Әзербайжанның Шуша қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы Тұрақты кеңесінің отырысында осындай шешім қабылданды. Бурса қаласында айтылған тағы бір сүйінші хабар – биыл мұнда Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Роза Бағланованың мерейтойы тойланады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Түркі әлемінің мәдени астанасы - Бурса қаласының ресми ашылу салтанаты өтті. Оған ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері қатысып, бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы болып қырғызстандық Сұлтан Раев сайланды.
Ал, 14 жыл бойы халықаралық ұйымның тізгінін ұстаған Дүйсен Қасейінов енді ТҮРКСОЙ-дың құрметті төрағасы болмақ.
Бағдат Әмреев, түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысы:
- ТҮРКСОЙ-ды халықаралық брендке айналдырған. Оны айту керек. Сондықтан бүгін ол кісіге үлкен алғысымызды айтып, шығарып салдық. Жаңа Бас хатшысы болып Сұлтанбек Райов мырза тағайындалды.
Нұрқиса Дәуешов, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:
- Бүгінгі ТҮРКСОЙ ұйымының кезекті жиыны ерекшелігімен тарихи кезең болып отыр. Себебі осы ТҮРКСОЙ ұйымын көп жылдар басқарған Қазақстан мемлекетінің азаматы Дүйсен Қорабайұлы өзінің өкілдігін тапсырды. Бұл да бір тарихи шешім. Дүйсен Қорбайұлы кезеңінде ТҮРКСОЙ халықаралық, әлемдік деңгейде түгел түркі дүниесін танытуда үлкен еңбек етті деп ойлаймыз. Оның ішінде де Қазақстан тарапынан біздің дәстүрімізді, өнерімізді халықаралық деңгейге көтеруге осы ұйымның бергені көп болды.
ТҮРКСОЙ ұйымының биылғы жоспары жетерлік. Негізгі мақсат - түбі бір түркі жұртының төл өнерін жандандыру. Мәселен, осы жылы Бурса қаласында халықаралық айтыс өтіп, Бүкіләлемдік Көшпенділер ойыны ұйымдастырылады.
Азамат Жаманқұлов, Қырғызстан ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі:
- Біз өте қуаныштымыз. Түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласында көп жылдан кейін ТҮРКСОЙ-ды басқару Қырғызстанға өтті. Сұлтанбек Раев екі рет елімізде мәдениет министрі болған. Жоспарымыз көп. Болашақта тарихи ескерткіштер мен ЮНЕСКО-ға енгізілген мәдени мұраларымыз бойынша жұмыс жасаймыз. Дүйсен Қорбайұлы өзінің бірқатар жұмысын мирас ретінде қалдырды. Сұлтанбек Әкімұлы – әдебиетші. Әдебиет саласында, тарихи нысандарға қатысты жобаларды жүзеге асырмақ.
Былтыр ұйымның бастамасымен Абай мен Жамбылдың 175 жылдығы арналған бірқатар шаралар ұйымдастырылып, дарабоз ақындардың шығармалары түркі тілдеріне аударылды. Биыл да қазақ мәдениетін дамытуға бағытталған жобалар баршылық.
Нұрқиса Дәуешов, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:
- Биыл Роза Бағланованың 100 жылдығына байланысты халықаралық деңгейде ТҮРКСОЙ ұйымымен концерттер, іс- шаралар, одан қалды Мұхтар Әуезовтың мерейтойы өздеріңіз жақсы білесіздер және биыл Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы. Осы мерейтойларда үлкен деңгейде атап өтеміз. Қазір ТҮРКСОЙ-дың арнайы жоспары бекітілді. Қолдап отыр.
Түркі әлемінің мәдени астанасы Бурсаға 20 елден 700 өнерпаз келді. Османлының көне астанасында ұйымдастырылған дүбірлі тойға 10 мыңнан аса адам қатысты. Концерттік бағдарламада Бурсаның тарихы көрсетіліп, түркі жұртының бишілері мың бұрала биледі. Салтанатты шара қазақтың Наурыз-думан әнімен мәресіне жетті.