Ғасырлар керуеніне ілескен Ұлы Дала елінің ұрпақтары небір қилы заман, қиын кезеңдерді басынан өткеріп, Тәуелсіздіктің де 25 жылдық мерекесіне таяп қалды. Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін жай айтыла салған сөз емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміт десек болады. Бұған азаттық жолында жан аямай күрескен ата-бабаларымыздың, Алаш арыстары мен ұлт перзенттерінің ерлік жолдары айқын дәлел бола алады.
Тәуелсіздік және тарихи сабақтастық
Көшпелі ата-бабамыз өз өркениеті мен төл мәдениетін сақтап қалып, өз мемлекеттігін қалыптастырды. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін ұзақ жылдардағы асыл арман мен асқақ мұраттың жемісі еді. Тарихтың қатпар бетін парақтап, тым тереңдемесек те, Керей мен Жәнібекті ақ киізге көтеріп, хан сайлаған кезеңнен бері де сан түрлі соқтықпалы-соқпақты жолдардан жүріп өттік. Мемлекеттігімізге сан мәрте сызат түсіп, шаңырағымыз шайқалып барып түзелгенін жасыра алмаймыз. Ал 1991 жылы біз өзіміздің мемлекеттігімізді жаңғырттық, қайта тәуелсіз ел болдық. Қазақ халқының тамыры тереңге бойлаған тарихымен қайта қауыштық. Содан бері де ширек ғасыр уақытты артта қалдырып, тарихтың жаңа айшықты беттеріне атымызды айқын жаза бастадық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Тәуелсіздік Қазақ хандығының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр секілді әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, оқу орындары мен мектептерге беріле бастады» деп ойын ортаға салған.
Сөз жоқ, Тәуелсіздік жылдары біз ұзына бойлы тарихымызды танып білуде көптеген жұмыстар атқардық. Кеңес заманында Қазақ деген ұлттың тамырын тереңге жіберген ел екенін ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Тарихты тану жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық тарихшылар мен ғалымдардың еркін жұмыс істеп, көне тарихымызды барынша зерделеп, жас ұрпақтың рухын оятуды тапсырғаны белгілі. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен 25 жылда тарихты тану бағытында арнайы бағдарламалар қабылданып, мемлекеттің қолдауына арқа сүйеген тарихшыларымыз арғы-бергі дәуірді қопара зерттеп, елдің еңсесін тіктеуге өз үлестерін қосты.
Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында сонау бағзы замандарда көптеген елдер әлі қалыптаспай жатқанда, біздің ата-бабаларымыз – түріктер 551 жылы тәуелсіздігі жолында көрші жатқан жужандардың бодандығынан құтылып, Қара теңіз бен Корей теңізіне дейін Еуразияның ұлан-ғайыр даласын алып жатқан ұлы империяның негізін қалағанын біліп, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеді. Түркі заманында ерекше көшпелі әлемнің мемлекеттілік нышанына айналған – қағанат жүйесі қалыптасып, көрші жатқан моңғол мен угор халықтарының мемлекеттілік институтының негізі болды.
Ал Қазақ хандығының дәуірі – қазақтың ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігінің шарықтаған шыңы. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» – тайға таңба басқандай қазақ мемлекеттігінің нышандары, қазақ тәуелсіздігінің айқын айғағы еді. Жәнібек пен Керей, Қасым мен Хақназар, Тәуекел мен Есім хандардың басқаруымен халқымыз 300 жылдық тәуелсіз хандық дәуірінде өмір сүрді. Осы дәуірді халқымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілік пен азаттық дәуірі деп еске түсіреді. Алайда, ұлтымыздың бейбіт өмірі тәуелсіздік үшін күреске түскен сындармен қатар жүрді. Тәуелсіздік жолында қазақ халқы қайталанбас ерліктің үлгілерін көрсетті.
Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасу жолында қайғы мен қасіретке толы күндермен де бетпе-бет келгенін тарихтан білеміз. Бұл қазақтың өз мемлекеттігі мен тәуелсіздігі үшін күресте жанталасқа түсіп, «найзаның ұшына, білектің күшіне» жүгінген кездері де көп болғанын байқаймыз. Халық болашағы үшін жан азабына түскен кешегі Алаш зиялыларының күресі, Желтоқсанда қазақтың азаттығын аңсаған жастардың бәрі қасиетті тәуелсіздік ұғымымен сабақтасып жатыр.
