бұл ойындарды қалай шеберлікпен ұйымдастырған болса, оған телінген атаулар табиғаты да тереңде жатыр. Себебі қазақ халқы ешбір атаудың мәніне жетпей оған баға бермеген, барлық қырынан танып өз бағасын беретін болған.

Күнсұлу АБИЕВА
Астана
anatili.kazgazeta.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста