Отаршыл империяның қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі еліміздің көптеген жерлерінде ұлт-азаттық көтерілістердің шығуына себеп болды. Сыбанқұл - қазақтың шығыс өңіріндегі отарлауға ашық қарсы шығып, қол жинаған, қарулы қарсылық көрсеткен бірден-бір тұлға болды.
Неге «бүлікшіл» сұлтан атанды?
Әдетте, көтеріліс - мемлекеттік билікке ашық түрде, көпшілік жағдайда қарулы қарсылық көрсету акциясы, ал ұлт-азаттық көтеріліс - ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес болып табылады. Қазақстан тарихында өз орнын ала алмай жүрген Сыбанқұл көтерілісінің шығу себептері мен ауқымы, басып-жаншылуы мен маңызын қолдағы бар деректермен талдап көрейік.
Патшаның 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы» жарлығынан туындаған Шығыс өңірдегі наразылық қозғалыстарының екі кезеңі болғаны байқалады. Алғашқысы - 1824-1826 жылдары қарадан шыққан Қожагелді Атанұлы мен Тәукебай Жәпекұлы бастаған қазақ ауылдарының Қытай шекарасына қарай, Тарбағатай жаққа көшіп кетуі. Белгілі бір елдің билік жүргізетін аймағынан қоныс аударып, көшіп кету – көшпелі елде наразылық танытудың басты құралы ретінде қолданылады және ашық қарсылық болып табылады. Алғашқы кезеңде дәстүрлі ел билеушілері – сұлтандар Ресей жағында болып, бөліне көшкен жұртты қайтаруға, көтерілісті басуға ат салысқан. Ал екінші кезеңінде 1834-1839 жылдары болған қарулы көтерілісті сұлтандар, оның ішінде батырлығымен даңқы шыққан Сыбанқұл Ханқожин басқарған.
Сыбанқұл да, Сарт та Әбілпейіз ханның немерелері, Сыбанқұл Әбілпейіздің үлкен ұлы болып есептелетін Ханқожаның баласы. «Есептелетін» дейтін себебіміз, Ханқожа Әбілпейізге өгей бала болып келеді. Наймандардың билеушісі болған Барақ сұлтан (Тұрсын ханның ұлы) өлгенде, оның жесірі Шаған ханымды Әбілпейіз алған (Құрбанғали Халид. «Тауарих хамса». Алматы, 1992 ж.,169). Ханқожа Шаған ханыммен бірге ілесіп келген Барақтың баласы болғанымен, өзі Әбілпейізді әке деп қабылдаған әрі мұрагерлік жолмен билікті де сол алған (Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков, Павлодар 2006, 57). Ал Сарт Шаған ханымнан туатын Әбілпейіздің өз баласы Жошының ұлы.
Сыбанқұлдың қазақ арасындағы батырлық беделі жоғары еді. Орыс әскери шенеуніктерінің бірі Беленицкий Омбы облысы басшысына 1832 жылы қыркүйекте жазған мәлімдемесінде: «Тәкаппар, көмек іздегендерге жайсаң, достарына адал, жауларына қорқынышты, іс-әрекеттерімен еліне сыйлы, қандастары арасында даңққа бөленген Сыбанқұл, өзіне деген халықтың құрметіне масаттанып, Сарт сұлтанмен округ билігі үшін бәсекеде болды. Сыбанқұл барымтамен, қарақшылық жортуылмен айналысып, Сартты әрекетсіз адам деп кіналайтын. Саясатқа жүйрік Сарт оның билікке ұмтылған ниетін жақсы білетін, сондықтан күшпен емес, ақылмен қарсы амал қарастыратын. Нәтижесінде, қашандағыдай ұрда-жық адуындықты айлалы ақыл жеңіп шықты» - деп Сыбанқұл мен Сартқа мінездеме берген (Коншин Н.Я. Материалы для истории Степного края. Семипалатинск, 1905.2).
Аға сұлтандыққа Сарт Жошыұлы сайланып, ойлаған мақсатына жете алмаған Сыбанқұл сұлтан Қытаймен шекаралас аймақтардағы қазақ руларын орыс патшасына бағынбауға үгіттеп, жасақ жинап «бүлікшіл» сұлтан атанды. Орыс отаршыларының дуан салып, округ ашып, ел ішіне дендеп ене бастауы еркін көшіп үйренген орта жүз қазақтары арасында дүрбелең туғызды. Сондықтан, Сыбанқұлды қолдаушылар да аз болмаған.
