Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі Мұстафа Шоқай бұрынғы күнтізбе бойынша 1890 жылдың 25 желтоқсанында, ал жаңаша есеппен 1891 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келген. Бастапқыда ауыл молдасынан сауат ашқан зерделі Мұстафа діни біліммен қатар, музыкадан да сабақ алған.
Бала кезінен домбыра тартып, ән салатын да өнері болған. Ерекше ұғымтал, дарынды перзентінің орысша білім алуын, саналы азамат болып, өз халқының жоғын жоқтауын, мұңын мұңдауын арман еткен әкесі өзге туыстарының қарсылығына құлақ түрместен, Мұстафаны ауылдан алысқа, Ақмешітке оқуға аттандырған. Қаладағы қайнаған тіршілікке әуелде тосырқай қарап, орысша сөйлегендерді көріп, өзін ешқашан олай сөйлей алмайтындай сезінген және аздап жүрексінген Мұстафа азғантай уақыттың ішінде қалалық мәдениетті де, адамзаттық ілгері ілім-білімді де терең меңгеріп шығады.
Петербург университетін үздік бітірген бозбаланың үлкен саясатқа араласуына ықпал еткен бірден-бір адам – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов. Білімділігін, табандылығын ерте бастан аңғарған Әлихан Мұстафаны Ресей Мемлекеттік думасы Мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынады. Бұл ретте Әлиханның да, ұлының өз халқына адал қызмет ететін зиялы тұлға болып қалыптасуын арман еткен Шоқайдай абзал әкенің де үміті алдаған жоқ.
Мұстафа өзінің бүкіл ғұмырын туған халқының ғана емес, тұтас Түркістан аумағындағы түбі бір түркі жұртының бірлігі мен тәуелсіздігі, өз алдына дербес мемлекет болуы жолындағы күреске арнады, соңғы демі біткенше: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мухаббәт уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!» – деп өтті. Мұстафа Шоқай көксеген Түркістан автономиясы, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, «...жай бір қалалық, тұйық саяси құбылыс емес еді. Бірақ кеңестік тарихнамада оның тарихи маңызын төмендетіп көрсету үшін сондай мағына беруге тырысты».
Ұлттық тұтастыққа, қазақ елін тәуелсіз, іргелі ел етуге деген ұмтылыс өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларына ортақ мақсат болды. Тек оны жүзеге асыру мәселесіне келгенде, әрқайсысы әртүрлі жолды таңдады. Мысалы, 1917 жылы қазақ қайраткерлері, интеллигенциясы арасында қазақ облыстарының Түркістанмен бірігу мүмкіндігіне байланысты қарама-қарсы екі пікір болды. М.Шоқай идеясын қолдаушылар «орыстың отаршылдығынан құтылу үшін Орта Азия елдері болып бірігуіміз керек» десе, «автономия құру – өз алдына мемлекет болу, мемлекет болып, іс атқару оңай емес, біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халықтарының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық» деп білген Әлихан Бөкейханов «Орта Азия болып бірігуге болмайды» деп есептеді. Алайда күллі қазақ мемлекетінің тағдыры барлық қазақ ұлтының қолдауына тәуелді екендігін Алашорда басшылары да, Мұстафа Шоқай да түсінді. Алашорда өкіметі құрылған бетте Түркістан өлкесі құрамындағы қазақ жұртымен бірігу жолдарын қарастыруға кірісті. Өкінішке қарай, түркі жұртының тұтастыққа, азаттыққа бағытталған талпынысы тұншықтырылып, Алашорда өкіметі де, Түркістан автономиясы да күшпен талқандалды. Сөйтіп, Мұстафаның өмірінің соңына дейін ұласқан эмиграциялық қызметі басталды.
М.Қойгелдінің уәжіне жүгінсек, «оның мұндай қадамға баруы белгілі дәрежеде азаматтық ерлікпен бірдей болатын». Мұстафа Шоқай – шын мәнінде, эмиграцияға кеткен және шетелге бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғастыру үшін барған түркістандық тұңғыш тұлға. Бір анығы, Мұстафа Шоқай эмиграцияда өткен 20 жыл ғұмырында Отанынан еш қол үзбеген. Елде қалған Алаш арыстары да Мұстафамен ебін тауып қарым-қатынас жасауға, оның жағдайынан хабардар болып отыруға тырысқан. Мысалы, «Әміре Қашаубаев Парижге ән айтуға барғанда ол ұлтарағының астына жасырып, Мұстафаға арнайы хат жолдаған» деген де дерек бар. Парижде ән салумен бірге, «халық жауымен» жүздесіп қайтқанын біліп қойған үш әріптің жансыздары ақыры Әміренің соңына шам алып түсіп, түбіне жетіп тынған.