Тәуелсіздік тұғырының нығаюына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі аса зор. Президентіміздің басшылығымен бүгінгі күні егеменді еліміз бүкіл әлемге танымал, қарқынды дамып жатқан елге айналып, «Мәңгілік Ел» идеясы аясында халқымыз бірігуде. Тәуелсіздіктің тірегін нығайту елдегі әр азаматтың парызы.
Иә, табанды да тегеурінді күрес нәтижесінде қазақ даласында еркіндік пен теңдіктің таңы атып, тыныштықтың нұрын сепкен алтын шашақты Күні көкке көтерілді. Сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу мүмкіндігіне қол жеткізген еліміз Тәуелсіздік Декларациясы арқылы табиғи байлығын, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін толық өз меншігіне алды. Орталыққа бағынышты күйден арылып, алыс-жақын мемлекеттермен тең әріптес ретіндегі ынтымақтастыққа қол жеткізді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Бүгін біздің көз алдымызда тарих жасалуда. Еліміз қарқынды дамып келеді, жаңа астанамыз салынды, қазақстандықтардың болашаққа ұмтылған әдемі де талантты жас ұрпағы өсіп-жетіліп келе жатыр… Біз әлемге тек саяси, экономикалық, әлеуметтік салада ғана емес, мәдени, рухани дамуда да зор табыстарға жеткенімізді көрсетуіміз керек».
Тәуелсіздік тарихын жазуға жаппай ұмтылыстың басталуына да ел Президентінің осы пікірі себепкер болғаны анық. Әрі бұл жай бір науқаншылдық, жалаң энтузиазм күйінде қалып қойған жоқ. Астанада арнайы Мемлекет тарихы институты ашылды, заман талабына сай тарихтың жаңа буын оқулықтары, ғылыми монографиялар жарық көрді. Соның нәтижесінде 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бергі тәуелсіз ел тарихы тұжырымдалып, Елбасының мемлекет құрудағы тарихи рөлі, Ата Заңымыздың, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, кәсіби Парламент пен көппартиялы жүйенің қалыптасуы, білім беру мен денсаулық сақтау, спорт саласындағы оң өзгерістер, нарықты экономиканы қалыптастыру процесі, жаңа елорданың бой көтеруі, өркендеуі, дүниежүзілік қауымдастыққа тең құқықты, тең дәрежелі әріптес ретінде қосылуы, оның халықаралық, аймақтық ұйымдармен, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени байланыстардың орнығуы мейлінше жан-жақты баяндалды.
Уақыт ілгерілеп, замана парақтары ауысқан сайын өткен тарихпен де арамыз алшақтай бермек. Ең бастысы, шындықтан мүлде қол үзіп, тарихымызды жоғалтып алмадық. Есесіне оны жаңғыртып, жас ұрпақтың рухын оятуға пайдаландық. Бұл ретте біз Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» деген сөзін жадымызда мықтап ұстадық деп ойлаймын. Осы ретте Елбасының мына бір сөзі еріксіз ойға оралады: «Заман ағымы бізді, Қазақстанды тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгілеген тарихи дата – 1991 жылдың 16 желтоқсанынан күн сайын, сағат сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол – егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол – туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол – алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол – әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол – біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орынымен, ұлан ғайыр Отанымызға төселген әрбір күрежолымен, дала төсіне енген әрбір тонна алтын дәнімен нығаяды» деп Президент өзінің жүрек түкпірінен шыққан толғанысын халықпен бөліскен еді. 25 жылда Мемлекет басшысы айтқандай, бабаларымыздың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармаларға арқау болды.
Биыл азаттықтың екінші мүшеліне толуға – 25 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауына айналар тағдыркешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан атты мәңгілік жұлдыз жарқырай туды.
Өзендер өрнектеген өлке
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Жетісу өңірінің еңбеккерлері абыройлы белестерді бағындырып келеді. Елі дарқан, жері бай Жетісу өңірінің даму қарқыны жоғары екендігін Елбасының өзі атап өткен болатын. Табиғаты әсем, мұнарлы тауы, құнарлы топырағы бар өлкенің жаны жайсаң, көңілі жомарт еңбек адамдары Елбасы алға қойған міндеттердің үдесінен шығу жолында әрқашан барын салып жұмыс істеуде. Бұған Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстарымыз айқын дәлел болады.