Сыбанқұл көтерілісі туралы жазғандар (негізгі жазған Коншин) оның Ресейге қарсы қозғалысты бастап шығу себебін аға сұлтан лауазымын ала алмағандығынан, сайлауда жеңіске жеткен Сарт сұлтанмен жеке басының араздығынан деп түсіндіреді. «Шайка Сыбанкула», «хищных киргиз», «скопище» деген сөз тіркестеріне толы мұрағатта сақталған құжаттар патша үкіметінің, оның шенеуніктерінің көзқарасын білдіретіндігі айтпаса да түсінікті. Сол мұрағатты пайдаланып, көтеріліс тарихын жазғандар да басқа ұлттың өкілдері. Сондықтан бұл халықтық қозғалысты тек Сыбанқұлдың жеке басының наразылығы деп көрсету, берісі дәйексіз пікір десек, арысы сол көтеріліске қатысқан қаншама халықты ескермеу, елемеу, тіпті қорлау болған болар еді.
Бодандықтан бас тартуға үгіттеді
Сыбанқұл аға сұлтан Сартпен де шығыспай, орыс үкіметімен араздасып, Ресей ықпалындағы жерден Қытай иелігіндегі Тарбағатай өңіріне 1833 жылы кетті. Егер тек лауазымға бола өкпелесе, бар-жоғы үш жыл мерзімге сайланатын аға сұлтандықтың келесі сайлауын күту Сыбанқұлға қиын ба еді? Оның үстіне, Көкпектіден жаңадан дуан ашу туралы мәселе де көтеріліп жатқан болатын. Көкпектіні орталық жасап, округ ашу туралы ұсыныс жасап жүргендердің бірі – осы Сыбанқұлдың өзі болатын. Көкпектіде округ ашылған жағдайда егін салып, орыстан медаль алып, шаруа тындырып жатқан Сыбанқұлдың аға сұлтан болуға мүмкіндігі мол еді ғой. Тіпті, Аягөзде сайлауға түссе де, Сарт өлгеннен кейін Сыбанқұл «елдің соңы» бола қоймас еді. Сондықтан лауазымға таласу, басараздық көтерілістің басты себебі еді деу дұрыс болмайды.
Округтер ашылып, болыстар құру жұмыстары жүргізіле бастағанда-ақ орыс шенеуніктері мен казактардың озбыр іс-әрекеттерінен еркіндіктің бастан мүлдем кеткенін жұрттың көпшілігі түсінді. Түсінді де, көшпелілердің ежелгі әдетіне салып ауа көшті.
Сыбанқұл да Ресей отаршыларының шеңгелінің қатты екенін, жазылған заң мен шеттегі шенеуніктердің ісі сай емес екендігін сезісімен округтен іргесін аулақ салды. Орысқа әлі бодан болмаған теріскей Тарбағатайдағы байжігіттерге барып сұлтан болды. Сол жақта жүріп сауда керуендеріне шабуыл жасап, орысқа бағынған ауылдарды Қытай аумағына көшуге үгіттеді. Кейбір орыс билігіне қараған ауылдарға да шабуыл жасап, малдарын тартып алған кездері болды.
Қозғалыс жайындағы алғашқы деректер 1835 жылдың 29 қаңтарында назар-мұрын болысының билеуші сұлтаны Есім Жошыұлының және басқа болыстардың басқарушылары Қалифан, Самрат, Тұрсын Жошиндердің Сыбанқұл Ханқожиннің үгіттеуімен назар-мұрындардың бір бөлігінің Қытай аумағына қарай бөліне көшуге дайындалып жатқандығы туралы Дуанға жазған хабарламасынан басталады. «Султан Сыбанкул ныне откочевав в род Давке (Тәуке. Авт) Байджигитской волости находится на месте называемой Чурга (Шорға. Авт) на самой черной дороги (так киргизы называют трактовую, по которой торговцы ходить с товарами в Китайский Чугучак.) и вызвав к себе людей Назаровской волости приглашает прикочевать к нему обещая им за съе отыскать зимние и летние кочевки» (ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;) деп Сыбанқұлдың нақты тұрағы мен елді арандатушылық әрекетін баяндайды. Сонымен қоса, осы хатта Сыбанқұлдың сұлтандардың өздерін де орыс бодандығынан бас тартуға үгіттеп жүргендігін, егер орыстар тарапынан қуғын бола қалса, былтырғы күзде казактардың мылтықтарын, найзалары мен қылыштарын тартып алған қыржыларды («представляет в приказ киргиз Кирджинской волости, которая в прошлую осень отобрали у казаков ружья, копья и сабли») қорғауға жіберемін деп сендіріп жүргенін айтады. Қазіргі кезде Назар болысынан Жанай руының ширегі, осы болысқа қарайтын старшын Арабай Сағындықов басқаратын жәмбикелер де ірге көтеріп жатқандығын хабарлайды. Сондай-ақ, әр ауылдан 5-6 шаңырақтан Сыбанқұлға кеткендер бар көрінеді. Егер Приказ шара қолданбаса, болыста мал да, жан да қалмайды деп ескертеді.