Мұстафа Шоқай Кеңестер Одағында орын алып жатқан асыра сілтеулер мен солақай саясат салдарларынан баспасөз мәліметтері арқылы үнемі хабардар болып отырады. Өзі де орыс, француз, түрік және ағылшын тілдерінде шығатын әртүрлі газет-журналдарға Түркістан мәселесі тақырыбын терең әрі батыл қозғаған материалдар жариялап тұрды. Сонымен бірге «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарының шығуына тікелей жетекшілік етті. «Яш Түркістан» шетелдердегі ресейлік түркі халықтары өкілдерінің Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын ұзақ уақыт шығып тұрған және ең ықпалды баспасөз органдарының бірі ретінде тарихта үлкен із қалдырды.
Бұл кездейсоқ жетістік емес, Мұстафа Шоқайдың студенттік жылдарынан бастап баспасөз саласында жинақтаған үлкен тәжірибесінің жемісі болатын.
Мұстафа мақала жазу әдетін Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған сәттерінде де тастаған жоқ. Тұтқындар лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре жүрді. Концлагерьлердегі тұтқындардың адам төзгісіз ауыр халін көріп келгеннен кейін: «Гитлер мен Сталиннің кемшілігі көп, олар – шын мәнінде, залымдар. Мен бұлардың қайсысы күштірек екен деп ойламаймын. Шындығында, олардың саясат пен зұлымдықта дәрежелері бірдей», – деп жазды. Кейінірек неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге жазған хатында: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын», – деген мазмұнда хат жазды. Соның артынша, яғни 1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқайдың жүрегі соғуын тоқтатты. Бұл жөніндегі ресми анықтамада «сүзектен қайтыс болды» деп көрсетілді. Бірақ жары Мәрия Шоқай Мұстафаның сүзекпен Түркістанда жүргенде ауырғандығын және оған қарсы иммунитеті болуы тиістігін өз естеліктерінде жазды. Сөйтіп, Алаштың аяулы азаматының қандай жағдайда не себепті дүниеден өткендігі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
Әбдіуақап ҚАРА, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, шоқайтанушы:
Саясатқа баулыған – Әлихан Бөкейханов
Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқып жүрген кезінде Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарының мәдениетін, салт-дәстүрін үйренуіне башқұрттардан шыққан атақты этнограф Әбубәкір Диваев қатты әсер еткен. Ташкент қаласы Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы болғандықтан, жергілікті халық пен орыс басқарушыларының арасындағы шиеленістер мен қайшылықтарды Мұстафа жиі көрген. Сондай-ақ сол кездегі тілмаштардың да орыстардың пайдасына жұмыс істеп жүргенін байқаған. Олар көбінесе ақшаға сатылып, пара алып, аударманы теріс жасайтын болған. Ал жергілікті халық сотқа шағынатын кезде арыздарын Мұстафаға жазғызады екен. Мұстафаның орыс тіліне жетік екенін байқаған Түркістан генерал-губернаторы Самсонов оны өзіне тілмаштыққа шақырады. Ол жас бала үшін үлкен дәреже болатын. Соған қарамастан, Мұстафа Шоқай тілмаш болудан үзілді-кесілді бас тартады. Өйткені ол кезде халық алдында тілмаштардың беделі жоқ еді. Сөйтіп, заңгер болуды ойлаған ол Қазан татарларына бөлінген стипендиямен 1910 жылы жоғары білім алу үшін Петербургқа барады.
Петербург Мұстафа Шоқай үшін білім алу орталығы ғана болған жоқ. Сонымен қатар Мұстафаның саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне жағдай жасаған да – осы қала. Өткір ойлы Мұстафа Шоқай студент кезінде-ақ Әлихан Бөкейхановтың көзіне түскен. Сөйтіп, Әлихан оны саясатқа баулыған. Кейіннен Мұстафа шетелге де сол кісінің тапсырмасы бойынша шыққан. Бір анығы, Мұстафа Алаш идеясынан ешқашан ажыраған емес. Өзі Түркістан автономиясының төрағасы болған уақытта Алашорданың сыртқы істер министрі қызметін де қатар атқарған. Ресей парламенті үшін белгіленген сайлауларда да екі жерде кандидат болған. Яғни Мұстафа Шоқай – екі үкіметті бір-біріне жалғаушы дара тұлға.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ, жазушы, тарих ғылымының кандидаты:
«Аурудан өлді» деген тұжырым әлі де күмәнді
Мұстафа жалғыз қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының бірлестігі үшін еңбек етті. Өзінің бір мақаласында: «Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім», – дейді. Расында, орыстарға бөліп тастап билеген оңай болатын. Большевиктер бүкіл түркі халықтарының бір болуын қаламады. Ал біз үшін әр тарапқа бөліну ол кезде оңтайлы болмады.