Елбасы меңзеген қазақстандық арман – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің нұрлы шыңы, «Мәңгілік Ел» мұраты екені айдай анық. Таяудағы меже – әлемдегі экономикасы қуатты отыз елдің қатарына қосылу. Ал оны сөзсіз іске асырудың бекем жолы – Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» екендігін Елбасы тағы да айқындап берді. Бұл тапсырманы өзендермен өрнектелген өлкеге айналған Жетісу өңірі де абыроймен орындауда.
Осы ретте өңірде бұрын болмаған тың өзгерістер орын алғанын айта кету керек. Аграрлық сала бойынша жалпы Жетісу өңірінде өндірілген өнімнің негізгі үлесін ауылшаруашылық өнімдері құрайды. Өңірде көптен бері тоқтап тұрған қант зауыттары қайта жанданып, іске қосылды. Бұл Елбасының осыдан екі жыл бұрын Жетісу жеріне арнайы келген сапарында қадап айтып, нықтап тапсырып кеткен саласы болатын. Сол сәттен бастап тәтті түбірге төгілген еңбеккерлердің ащы тері өз жемісін беріп, қант қызылшасын өндіру жыл санап, қарқынды дамып келеді. Сонымен бірге әсем Алматы өңірін әлемнің түкпір-түкпіріне танытқан хош иісті, дәмі балдай апорт алмасының бау-бақшасы құлпырып, мол жемісін ұсынды. Осылайша халық иісі мұрын жарып, сағындырған ежелгі апортпен қайта қауышты. Бұдан басқа облысымызда құрылыс, туризм, сауда, көлік инфрақұрылымдары дамып, облыс экономикасын өрге сүйреуге өз үлесін қосуда.
Тәуелсіздік жылдары Жетісуда көптеген жарқын жобалар өмірге келді. Олардың алдыңғы көшін жаңалық атаулыға, жаңа технологияға жаны құмар іскер адамдар бастады. Кәсіпкерлік дамыды. Ел дамуының күретамырына айналған экономикамызды алға сүйрейтін басты арнаның бірі – ауыл шаруашылығы саласы бойын тіктеп, өзінің даму бағытын тапты. Осы ретте өңірде қант қызылшасы егілетін алқаптар көлемі 14 мың гектарға дейін ұлғайғанын атап айтуға болады. Қазір шаруалар үшін әр түп қант қызылшасынан барынша мол өнім алу ісі басты мақсатқа айналған. Сол үшін, бір маусымда 100 мың тоннаға дейін қант өндіре алатын қуатты зауыт салу ісі де жоспарлануда. Саладағы «Жол картасы» бағдарламасын орындау мақсатында суландыру инфрақұрылымын қалпына келтіріп, ұзақтығы 4179 шақырымнан астам су арналарын қайта жаңғыртып, кейбір жерлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы игілікті істердің арқасында облысымыздағы суармалы жерлердің өнімін 3-4 есеге дейін көбейтуге мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар 600 млн. текше метр суды үнемдеуге қол жеткіздік. Қалай дегенмен де жақсы суармалы жүйе болмайынша ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін көтеру мүмкін емес. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіру тетіктері бойынша үлкен жұмыстары жүргізілуде. Өңірде барлығы 16 мың 500 шақырым канал бар, олардың 4 мың 200 шақырымы қайта жарақтандыру мен күрделі жөндеуді қажет етеді (ұзындығы 16,5 мың шақырымдық жүйеден – 5,2 мың шақырымы иесіз шаруашылық болса, 4,6 мыңы – коммуналдық, 1,0 мыңы – республикалық және 5,6 мыңы – жеке меншіктікі болып отыр). Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетімен бірігіп жасаған пилоттық сапа жобасы бойынша Көксу ауданы ирригациялық жүйелері қайта жарақтандырылады.
Осы мақсатта Шеңгелді суландыру массивінің насосты стансаларындағы суасты каналдары мен аванкамераларын механикалық жолмен тазарту мәселелері шешіліп келе жатқанын ерекше айтуға болады. Бұдан басқа Балқаш ауданының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін Іле өзенінде судың қалыпты ағынын бақылайтын су реттегіші бар екі құрылыс салу мәселесін қарастырудамыз.