Өз жұртын құтқару құрметіне той жасапты
Патша үкіметінің жақсы жолға қойылған пошта байланысының арқасында Қытаймен шекараға жақын қазақтардың «бұзылып» жатқандығы жайлы хабар ауылдан Приказға, одан әрі Семейдегі шекара бастығына, Омбыға, Тобылдағы генерал-губернаторға айналасы бір аптада жетіп, ақпанның ортасында арнайы нұсқау алған хорунжий Масласов 40 казак, бірнеше уряднигі бар жазалаушы отрядты бастап назар-мұрын болысының шегіне келеді.
Жазалаушы отряд келгенге дейін Қарғыба өзені бойында отырған қазақ ауылдарында ел ағалары кеңесіп жатқан болатын. Сыбанқұлдың тұтқынында болып келген болыс Есім Жошыұлының іс жүргізушісі Насыр Бакиевтің берген түсіндірмесі көп жағдайлардың бетін ашады. Насыр Бакиев – Есім сұлтанның дуан тағайындаған хатшысы, жасы 40-та, мұсылман, орысша, татарша да сауатты. Ол тұтқында өзін Абиловпін деп айтқан, түсініктемесінде де сол атты пайдаланған.
Оның айтуынша, назар болысының биі Тілеміс Базаров халықты Қытайға көшу райынан қайтаруды ақылдасу үшін Есім сұлтанды шақырып келуге ағайындары Қарымсақ Шағыров, Тұрсынқожа Бакин мен Тәтімбекті жібереді. Есім оларға дуанға жіберген хатына жауап күтіп отырғандығын айтып, бармайды. Қасындағы іс жүргізушісі Абиловты сондағы жиынға қатысуға поручик Тілеміс Базаровтың аулына жібереді.
Абилов келгенде Тілеміс пен оның үлкен ұлы Тана жоқ екен. Екі кіші ұлы Қожахмет пен Есенгелді қасындағы қазақтармен Абиловтың киімін шешіндіріп, өзін байлап тастайды. Бір-екі күннен кейін байлауын шешіп, оның орнына қолына темір кісен салып, жиын өтіп жатқан Тілемістің үйіне алып келеді. Көп адам жиналған үйдің қақ төрінде Тілемістің қасында Сыбанқұлдың өзі отыр екен. Тілеміс Абиловты Сыбанқұлға «не істесең өзің біл» деп береді. Сыбанқұл төлеңгіттеріне Абиловты назарлықтардың өзіне деп әдейі тіккен үйіне апарыңдар деп бұйырады.
Жиыннан келген Сыбанқұл округте қанша әскер бар, өзіңді бұл қызметке кім қойды, Масласов қанша адаммен келе жатыр деген сияқты сұрақтар қойып, Абиловты тергеуге алады. Бұған Абилов округтегі әскер саны 500 деп, әдейі өсіріп айтады. Сыбанқұл «өлтіремін» деп қорқытқан соң Масласовтың 40 казакпен келе жатқанын амалсыз айтуға мәжбүр болады. Үш күннен соң назардың билері Омбы облысының бастығы подполковник Камиевтің атына Абиловты шақыртып, хат жаздыртады. Онда: «былтырғы жылы Тілемісті ұстап алып, бізге орыс бодандығын күштеп қабылдаттырды, Есім сұлтан жазалаушы отрядты шақыртқан соң, содан қорқып біз Қытайға кетуге мәжбүр болдық. Қазір біз Қытайдың боданымыз, бұл туралы Уаң біледі. Орыстар бізге көшіп-қонатын жерді белгілеп берген жоқ, ал Уаң ондай бұйрық берді, біз сол себепті көшіп барамыз» (ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;23-28) деп, әрі ақталғандай, әрі приказдың әрекетсіздігін кінәлағандай қылып, мүлде ат құйрығын кесісетіндей қылмай, жаймашуақтатты. Сыбанқұл бір ташкенттікке хатты оқытып, тексереді де, Абиловтың өзінен Дуанға беріп жібереді.
