Тұрсағаңның «Желқайығы»

«Тұрсағаң» деп отырғанымыз кәдімгі Тұрысбек Сәукетаев. Жазушы. Жазушы болғанда бүгінгі қазақ әдебиетінің маңдайалды жазушысы. Мэтр! Таяу күндердің бірінде қаламгердің «Желқайық» атты үлкен романын оқып, соңғы бетін қайырған соң ойға қалдым: неге мен осы бір шедевр шығарма туралы жадыма түйгенімді, әсерімді «Талғам – таразы» айдарында оқырман қауыммен бөліспеймін деп. Менің бір міншіл ағаларымның сөзіне құлақ түрсек, бүгінгі «Қазақ әдебиеті» күрмеуі бірде тарқатылып, бірде түйіліп жататын күнделікті тірліктің «Әлеуметтік» дейтін әйдік тақырыбын әдебиетке тұздық етіп қоспайтын болыпты. Талқыламайтын болыпты. «Өй, шіркін-ай, ілгеріде жалаңдаған екі жас жігіт жалғанды алдарына жайып қойып, қоғамның қоясын ақтарып, төңіректің әңгімесін төңкеретін еді, қазір ол жоқ», – дейтін көрінеді.

 

 

Мейлі, дей берсін, ал біз әдеби апта­лы­ғымыз әдебиеттің әңгімесін қаузап, әрненің емес, әдебиеттің жағында бол­ға­нын қалаймыз. «Талғам – таразы» айда­рының былтырдан бері үшінші беттен үзбей көрінуінің себебі де сол. Ал ең басты себеп: жазушылардың өзара шығарма алмасып оқуына, бірі екіншісінің туын­дысына пікір айтуына ықпал ету. Оқыр­ман­ды айтамыз, осы күні жазушы жазу­шыны, ақын ақынды оқымайтын болды. Оқылмай жүрген жазушының бірі, амал кем – Тұрысбек Сәукетаев. Кейінгі ал­ты-жеті жылдың шегінде 3-4 роман жазып тастаған қаламгердің ендігі есім-сойы дүрілдеп тұруы керек еді, өкінішке қарай, талантты тымпи ойнап (үндемей құртудың тәсілі) тындыратын әдеби орта үнсіз. Әлде оқымаған. Әлде оқыса да, «оқығам жоқтың» кері. Әлде енжарлық. Хемингуэй айтыпты деген сөз бар: шығарма жазасың, елеңдеп пікір күтесің. Тыныштық. Тағы бір туындың дүниеге келді. Тағы да пікір күтесің. Жан-жағыңда жақ ашатын пенде жоқ. Үшін­шісінде – саған бәрібір.

Байқауымша, бұ күнде Тұрсағаңа да бәрібір: оқисың ба, «бажалыста», пікірің бар ма, болса, мархабат, болмаса, «без обиды».

Сонымен, «Желқайық». Жазушы 36,25 баспатабақ романын 1998 жылы бастап, 2003 жылы аяқтапты. 5 жыл уақыт – бел асар уақыт. Оңай емес. Осы жылдардың шегінде қаламгер қаламын қанша рет суытып, қанша рет қолына қайта алды екен? Қанша түнді ойқажау халде өткерді десеңізші. Сөз қашып, сөйлем жеткізбейтін жазудың машақаты бір бөлек… алайда соның бәрі соңғы мәреге жеткенде ғажап туынды болып ту көтерген.

Мені романның жалпы құрылымы ерекше қызықтырды. Сіз бұл романды соңы­нан басына қарай парақтап, бел ортасынан кері бұрылып, тіпті, әр тарауды, әр тараудағы бөлімдерді жеке-жеке жіліктеп те оқи аласыз. Жаңашыл романист оқырманның уақытын, талғамын, зердесін – бәрін-бәрін ескеріп отырған. Тағы бір кереметі, оқырман романның ортан белінен түссін, мейлі соңынан кері қарай жүрсін, 600 бетке жуық көлемді дүниені тұтас оқуға мәжбүр болады.