Бүгінде облыста 400 мың тонна жүгері өндіріледі. Оны түпкілікті өңдеп шығару үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында арнайы зауыт салынған. Ендігі кезекте сол зауыт 800 мың тоннаға дейін жүгері өңдеуге дайын. Жүгеріні ондай көлемде өсіріп беруге облыстың әлеуеті толық жетеді. Өңірде шаруа қожалықтарының жұмысына барынша қолдау жасау мен қолайлы жағдай туғызудың жанды шаралары қолға алынған. Бір ғана мысал, өңір шаруаларына қант қызылшасын мол өндіру үшін жаңа ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Жетісу» бірлескен кәсіпорны арқылы 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл үш мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Облысымызға қарасты Панфилов, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында екінші айрықша дақылдардың қатарына жататын жүгері егістігінің көлемі едәуір артқалы отыр. Панфилов ауданында индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асырудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде крахмал шырыны зауыты салынып, жүгеріні өңдеудің бастапқы кезеңі басталды. Өткен жылы аталмыш зауыттың жаңа құрал-жабдықтарын сатып алуға 328 млн. теңгенің ауқымды қаржылық қолдауы көрсетілді. Осыған орай жүгері өсірушілермен бірнеше кездесу өткізіліп, ет, сүт және құс өнімін өндірушілерді жем-азықпен қамтамасыз ету үшін 500 мың тоннаға дейін жүгері жинау жоспарланып отыр.
Бұл межені алудың барлық жағдайы жасалынған. Шаруалар сапалы тұқым сатып алу және көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге субсидиялар алуда. Бұған дейін айтылғандай, Панфилов ауданында бірнеше астық қабылдау пункттері салынатын болады.
Бүгінде Алматының апорт алмасы Алматы облысының брендіне айналуда. Алма алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Іле Алатауының қойнауы әйгілі апорт алмасының отаны болып табылады. Оны қайта қалпына келтіру жұмыстары әлден-ақ басталып кетті. Қазіргі таңда өлкеде 14,2 мың гектар алма бақтары бар, олардың екі мыңдайы – апорт. Биылғы жылы апорт аумағы 2,5 мың гектарға ұлғаяды. Олардан жыл сайын үш мың тонна алма жиналатын болады.
Еңбекшіқазақ ауданындағы тәжірибелі бағбан Айдарбаевтың шаруа қожалығында жекеменшік апорт бағы бар. Ол табиғи таза шырын өндірумен айналысып, өз өнімін тұтынушыларға тікелей жеткізіп беруде. Сондай-ақ, «Голд Продукт» кәсіпорыны, «Есік жемісконсерві зауыты», шаруа қожалықтары кооперацияларымен бірлесіп, жылына жеті мың тонна жеміс-консервілерін, 10 млн. литр шырын мен шараптар өндіреді. Жеміс-жидек және жүзім дақылдарын отырғызу мен олардың өсіп жетілуіне жыл сайын 200 млн. теңгеден астам субсидия бөлінді. Алдағы уақытта бұл цифрды ұлғайтатын боламыз.
Мұнымен қатар облыста сүт қабылдайтын пункттер желісі құрылмақ. Келешекте Жетісуда 12 мың малға 32 бордақылау алаңы іске қосылатын болады. Біз үшін тағы бір жауапты іс 500 млрд. теңгеден астам нарығы бар Алматы қаласын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды мәселе болып табылады. Оңтүстік астана Алматының агломерациялық ядросы екені мәлім. Сондықтан облысымыздың фермерлері тұтынушыларға табиғи азық-түлік жеткізіп беруі керек. Осыған орай ірі мегаполис айналасына логистикалық желілер құрылып, өнім сақтайтын арнайы қоймалар салынады. Оларды тиісті орындарға тарату жұмыстары да жолға қойылған. Бұл бағытта облыста 860 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Азық-түлік тауарымен айналысатын кәсіпорындар қазір 70-ке жуық азық-түлік өнімін өндіріп, Алматыны қажетті өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Қомақты күрделі салым болмай алға жылжу да, еркін даму да болмайтыны баршамызға аян. Сондықтан Елбасы шағын және орта бизнес өндірісіне инвестиция тарту экономиканы дамытудағы ең басты мәселе екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте Алматыда ірі кәсіпкерлермен кездесу өткіздік. Оларға инвестициялық мүмкіндіктерімізді таныстырып, бірге жұмыс істеуге шақырдық. Өз кезегінде олардың бизнесін еркін дамытуына барлық қолайлы жағдайлар жасайтынымызды, барлық кедергілерді жоятынымызды жеткіздік. Нәтижесінде қазірдің өзінде бизнесін кеңейтуге ұсыныс жасап жатқандар бар.