Абилов хорунжий Масласовқа қарсы тұратын қаруланған адамдардың сол ауылдарда көп екендігін, олардың көпшілігі Сыбанқұл сарбаздары, біраз назарлар мен байжігіттер («части Назаровцы и Байджигитовцы подобная Сиванкулу грабители») деп көрсетеді. Ол Сыбанқұл астындағы атын, Тілемістің балалары табакеркасын, кашемир шәлісін, орамалын тартып алғанын, жалпы құны 157 рубльге зардап шеккенін айтады.
Жазалаушы отрядты бастап, жеделдете жеткен Масласовқа ташкенттік Аушы Ишиев деген келіп, Қарғыбадан Төлеке Қабанбаев пен Бердібектің ауылдары Нор-Зайсан көліне қарай көшкенін, олардың ары қарай Қытай асатынын, сұлтан Сыбанқұл Ханқожиннің 300-дей қарулы сарбаздарымен сонда екендігін жеткізеді. Масласов өзінің жоғарғы жаққа жазған рапортында қырда сауда жасап жүрген татарлар Искак Карбишев пен Искак Алексиевтер арқылы Сыбанқұлмен келіссөз жүргізуді талап еткенін, оған сұлтанның өзі келмей, Тілемістің ұлы Тананы жібергендігін жазады.
Масласовтың өз қолымен жазғанын сол қалпында берейік: «...Я требовал для переговоров начальника скопища, для чего и выехал сын порутчика Тилемиса Базарова Тана с 4-мя киргизами. И на вопросы мои отвечали: что он и отец его собрали такое количество вооруженных киргиз, и их природный султан Сиванкул с большим числом людей находиться здесь же, то они не боятся русского отряда. ... мои угрозы и убеждения отвечаемо было теми же словами. ... на попытки моих остановление кочевавших киргиз, скопище вооруженных в полурегулярном порядке идя по два и по три одни за другими нахвостах преграждали мне путь не начиная драки, что продолжалась и во весь день ..»( ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;31-34). Бұл қазақты менсінбей, астамсып, гуманист болғансып жазылатын басқа рапорттарға ұқсамайды. Мынадай қарсылыққа тап боламын деп ойламаған Масласов сасқанынан ба, жасқанғанынан ба, ержүрек Тананың «ә» десе «мә» дегенін «отвечаемо было теми же словами» деп, жоғарыға сол қалпында жеткізген.
Тана мырза! Ел сенделіп, ер сасқан қиын заманда халқына қорған бола білген, қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлдарының бірі. Қазақ даласын шарлаған зерттеуші-саяхатшылар Карл Струве мен Григорий Потанин, Янушкеевич пен Влангали шешендігі мен біліктілігін, мырзалығы мен батылдығын ауыздарының суы құри мақтап, үлкен адамгершілігі негіз болған кісілігі мен ел ішіндегі өлшеусіз беделіне таңданыс білдіретін атақты Тана мырза осы. Сыбанқұлдың бес қаруын сайланып келген жазалаушы отрядтың бастығына қасқайып тұрып қарсы жауап беру Танадай табанды ерлердің ғана қолынан келетінін біліп, әдейі жібергендігі де түсінікті. Қарулы қақтығысқа жібермей, казактарды тоқтату үшін Сыбанқұлдың қолданған тәсілі де ерекше. Масласовтың «полурегулярном порядке» деген сөзінен Сыбанқұл сарбаздарының атты тобыр емес, әскери тәртіпті меңгерген қарулы жасақ екендігі байқалады.
Кейіннен Қытай жағына ауып кеткен қазақ рулары Сыбанқұл ұсталғаннан кейін, қайтадан округ аймағына оралып, 1842-1858 жылдар аралығында Тана мырза назар-мұрын болысының басқарушысы болды. Бірақ патша үкіметі оған сенімсіздікпен қарап, «неблагонадежный» деген мінездеме берді. Халық арасында осыншама беделі бола тұрып, аға сұлтандыққа сайлана алмауының басты себебі осы оқиға екендігінде күмән жоқ.