Патшалық Ресей тұсында қазақтың көп жерін мұжықтар тартып алған. Мұстафа большевиктердің «езілген елге патша тартып алған жерлерді қайтарамыз» деген уәдесін орындамағанын, тіпті одан сорақысын істегенін жазып, оның жанында патшалық замандағы жер саясатының жіп есе алмай қалғанын бұлтартпас дәлелдермен дәйектейді. Кеңестердің Орта Азияда ұлттық-аумақтық жіктерге бөліп, межелеу жүргізуін ескі «бөлшектеп ал да, билей бер» ұранын жаңғыртқан «сұмпайы саясат» деп бағалайды.
Большевиктер билікке келгеніне 10 жыл болғанда өздерін әлемге мақтап көрсету үшін шетелден делегация шақыртып, кеңес өкіметінің жасанды жетістіктерін көрсетеді. Соны Мұстафа әшкере етеді. «Түркістан – кеңес билігі астында» деген еңбегінде биліктің іс жүзінде халықты қалай езіп жатқанын жазады. Мұның барлығын кеңес өкіметі, әрине, кешіре алмайды. Оның елде қалған туыстарын, онымен араласқан адамдарды қудалайды, жеке басына қарсы іс қозғайды. Негізі, Мұстафаны «аурудан өлді» деген тұжырым әлі де күмәнді. Ол қайтыс болған соң, тұтқындар арасында «уланды» деген дерек тарап кетеді. Ал жары Мәрияны мәйітке жолатпай қояды. Соған қарағанда, уланғандығы ғажап емес...
Мұстафа ШОҚАЙ: Қоқан автономиясы – Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасы
...Қоқан автономиясы үкіметі бар болғаны екі ай төрт күн ғана өмір сүрген еді. 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында таратылды. Қоқан үкіметінің не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, теміржолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай жағдайда дүниеге келіп, осындай қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметінің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмағаны табиғи еді. Тіпті бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңғаларлық құбылыс деуге болады. Әрине, Қоқан автономиясы Түркістан мәселесін шешудің мақсаты да, формасы да емес. Ол тек Түркістан азаттық қозғалысының сол бір кезеңде басып өтуге тиіс болған кезекті бір қадамы ғана болатын. Егер ол кезде Түркістанға, Украина мен Кавказиядағы сияқты, қолайлы сыртқы саяси жағдай туыла қалғанда, ол өзінің тәуелсіздігін ешбір екіленбестен-ақ жариялап жіберген болар еді. Біз тарихи ұқсастығы көп кездесе бермейтін бір дәуірде өмір сүрдік. Көмек алып, үміт артатын көршіміз болмады. Соған қарамастан, мына бір шындықты айта кеткеніміз жөн болар еді. Көне Ресейге қараған өлкелер, кейіннен кеңестік Ресейдің де бұғауына түсіп қалған өлкелер арасында тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік үшін күресу жолына тұңғыш рет Түркістан түсіп отыр.
Қоқан автономиясының бір ерекшелігі сол кездің өзінде Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасын бере білгендігінде еді. Біздің ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында Қоқан автономиясы өзінің осындай ерекшелігімен терең із калдырып кетті.
(«Қоқан автономиясы (1917-1937 жж.)», Мұстафа Шоқай. Таңдамалы, 2-том, Алматы, «Қайнар», 1999 жыл)
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Мұстафа күрес тетіктерін қалыптастырды
Мұстафа Шоқай бір сәтке де саяси күрестен жеке басын артық көрген адам емес. Ол шетелге бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғастыру үшін барған. М.Шоқайдың саяси күрес концепциясының түпкі мақсаты Түркістанның толық тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет құруына негізделген. Оның саяси бағдарламасы Польша басшысы маршал Йозеф Пилсудскийдің сыртқы саясатында ұстанған бағытына сәйкес келеді де, жалғыз М.Шоқай ғана емес, барлық эмиграциялық күш Польша қаржыландырып отырған «Прометей» ұйымына бірігеді. Сонымен бірге М.Шоқай күрес тетіктерін қалыптастырды: «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымы құрылып, алғашқы күннен орталық комитетінің мүшесі болды. Кейін оны өзі басқарды. Баспасөз органдары – «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журналдары ұйымдастырылды. Өз көзқарастары мен саяси күрес концепциясын насихаттау мақсатында «Дни», «Последние новости» газеттерінде, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», француз тіліндегі «Прометей» журналдарында, ағылшын, француз, поляк басылымдарында жүздеген мақала жариялаған. Француз, орыс, түрік тілдерінде үш кітап жазған. 1925 жылы, 1929 жылы екі рет, 1933, 1934 жылдары Лондонда болып қайтады.