Облыстың трансшекаралық аймақта орналасуы өңірдің жан-жақты дамуына серпін беруде. Логистикалық желілер мен хаб орталықтары жөнінде және транзиттік жолдарды дамытып, облыстың әлеуетін көтеретін мүмкіндіктерді де назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз.
Асан қайғы бабамыз «Жетісу жердің жұмағы. Түгін тартсаң, майы шығады» деп бекер айтпаған ғой. Облыстың табиғаты жанға жайлы, флорасы мен фаунасы өте бай. Сондықтан бизнес жүргізуге, туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Мұндай қорды пайдаланбау мүмкін емес. Сол себепті туризмді дамытуға баса назар аударып отырмыз. Міне, дәл осы салаға кәсіпкерлер мен олардың идеялары қажет, қаржы салулары керек. Балқаш пен Алакөл көлдері өз инвесторларын күтуде. Бұл мақсаттарды орындауда Елбасының облысқа келген сапарында жүктеген тапсырмаларын негізге аламыз. Соңғы үш жылда ішкі туристер саны 1,5 есе өсіп, 240 мың адамды құрады. Дегенмен, бұл туристік әлеуеті мол біздің облыс үшін әлі де аз. Бұйыртса, туризм саласы болашақта облыс қазынасына қомақты қаржы әкелетін болады. Әйткенмен, талапқа сай инфрақұрылым жасамай оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан облыста туристік кластер құру жөнінде арнайы жоспар жасадық. Онда қажетті инфрақұрылымы бар туристік нысандар тұрғызу қарастырылған.
Қазір Алматы облысындағы инфрақұрылымдар еуропалық стандарттарға сай жасалуда. Елді мекендерді газдандыру шарасы да назардан тыс қалған емес. Екі миллионға жуық халқы бар Алматы облысының даму мүмкіндігі мол. Біз осындай тамаша жерде өсіп-өніп, қызмет етіп жүргенімізді мақтан етеміз. Жетісу топырағы қазақтың талай тарлан ұлдарын дүниеге әкелген. Бұл өңір Елбасымыздың туған жері. Бұл біздің әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, көп этносты халқымыз береке-бірлікпен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға барлық күш-жігерін жұмсап, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында еліміздің игілігі үшін қызмет ететін болады.
«Мал баққанға бітеді» демекші, облыстың мал өсірушілері осы бағыттағы жұмыстарды тиянақтылап, қуаттылығы 1,5 мың бастан асатын заманға сай мал бордақылау алаңдарын, ірі репродуктор-шаруашылықтар құруға күш салып жатыр. Сонда ғана облыс жоспар бойынша осы жылы 1 мың 700 тонна етті экспорттауды қамтамасыз ете алады. Осыған барлық күш, жігер жұмсалуы тиіс. Бұған қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда облыста «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында құрылған мал бордақылау алаңдарында 43 мыңға жуық мал басы бар. Сонымен қатар 27,5 мың бас ірі қараға арналған 457 фермерлік шаруашылық құрылып, 9 мың бас шетелден әкелінді.
Мұнда ең маңыздысы, экспортталатын ет мұздатылып өңделген, орамаға салынған қалыпта, яғни стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл мақсатта Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы бойында ет, сүт, көкөніс өңдейтін шағын цехтар, сақтау қоймалары ашылатын болады. Бүгінде 8 жер учаскісі анықталып, 1 мал сою цехы іске қосылды.
Алғашқы бесжылдық бағдарламаларында белгіленген индустриялық-инновациялық дамудың барлық мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізілініп, 283 млрд. теңгенің 48 жобалары іс жүзіне асырылған. Соның нәтижесінде өңірде жеті мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Облыс үшін жаңа фармацевтикалық саланы дамыту мүмкіндігіне қол жетті. Аккумулятор өндірісі – 1,3, бояу мен лак өндіру – 1,4, гипстен жасалатын бұйымдар және сусындар (кептірілгенімен) – 1,2 есеге ұлғайтылды.
Ағымдағы жылы 1 мың жұмысшы орнын құратын 5 жобаны енгізу белгіленіп отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында шағын және орта бизнестің 12 нысандарында жеңілдетілген несие беру мақұлданған. Қазір олардың үшеуі қаржыландырылды.