Айғайлап қорқытудан да, айтып иландырудан да ештеме шығара алмаған Масласов біріншіден, қазақтардан шегінуге намыстанса, екіншіден бұйрықты орындамай қайтудың соңы не болар деп те қауіптенген болуы керек, келесі күні де келіссөзді жалғастырмақшы болады.
Қазақ жағынан қытай «уаңы» Жанбөбектің ұлы Бегалыны, байжігіттің бес биін ертіп, тағы да Тана келеді. Құжатта:«... для переговоров стоящий в китайских пределах и пришедший с 200 вооруженных киргиз для возмущения назаровцев сын жалованного Китайским Государем Увана Жанбобека Бегалы, упомянутый Тана с 5-ю биями неподведомственного Россий Байджигитовской волости» (ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;31-34) деп жазылған. Ал Сыбанқұл әскері кешегіден екі есеге көбейіп, сол тәртіппен тағы да казактардың жолын кес-кестеп жүргізбейді.
Арғы беттен Бегалының келгені Масласовтың шегініп, қайтып кетуіне таптырмас сылтау болды. «Қытай императоры тағайындаған «Уаң» келді» деп әспеттеп жазғандағы бар айтпағы: «мен қазақтардан қорқып қайтқаным жоқ. Арғы жақтан қытайдың заңды үкіметі келді, тек солармен шатақтасып, халықаралық жанжалға баруға болмайтын болды» дегенді көлденеңдетіп, өзінің бұйрықты орындай алмаған дәрменсіздігін жуып-шаю болатын. Масласовтың бұл хабарламасы Приказдың облыс алдында, облыстың генерал-губернаторлық алдындағы, ең соңы патшаның алдындағы сатылы ақталу рапорттарының тізбегіне түрткі болды.
Масласовтан серпінді қимыл күтіп отырған Жошы балаларының үміті ақталмай, Сары Шағыров басқаратын 51 үй жанайлар, Төлеке Қабанбаев басқаратын 82 үй тоқабайлар, Бердібек басқаратын 52 үй ырсақтар, Байболат Мақұлбаев, Қарымсақ Қонаевтың 34 үй сарылары, тоқабай руының старшындары Айтақ Өтербегенов, би Қырықпай Кегенбаевтың ауылдары, Тілеміс Базаров 450 үймен округ аймағынан көшіп кетті. Аягөзге келген тағы бір өкімет адамы Назаровтың рапортында Сыбанқұл өз жұртын орыс билігінен құтқару құрметіне бұрынғы қазақ дәстүрі бойынша той жасағандығы туралы жазады(ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;20).
Бұған күйінген осы болыстың (назар-мұрын) басқарушысы сұлтан Есім Жошыұлы Аягөздегі приказға тағы хат жолдады. Мәймөңкелетіп жазатын орыс шенеунігі емес, патша қызметкерлерінің қулығын әлі үйренбеген қазақ шенеунік болғандықтан «Масласов көшетін қырғыздарды тоқтатудың орнына, қорқып қайтып кетті» деп бұл ашығын айтқан.
1839 жылға дейін қолға түспеді
Осы жолғы жетістігіне қанаттанған болуы керек, Сыбанқұл орыс қарамағында қалған ауылдарға шабуылды жиілетіп жібереді. Бұл туралы мамырдың 24-де назар-мұрынның болысы Есім, құттымбет-мұрынның болысы Самрат, қыржы-мұрын болысы Тұрсын, көнші болысы Қалифан Жошиндер, айдар-кенже-мұрын болысы Қисық Тезеков, сұлтандар Уәли, Әликен Жошиндер, старшындар Айдарбек Көтебаев, Ктон Чактаев, би Құтанбай Отарбаев Сыбанқұлдың шабуылы тоқтамай тұр деп Аягөзге хабарлама түсіреді. Осы жазғандары өкіл Назаровтың: «Русское по малое численном состоянию преследовать их не будет, да китайское правительство выдать их не согласятся, каковые киргизы вверяясь пронырливости распутного Сиванкула по всюду трепещут глупое его геройство, а сей восхищаясь оным и послала в разные стороны толпы киргиз от 50 до 100 человек, разграбляет через оных наших верноподданных» (ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;29) деп жазғанымен үйлесіп жатыр.