М.Шоқайдың ұлы тұлға екендігін қатар жүрген мемлекет, қоғам қайраткерлері көзінің тірісінде-ақ мойындаған. Украина Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді»,– деп бағалауында үлкен шындық жатыр.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚҒА академигі:
Шетелге кеткенінің өзі көрегендік болды
Мұстафаның өліміне екі болжамның бірі тұтқындар лагерьлерін аралап жүргенде сүзекке шалдыққан десе, екіншісі Каюмхан деген көмекшісі у беріп өлтірді дейді. Меніңше, екеуі де негізсіз. Біріншіден, ондай ауру пайда болса, немістер ауру ошағын бірден өртеп жіберер еді. Екіншіден, Мұстафа 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болды. Ол Түркістан легионын құрып та үлгерген жоқ. Демек, Каюмхан оны қызғанатындай жағдай болған жоқ. «Мұстафа Отанына опасыздық жасады, немістерге сатылып кетті» деген пікірге мен ешқашан қосылмаймын. Егер Мұстафа сатқын, немістің қолшоқпары болса, өлмей, тірі қалар еді.
Бір жағынан, Мұстафаның шетелге кеткендігінің өзі көрегендік болды. Егер елде қалып қойса, бәрібір 1937 жылғы репрессияның құрбаны болып, әлемдік масштабта жұмыс жүргізе алмас еді. Мұстафаның жүргізген жұмысының нәтижесінде советолог деген идеологиялық бағыт қалыптасты. Кеңес өкіметі құлап, бұрынғы ұлт республикалары атанған аймақтар егемендікке қол жеткізгенде, бұл әлемдік жүйені ыдыратуда «Азаттық» радиосының үлесі зор болғандығы айтылып жатты. Алайда осылардың бәріне жол салған – М.Шоқайдың бастамасы. Осыны білуіміз керек, талмай айта беруіміз керек. Көпшіліктің Мұстафаға деген бұрыс көзқарасы уақыт өте келе түбірімен өзгеретін болады. Әлем таныған Мұстафаны өз жұртының да лайықты деңгейде дәріптейтін уақыты әлі келеді.
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының жетекшісі:
Мұстафаның өмірі – тәрбие үшін таптырмайтын тақырып
М.Шоқайдың өмірі – өте сирек кездесетін таңғажайып өмір, сондай-ақ бұл – жастарды тәрбиелеуде таптырмайтын тақырып. Өкінішке қарай, біз оны тұлға ретінде танып-біле алмай жүрміз. Тіпті Мұстафа Шоқайдың туған жылының өзінде әлі күнге дейін күмән бар. Қазір 1890 жылы туған деп жүрміз. Бірақ мен сөйлескен адамдардың барлығы «одан үлкендеу болатын» дейді. Мұның бәріне ғылыми жүйе, дәлдік қажет. Сол сияқты бірқатар тарихшымыз осы күнге дейін Мұстафаның әйелі Мәрияны «мұсылман дінін қабылдаған» деп келді. Ал мен Мәрия Шоқайдың бейітінің басында крест тұрғанын өз көзіммен көрдім.
Мұстафатану ғылымында мүлде белгісіз болып келген бір нәрсе – Мұстафа қызметінің Кавказ бағыты. Сондағы «Вольный горец», «Борьба» газеттеріндегі еңбектері, хабарлары – өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы орайда, бір қызығы, Кавказ бойында алты-ақ саны шығып үлгерген «На рубеже» журналын біздің кейбір зерттеушілеріміз газет деп қателеседі. Айта берсек, анықтауды қажет ететін, кейбіреулер ұсақ-түйек деп есептейтін мұндай нәрселер аз емес.
Қорыта айтқанда...
Алаш жұртының аяулы перзенті Мұстафа Шоқайдың адами бітім-болмысы, мінез-құлқы, жалпы өмірбаяны жөніндегі деректер мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі мұстафатанушылардың дені Мәрия Шоқайдың ол туралы осыдан жарты ғасырдай бұрын, яғни 1963 жылы жарық көрген естеліктеріне жүгінгеннен өзге тындырып жатқан істері шамалы. Ал Мәрия Шоқайдың «өмірбаян жазудың қиын шаруа екендігін», оның үстіне өзіне «ең жақын адам жайлы толқымай отырып жазу да мүмкін еместігін» ескерткендігін ойласақ, естелікте Мұстафаға қатысты көптеген жайттың толық қамтылмағандығы заңды да, түсінікті де. Демек, Алаштың айтулы қайраткерінің тұлғалық қасиетін, мақсат-мұратын, әлі де назардан тыс қалып келе жатқан еңбектерін өз дәрежесінде жан-жақты зерттеп-зерделеу, мұстафатану саласын тың деректермен толықтыру қажет-ақ.
«Алаш айнасының» мұрағатынан