Индустриялық-инновациялық дамуды жылдамдату бағдарламасын іс жүзіне асыру шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне жол аша түсті. Шағын кәсіпкерліктің өсуі бүгінде 1,4 есеге артып, 94 мың бірлікті құрап отыр. Бұл оған 243,5 мың адамның тартылғанын аңғартады. Осы арқылы 644 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 25,4 млрд. теңгенің салығы түскен. Елбасының тапсырмасы бойынша аудандарды дамытудағы тепе-теңсіздікті жою мақсатында әрбір ауданда өнеркәсіптік алаңдарды құру ісі басталуда. Биылғы жылы шағын және орта бизнесте 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 50 жаңа өндіріс орнын іске қосу белгіленіп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша өңірде мемлекеттік қолдау арқылы 121 жобаның іс жүзіне асырылып жатыр. Алдағы уақытта жобалардың санын 150-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Елбасының «Нұрлы Жол» Жолдауының аясында өмірге келген «Нұрлы Жол – болашақтың жолы» бастамасы да өз жемісін беруде. Биылғы жылы осыған орай «Үшарал – Достық» жолында қайта құру басталады, «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Өскемен» автожолдарының учаскелерінде қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша Алматы облысында ел Тәуелсіздігімен бірге ес жиып, дамудың даңғыл жолына түсті. Алдағы уақытта да қарқынды жұмыстарымызды жалғастырып, Қазақ елінің биік белесті бағындыруына барымызды салатын боламыз.
Жетісудың жүрегі Талдықорған
Халқымыздың азаттығы мен ұлылығын паш ететін тәуелсіздік біз үшін ерекше қымбат. Біз нағыз тәуелсіздікке қол жеткізуі арқасында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолында үлкен асуларды бағындырып, әлемдік қоғамдастықта оң бағасын алдық. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Осы жылдары Қазақстанда жаңа экономикалық жүйенің іргетасы қаланып, халықтың тұрмысы мен өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Халықаралық қоғамдастық болса, Қазақстанды Кіндік Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде қабылдап отыр. Мұның өзі білген адамға үлкен жетістік. Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел ретінде көш түзеді. Ұлттық мереке тәуелсіздікті бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры – қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Демек, қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елдің тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту басты мәселе болып қала бермек. Біз қазір шын мәнінде дербестігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру жолындамыз.
Еркін елдің еңсесін тіктеп, қарқындап дамуына өз үлесін қосып жатқан Жетісу өңірі де уақытпен бірге керуен тартып келеді. Облыс орталығы саналатын Талдықорған қаласы жыл сайын тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып, жарқын болашақтың жас қаласына айналып келеді. Жетісудың жүрегі саналатын өңіріміздің бас қаласына жақында ғана Елбасы өзі келіп, әсем келбетін көзімен көріп, жоғары бағасын беріп кетті. Осындай бағаға лайық болуы да заңдылық. Облыс орталығы деген дәрежесі болғандықтан келген адамның көңілі толып, көзі сүйсінбесе, қаланың беделі бола ма? Осы орайда қалада атқарылып жатқан біршама игі істерді де атап өткенді жөн көрдім. Алматы жақтан кіре беріс қақпасынан да, шырайлы шығыстан кірер қақпадан да қаланың ажары айшықталып тұруы керек. Сол үшін абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде күндіз де, түнде де келген қонақтар шынымен де жаңарған жас қалаға келгенін сезінуде. Батыс босағадан кіретін күре жолдың бойында заманауи ғимараттар бой көтеріп, дағдарыстың емес, дамудың жолына түскенімізді айшықтап тұрғандай. Он сегіз қабатты «Көктем-гранд» қонақүйі алыстан мен мұндалап көрініп тұр. Оның айналасында жас отау құрған жандардың қуанышын еселейтін неке сарайы, мәдениетіміздің мәйегін көрсететін галерея, сонымен бірге жақында ғана қазығын қаққан өнердің қара шаңырағы театрдың бой көтеруі сұлу қаланы одан сайын көріктендіре түсетін нысандар. Күздің басында арнайы іссапармен келген Елбасы Оқушылар сарайының ашылу салтанатына қатысып, ондағы жас жеткіншектерге арналған жүздеген үйірмелермен танысып, ел ертеңі болатын өрендерге батасын беріп кетті. Қашан да жастарды ел болашағы деп назардан тыс қалдырмайтын Нұрсұлтан Әбішұлы Жастарға қызмет көрсету орталығына арнайы кіріп, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты – мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның аманатын арқалаған жастармен жүздесіп қайтты. Сонымен бірге бірнеше дүркін әлемдік деңгейдегі спорт додаларын өткізіп үлгерген Жастар спорт сарайы, жаңалықтың жаршысы болған ақпарат құралдарының қара шаңырағына айналған Журналистер үйі бәрі де жас қаланың келбетіне көрік беруде. Ашылғанына екінші жылға аяқ басқан Жастар демалыс-мәдени саябағының өзі әртүрлі мерекелік шаралар өтетін рухани орынға айналды. Айналасы жасыл желекке оранған аумағы атшаптырым саябақ жылдың төрт мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтарының демалып қайтатын орны болып қалыптасып үлгерді. Осы орайда бір айта кететін жайт – осыдан бес жыл бұрын Мұқағали ағамыздың 80 жылдық мерейтойын өткізудегі дайындық жұмыстары кезінде туған жеріне жиі бардым. Сонда байқағаным Мұқағали ағаның өлеңін тілі шыққан баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа айтады. Таңғалып, таңдай қақпау мүмкін емес. Сол кезде бір ой келді. Еліміздің батысы мен шығысы, Атырауы мен Алтайы жырларын жатқа оқып, туған халқының жүрегінде мәңгілік қалған ақынның ескерткіші туған ауылы мен мәңгілік мекен еткен Алматыда ғана емес, облыс орталығы болғандықтан Талдықорған төрінде де тұруы керек қой деп ойладым. Оның да орайы келіп, осы Жастар саябағының шығыс қақпасынан кіреберіс тұсқа қала күні мерекесінде Мұқағали ақынның ескерткішін аштық. Бұл ісіміз мұқағалишыл жұрттың көңілінен шықса, екінші жағынан елдің алғысын алып, біздің де мерейіміз бір көтеріліп қалды. Енді ол жер ақындардың жыр оқып, ән салып, күй төгетін рухани орны болып қалатыны шындық. Ал енді қаланың шығысынан өтіп жатқан Қаратал өзенінің жағасы да демалыс жағалауына айналды. Тұрғындардың бір сәт таза ауада дем алып, асау өзен жағасында сергіп қайтуына жағдай жасау мақсатында жаңа жағалау ашылып, ол да елдің ең көп баратын, кешкі, таңғы серуендерін өткізетін демалыс жағалауына айналды. Дәл сол жағалаудың қасында 350 орынды заманауи құрал-жабдықтар орнатылған емхана бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуде. Осылайша Жетісудың жүрегіне айналған Талдықорған жасампаз қала болып, жарқын болашаққа қадам басып барады. Осының барлығы ел Тәуелсіздігі мен сол егемен елдің Тұңғыш Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының жемісі.
Иә, тарих таразысымен өлшесек 25 жыл аз да, көп те уақыт емес. Кез келген жалындаған азамат 25 жаста қалыптасады. Елін, жерін, отбасын ойлайтын азамат болып жетіледі. Қазір қоғамдық өмірімізде тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген жастар белсене араласып, ортақ Отанымыз Қазақстанның даму жолына өз үлесін қосып жатыр. Бүгінде жастарға барлық жағдай жасалған. Жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, оқып, білім алуы керек. Тәуелсіздіктің арқасында талай жетістікке жеткен жастардың көргенде көңілің сүйсінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан атты ел бүкіл шетелге танылды. Сондықтан бәріміз тәуелсіздіктің қадірін түсініп, қолдағы бар алтынды бағалаудың мәні зор.
Қазақ, ежелден азаттық аңсаған ел ретінде бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азаттыққа жасалған бір қадам деп білуіміз қажет. Тәуелсіздік – ұлттық, мемлекеттік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла беретініне сенемін. Жыл сайынғы Президенттің халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, Тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси және ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті.
Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма бес жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғыртатындай қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің басты мақсаты – бұл мемлекеттілік пен Қазақстан халқы бірлігін нығайту және негізгі құндылықтар төңірегінде қоғамды шоғырландырудың тамаша мүмкіндігі деп есептеймін. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өміріміз нығайа түсетіні белгілі.
Біздің алдымызда осы жылы Тәуелсіздік мерейтойын асқан ұйымдастырушылықпен және жоғары идеологиялық деңгейде өткізу міндеті тұр. Ел тарихындағы осындай бірегей белесті толайым табыстармен қарсы алу бәріміз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жалпыхалықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беретіні сөзсіз. Жиырма бес жылдық елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.
Амандық БАТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі.
anatili.kazgazeta.kz