Осы жерде екі нәрсенің басы ашылмай тұр. Соның бірі – Тана мырзаның атасы Базарды орыстар атып өлтірді деген сөз. Қалихан Алтынбаев «Көкпекті» кітабында Базардың жылқысы егінін таптағаны үшін Караваев деген тал түсте, үйінде отырғанда атып кеткен дейді (Алтынбаев Қ. «Көкпекті». -Новосибирск, 2002;15). Бірақ қай кезде атқаны, қандай дерек көзіне сүйенгені көрсетілмегендіктен нақтылы анықтау мүмкін болмады. Тананың өзі жас болса да, Тілеміс би әкесінің құнын сұраусыз қалдыра қоятын адам емес, сондықтан ол туралы құжат қалайда болуы керек сияқты. Сондықтан бұл дақпырт болуы да мүмкін.
Екінші күмән, Қожагелді батырды Ханқожа балалары бастап әкеліп, орыстарға атқызғандығы туралы. Ханқожиндердің әскер шақырған хаты болғаны да, халықтың Қожагелдінің құнын осылардан сұрағаны да рас. Сонда Қожагелдінің өз елі болып табылатын назар руы күні кеше ғана ел бастаған батырын атқызған Ханқожиндерге неге «дәстүрлі төреміз» («природный господин») деп ілесіп жүргені күдік туғызады. Хат жазып әскер шақырту бір бөлек те, бастап әкеліп, кісі атқызу бір бөлек. Шындығында, Сыбанқұлдың ол оқиғаға қатысы болмауы да мүмкін. Әйтпесе, ел билеген Тілеміс пен намыскер Тана, қаншама үй тоқабайлар кешегі ағасын атқызған адамға ілесер ме еді?
Жіберілген жазалаушы орыс отрядтарына қарсылық көрсетіп, қауіп төнгенде Қытай жағына өтіп кетіп, Сыбанқұл 1839 жылға дейін қолға түспеді.
Тобылға жер аударылып, сол жақта қайтыс болады
1839 жылы шығарылған жазалаушы отряд жергілікті қазақтардың жол сілтеуімен Тарбағатай тауының бөктеріндегі Сыбанқұлдың тұрағына тез жақындап келеді. Жақындаған сайын отрядқа қазақ жасақтарының топтасқан шоғырлары да жиі ұшыраса бастайды. Сыбанқұлдың межелі тұрағына 15 шақырым қалғанда, жазалаушы отряд оның жасағымен бетпе-бет кезігеді. Сыбанқұлдың сарбаздары түрке мылтық, қылыш, найзамен қаруланып, әрқайсысында қос-қос аттан, бірнеше әскери бөлімдерге бөлініп орналасқан екен. Екі шақырым қалғанда Крайкин Сыбанқұлмен келіссөз жүргізуге ниеттеніп, оған екі қазақ старшынын жібереді. Сыбанқұл келіссөз жүргізуге екі жасақтың дәл ортасын таңдайды және уәдесінде тұрып, сол жерге келеді. Крайкин Сыбанқұлға оның кезінде бодан болуға өзі ант берген Ресей қарамағындағы адам екенін есіне салып, сол себепті үкіметтің заңды талаптарын орындауға шақырады. Маңайына жиналған халықты босқа арандатпай ауылдарына қайтаруды талап етеді. Сыбанқұл бұл ұсынысқа жалпы қарсы емес екенін, соңына ерген рубасылармен кеңесіп барып, жауабын беретінін айтады. Бірақ әскеріне қайтып барған соң, Сыбанқұл өзінің 2000 сарбазын жауынгерлік сапқа тұрғызып, мылтықтан оқ жаудырады. Жазалаушылар зеңбіректен екі дүркін доп атқанда, қазақтар қаша жөнеледі. Соңынан түре қуған жазалаушы 100 казак Сыбанқұлдың жұртындағы үйлердің бірінен, белгісіз себептермен қалып қойған Сыбанқұлдың әйелін тауып алады. Қашқан жасаққа ілесе алмаған екі қазақ тұтқыннан жауап алғанда, Сыбанқұлдың үй-іші мен малдарын екі күн бұрын Қытай асырып жібергені белгілі болады. Сыбанқұлдың әйелін құтқармақшы болып келген 11 адам да қолға түсіп, орыстар жиыны 20 адамды тұтқынға алып, 636 жылқы, 750 сиыр, 230 түйе мен 9800 қой олжа түсіреді.
Сыбанқұл тез арада қайтадан жасақ жиып қамданғанымен орыс жағы Сібір генерал-губернаторының бұйрығымен Көкпекті бекінісінен жүзбасы Портнягин, Аягөзден жүзбасы Нюхалов бастаған шекаралық екі отрядты екі жақтан аттандырды. Жансыздар арқылы Сыбанқұлдың Қатынсу бойында отырғанын білген олар екі жақтан келіп қоршауға алды. Шекаралық отрядтарға көмектесуге маңайдағы болыстардың сұлтандары өз сарбаздарымен келтірілді. Олардың ішінде сұлтандар Солтабай Бопыұлы, Самрат Жошыұлы, қарадан шыққан Қисық Тезеков және тағы басқалар болды.
Қоршауда қалған Сыбанқұл Портнягиннің ташкенттік Аушы Ишиев арқылы жолдаған ұсынысын қабылдап, келіссөзге отрядтан бір шақырым жерге келуге уәде береді және Портнягиннің қасына Ишиевтен басқа ешкімді ертпей жеке келуін талап етеді. Сыбанқұл кездесуге уәделі жерге келгенде, Портнягин оның жасағы мен мал-мүлкін Қытайға қарай жылжытып жібергенін естіп, сол арада тұтқынға алады. Қолма-қол қашқан қазақтардың соңынан қуғыншыларды аттандырады. Қуғыншылар көптеген малды олжалап, осы жолы Сыбанқұлдың келінін қолға түсіреді.
Сыбанқұл тұтқынға түсісімен маңайына топтасқандар жан-жаққа бытырап кетеді. Бір кезде Аягөз округінен кеткен біраз елімен Сыбанқұлдың ұлы Абдулхан Солтабай Бопинның ара ағайындығына жүгініп, өздерін қайтадан округ құрамына қабылдауды сұрайды. Көп ұзамай қалған Ханқожиндер де Портнягинге елге қайтуға ниет білдіріп, кісі салып, хат жолдайды. Сыбанқұл 1839 жылы Тобылға жер аударылып, сол жақта көп ұзамай сүзектен қайтыс болды.
«Әряидәй, арбаның дөңгелегі,
Кейін қалды аулымның бір бөлегі.
Кейін қалмай қайтеді бір бөлегі,
Шыдатпады кәпірдің зеңбірегі». Ел ішінде айтылып келген осы өлең, сол күндерден, Сыбанқұл ердің заманынан қалған.
Отаршылдыққа қарсы қазақ даласының барлық аймағын қамтыған XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы ірілі-уақты қозғалыстарды сараптай келе, Н.Коншиннің мына пікірімен келісуге болады: «Кенесары Қасымов қай қырынан алып қарасаң да, далада толқу тудырған Құдайменді Ғазин, Сыбанқұл Ханқожин сияқты көсемдерден әлдеқайда биік тұрған ұлы тұлға. Олардың бәрі рулық деңгейден әрі көтеріле алмады, тек Кенесары Қасымовтан ғана біз қазақты ру тұрмақ жүзге де бөлмейтін, тұтас ұлттың саяси бірлігін арман еткен шын мәніндегі халық батырының бейнесін көреміз» (Коншин Н.Я. «Материалы для истории Степного края» емипалатинск, 1905.,75).
Батыс Сібірдің зерттеушісі И.Завалишин: «Біздің күндей күркіреген зеңбірегіміздің дауысы олардың зәресін ұшырады, әскеріміздің үнемі сәтті болатын жеңісті жорықтары даладағы жабайы еркіндіктің келмеске кеткенін оларға ұқтырды» (Завалишин И. Описание Западной Сибири. Сибирско-Киргизская степь.Том 3. –Москва, 1867.,45) деп масаттана жазды. Ол айтқандай, жеңіс әкелген қару мен әскердің мықтылығы емес, жалпы көшпелілер дәуренінің өткені мен оңтүстігіміздегі мұсылман елдерін жайлаған ғасырлық саяси-экономикалық дағдарыстың әсері еді.
Округтегі дүрбелеңді басуға ат салысқандар орыс үкіметі тарапынан атаусыз қалмады. Белсенділік танытқан адамдардың еңбектерін көрсетіп, наградаға ұсынады. Олардың ішінде Крайкиннен басқа Солтабай Бопин, Самрат Жошин, Қисық Тезеков, Бекқожа Юсунбаев пен Абдолла Сартов болды.