Мысалы, сіз кітаптың мазмұнына қарап отырып, бесінші тарауға – «Аға­шаяққа» көз жүгірттіңіз делік. «Ағашаяқ» тұтас Шәуәли деген кісінің басынан өткерген хикаятқа арналған. Бір аяғын қара санынан төмен майдан даласына қалдырған Шәуәлидің әңгімесі, көрген-білгені, мінез-тұрпаты оқырманды елітіп әкетеді. Жазушының жаны сүйіп, жақсы көріп сомдаған кейіпкерінің бірі осы – Шәуәли.

Ал «Ағашаяқтың» жайы белгілі ғой, одан да «Жендеттің махаббатын» парақтайын» деген оқырман болса, шым-шытырық оқиғаның ортасына топ етіп түсер еді де, содан шыға алмай қалар еді. Бұл тарауда қоқыс тазалаушы Мотяның әңгімесі Ақ патшаның құзырына жүгініп, орысқа сіңген дала ақсүйектерінің ұрпа­ғына барып тірелгенде жаның түршігіп, бас шайқайсың. Мотя – адам деуге аузың еріксіз баратын жүдеу бас әйел. Күл-қоқыстың ортасында күнелтіп жүре­ді. Қызметі сол. Одан кім болса да жиіркенер еді. Жазушының суреттеуінде кітап бетінен Мотяның нас басқан сұрықсыз бейнесі ғана емес, күлімсі иісі де сезіліп тұрады. Мотя – граф Николай Дувановтың Мәскеуде туып, Парижде бойжеткен қызы Елизаветаның етегінен түскен түсік. Сәбиі, баласы емес. Елизавета АЛЖИР-дің азабынан құтылып, Ресейге оралғанда Мотя оны іздеп барады. Сол кезде «ақбурыл тәкаппар басын әуелете көтерген» аристократ әйел Мотяға: «Сен – құлсың. Тексізден жаратылғансың!», – деп жанына жолат­пайды. Тексізден жаратылған Мотя өз тағдырын Зухраға көзінен мөлдір жасын төгіп тұрып баяндап бергенімен, жол жиегінде аузына сыраның шөлмегін тосқан төбел тазды күзетіп қала береді. Төбел таздың қолындағы шөлмек – Мотяның бір күндік олжасы. Екі мың адамды желкесінен көздеп тұрып атқанда жалғыз оқ шығын қылмаған жендеттің белінен тамып, Елизаветаның құрсағына біткен сорлының аңдығаны – шөлмек, ақтарғаны – күл-қоқыс.