Бұл наградалар патша әкімшілігінің ел ішіндегі беделді адамдарға қарсы «қамшы мен пірәндік» саясатын қатар қолданғанының нақты белгісі. Шындап келгенде, осы марапатталғандардың қай-қайсы болмасын әлеуетті «Сыбанқұл-Кенесарылар» деуге болады. Құрығы ұзын, айласы мол, саясаты алысты көздеген Ресей үкіметінің елдің бас көтерер тұлғаларының ішіндегі ымыраға келмейтіндерін қорқыту үшін көзін құртып, басқаларын марапаттап қойып, алдап ұстауға тырысқандығы байқалады. Көтеріліс өз мақсатына жете алмағанымен, Сыбанқұл көтерілісінің тарихи маңызы да болды; патша шенеуніктері мен казактардың бейбастақ әрекеттеріне тыйым салуға, жергілікті халықтың көшпелі тіршілігіне байланысты туындайтын (көшіп-қону) жағдайларға түсіністікпен қарауға мәжбүр етті.
Сыбанқұл сұлтанның көтерілісі туралы деректер тым аз. Негізінен Коншиннің жазбаларында ғана біршама баяндалған. Онда да Коншин патшалы Ресей шенеуніктерінің біржақты астам көзқарастағы деректерін пайдаланған. Сондықтан бұл материалдар Сыбанқұл көтерілісі туралы нақты тұжырым жасауға жетімсіз. Мұрағат құжаттарында Сыбанқұлдың өзі жазған хаттары мен оның есімінің салыстырмалы түрде жиі кездесуінен-ақ сұлтанның батыр, әрі қайраткер адам болғандығы байқалады. Сондай-ақ, деректер орыстардікі болғандықтан көтеріліс ауқымы да, іс-әрекеттері де тым қарапайымдандырылып, «дүркіреп қашқан тобыр» бейнесінде берілген. Аздаған сараң деректердің өзінен (жүзбасы Черемшевқа шабуыл, заседатель Павлиновқа қарсылық, 2000 әскерді сапқа қойып оқ жаудыру) қарсылықтың қатты болғандығы байқалады. Бір қызығы орыстар ешбір жерде өз шығындары туралы деректер көрсетпейді. Сонда 2000 сарбаз оқты далаға атқан ба? Осы жазбалардың бәрінен Биғаш ауылының тұрғыны, 1928 жылы туған, Алпысбай Наурызбаев ақсақалдың колхоздастыру туралы бір әңгімесінде: «Атақты Сыбанқұл көтерілісі сарбаздарының ерлік аңыздары ел ішінде әлі де өшпеген кездер еді-ау, сол заман» деген сөздерінің құны жоғарыдағы жазба деректерден кем емес. Демек, күні кешеге дейін Сыбанқұл мен оның жауынгерлерінің ерлік істерін ел есте сақтап келген.
Сыбанқұл сұлтанның өзінен әлдеқайда қуатты жауға қаймықпай қарсы тұрған ерлігіне шәк келтіруге болмағанымен халық қорғаны, ел тірегі болды деп те айту қиын. Әсіресе, қазіргі кезде көмескі деректерге сүйеніп қолдан қаһарман жасау да, ескерусіз қалдыру да қиянат. Түптеп келгенде, қарулы көтеріліске шыққан Сыбанқұлдың да, аға сұлтан, болыс болып қызмет еткен Сарт, Бопы, Солтабай және тағы басқа сұлтандар мен қарадан шыққан билеушілердің де іс-әрекеттері отаршылдық езгі жағдайындағы шарасыздықтан, жол таппай қиналған амалсыздықтан туындаған еді. Сондықтан да бұларға бірін батыр деп, бірін сатқын деп қарамау ләзім. Қайта оларға халқымыздың тарихында елеулі із қалдырған, отарлау кезеңінде тығырыққа тірелген елге тірек болған тұлғалар деп қарау дұрыс болар. Ал Сыбанқұл бастаған көтеріліс - ХІХ ғасырдағы патша отаршылдығына қарсы ауқымды көтерілістердің бірі, сондықтан Қазақстан тарихынан өзінің тиісті орнын алуға тиіс.
Мұхаметбек Асылбеков,
Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы,
Ғалымбек Базарбеков,
Семей мемлекеттік медицина университетінің тарихшысы.