Жоғарыда романды кез-келген бетінен аударып оқи беруге болатынын ескерттік. Иә, солай. Солайы солай болғанымен, шығармадағы қандай оқиғаның да соңы Бахтияр деген жігіт пен оның жары Зухраға айналып кеп соғады да отырады. Бахтияр – Зухра «Желқайықтағы» оқиғаларды үйлестіріп, бір арнаға құйып отыратын тандем. Ерлі-зайыпты екі жастың тағдыры да табаныңды тастай тілетін бұралаң соқпақтардан өрілген. Бахтияр – Зухра жайына ойыса беретін романдағы оқиғалардан «Мың бір түн» сарынын байқайсыз. Батыс-Шығыс жазушылары әркез үлгі көріп пайдаланатын «Мың бір түн» сарыны Т.Сәукетаев романында қазақ прозасындағы баяндау үлгісін баянды белге көтеріпті. Әдетте кейіпкердің басындағы хал қазақ прозасында «Меннің» атынан айтылады. «Мен сөйттім», «мен бүйттім», «мен ана­ны көрдім», «мен мынаны көрдім» де­ген сияқты. «Желқайықта» «Меннің» баяндауын жазушы өз міндетіне алады да, оны барынша жетілдіріп, көркемдік биігіне жеткізеді. Жалықтырмайды. Жа­ныңды қинамайды. Мұңлы қоңыр әуенге ілестіріп жетелей береді. Жоқ, әсірелеп, әрлеуден аулақпыз, романнан мұңлы қоңыр әуен еседі. Кей тұста қоңыр әуен аза жырындай аңырап ке­теді. «Желқайықтан» «елімайлап» келе жатқан халықтың зары естіледі. Бахтияр – туған анасын ғана білетін шата. Зухра – тұл жетім, Биназар – Абыралыдағы сынақтардан дерт жұқтырған сырқат жан, Аманбаев – ғылымға келген құбы­жық, Қосымхан – Сібірге тауар тасып, Тайгада орыстардың аяғын итше жалап жаны қалған қуыс кеуде, тірі өлік. Сы­ған – Барон – қылмыс әлемінің тұтқыны. Бахтиярдың анасы – «Амур толқындарына» жалғыз өзі билейтін қосүрейлі мұңлық. Тұрар – Чернобыль апатына ұрынып, еркектік қабілетінен айрылған азбан. Әйелі Роза – еріксіз жезөкше. Профессор Ахметовтың ұлы – дауасыз наркоман. Қызы – зәңгіге алданып байға тиіп, ақыры ес-ақылынан айрылып тынған елірме-ауру. Осылай кете береді. Және осының бәрі – ХХ ғасырдың қазаққа тартқан «сыбағасының жемісі». Соңғы аялдама, ақырғы нәтиже. Автор бір қарағанда өңкей бір сұрықсыз өмірді көріп, сұрқай тағдыр иелерін көзінен тізіп алғанға ұқсайды. Алайда ақиқат осы ғой: репрессияға ілінбеген қазақ әулеті бар ма? Аштықтан қырылмағаны кем бе? Атом сынақтарының зардабын кешіп, зар илеп қалған шаңырақ аз ба? Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалау науқаны қанша қазақ азаматының басын жалмады? Боздақтар боздап тұрып қыршын кетті… Бірінен кейін бірі кеп ұрған ауыр соққылар, аянбасқа бекіген қатігез күштер қара нардай халықтың белін үзіп жібермесе де, санасын улады, рухын сындырды. Дегендей-ақ, «Желқайықтан» күрескер-қаһарман таппайсыз. Мысалы, бас кейіпкер Бахтияр ғылымдағы алаяқ Аманбаевтың алқымынан ала түсетін-ақ жігіт. Бірақ ол Қосымханның қосағында ішіп-жегеніне мәз болып жүре береді. Көрікті, келбетті, сұлу Зухра қоғамнан өзіне лайықты орын іздеуге талпынбастан көше сыпырып, Мотяның қасында қалады. Биназар – ішіп алса ғана батыр. «Желқайықта» ғана емес, жалпы әлем әдебиетінде қазір қаһарман тұлғасын сомдау дәстүрі аяқталып келеді. Бірақ бұл «әдеби көркем туындылар мүлде кейіпкерсіз қалады» дегенді білдірмесе керек. Бәлкім, жаңа кейіпкерлердің дәуірі басталған шығар. Ендеше, тәуекел, аттың басын солай қарай бұрып көру керек. Тәуекел түбі – желқайық.

Романның қысқаша мазмұны:
«Сымбаты мен парасатына қыз-бойжеткендер қызығып көз салатын Бахтияр деген жігіт әлдебір бай-бағланның қызынан еріксіз айрылып, Зухра есімді жетім қызбен бас құрайды. Бахтияр – химик. Зертханада жұмыс істейді. Бахтиярды ғылымға жетелеп жүрген Мүсілім Ахметов – өте зиялы адам. Білімдар кісі, профессор. Бір күні профессор ауыр соққыға жығылып, ес-түссіз жансақтау бөліміне түседі. Еңбектері қолды болады. Профессордың әйелі Мүкәраманы туған ұлы Ришат буындырып өлтіреді. Профессор ауыр халде төсек тартып жатқанда, Аманбаев ғылыми монография жазып, атаққа бөленеді. Оған Бахтияр мен Биназар көмектеседі. Романның соңында алаяқ Аманбаевты профессордың ақ мысығы талап өлтіреді. Ғалымға қиянат жасаған Барон қабір басында атылып өледі.»

ХХ ғасырдың мазмұны тұтастай, соның ішінде 1980-90 жылдардағы оқиғалар дерлік қамтылған жазушының «Желқайық» романы – қазақ прозасының кең тынысын кезекті рет әйгілеген кесек дүние. Қысқа қайырып айтқанда, оқырман ұзақ күткен көркем туынды. Роман бестселлер.

Дәурен ҚУАТ, жазушы

qazaqadebieti.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста